Теректі әулие петроглифтері

Сипаттамасы

Жартас өнерінің ескерткіші. Ескерткіш Жезқазған қаласынан шығысқа қарай 90 км, Теректі темір жол станциясынан солтүстік-батысқа қарай 20 км жерде орналасқан (Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы).

Жартас суреттері Теректі әулие археологиялық кешенінің негізгі құрамдас бөлігі болып табылады. Жартастағы суреттерден бөлек археологиялық нысанға неолит дәуіріне жататын тұрақ, қола дәуіріне жататын қоныстарының орындарын, ерте темір ғасырының және көне түркі дәуіріне жататын молалар тізбегін жатқызуға болады. Теректі әулие жартастары маңында сәулетті келбеттегі діни-мемориалды этнографиялық кешендер орналасқан. Бұл – саз балшықты кірпіштерден тұрғызылған найман руының бағаналы мен балталы тармағына жататын кесенелер мен мазарлар.

Теректі әулие жайлы ең алғашқы мәліметтерді орта ғасырдың деректерінен кездестіруге болады. Теректі әулие петроглифтері жайлы алғаш рет IX–XI ғ.ғ. бірнеше араб зерттеушілері атап өткен.

Ұлытау тауларынан табылған адам табанының сурет іздері әл-Идриси, әл-Бируни және Исхак ибн әл-Хусайнның жазбаларынан кездестіруге болады, олар мүмкін әл-Джахайни жазбаларынан алған шығар. Аталған араб зерттеушілерінің сипаттамасында берілген петроглифтердің реті мен орналасқан жері Теректі әулие ескерткішіне ұқсас келеді.

Теректі әулие ескерткішінің ашылуы мен ғылыми зерттеу жұмыстарының басталуын 1946 жылғы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының осы өңірдегі жұмыстарымен байланыстыруға болады. Теректі әулие петроглифтері жайлы қысқаша мәлімет Ә.Х. Марғұланның зерттеулерінде берілген. 1996 ж. Ж. Құрманқұловтың басшылығымен ескерткіште кешенді зерттеу жұмыстары басталады. Зерттеу жұмыстарын кейінен З. Самашев жалғастырып арасына үзіліс салып кейін 2013 ж. аяқтайды.

Тастағы суреттер жазық даланың ортасында, екі негізгі және бірнеше тегіс келген тас төбелерде орналасқан. Батыстан-шығысқа қарай тізбектеліп орналасқан сурет тер бейнеленген шоқылар тегіс келген жоталардан тұрады. Суреттердің негізгі шоғырланған алабы жартастың оңтүстік және оңтүстік-батыс баурайында орналасқан.

Теректі әулие петроглифтерінің бейнелеу сипатының желісін қола дәуірінен бастап ежелгі түрік дәуіріне дейін үздіксіз жалғасып келе жатқандығынан байқалады.

Петроглифтердің басым көпшілігі қола дәуіріне жатады. Қола дәуірінде қашалған бұл тастағы жануарлардың бейнесі мен аймақтың өзіндік ерекше орналасуы бұл жердің ашық аспан астындағы рухани қасиетті орынға айналуына толық мүмкіндік береді.

Теректі әулие петроглифтерінің негізгі бейнелерінің бірі ол тұлпар бейнесі, бұл бейне суреттердің 90% басым көпшілігін құрайды. Тұлпар бейнесі айналым принципі бойынша топ композициясы мен жекеленген бейнеде де кездеседі. Осындай композициялардың арасында ойықталған шеңберлер жүйесі ғарыштық немесе құрбандық шалу рәсімімен байланысты болуы мүмкін.

Теректі әулиеде бейнеленген жылқылар стилистикалық белгілерінің тұрақтылығымен ерекшеленеді, оларды ғалымдар «сеймин- турбин феноменіне» жатқызатын пышақтар мен қанжарлардың сабында және тастан жасалған асатаяқтарда бейнеленген жылқылардың мүсіндерімен ұқсатуға болады. Бірінші топта тіркелген жылқы тұяғының бейнесі парциалды құдірет немесе құрбандыққа шалынған жануардың мифологемалық жолымен байланысты болуы мүмкін. Бірлі-жарым антропоморфты суреттер бейнеленген Теректы әулие петроглифтері айтарлықтай таңбалармен толықтырылады, оның ішінде адам табанының ізі бірқатар мифологиямен байланысты және де оның сиқырлы-ғұрыптық мәндері бар болуы да ғажап емес.

Қос өркешті түйе мен бұқаның бейнесі де көп құрамды шеңбер композициясына жатқызылады. Ерекше суреттелген нысанға салт атты екі аяқты күйме арбалар және қола дәуірінен сақ дәуірі арасындағы өтпелі кезеңге жататын құс басты бұғылар бейнелері жатады.

Жартас құрамының ерекшелігі суреттерді белгілі эскиз бойынша ұрып, қашап бейнелеп содан соң мұқият тегістеуге мүмкіндік берді. Кей жағдайда ежелгі шеберлер бүкіл тас бетін жазықтық бойынша тегістеп, оған сурет және сюжетті композицияларды құрып бейнелеген. Ерте темір дәуірі мен көне түрік дәуірінде суретшілер тегістеп қашау әдісін іс жүзінде қолданбаған деп айтуға болады.

Теректі әулие петроглифтері туризм нысаны болып табылады.

Деректер

  1. Кумеков Б.Е. Государство кимаков IX–XI вв. по арабским источникам. – Алма-Ата: Наука, 1972. – 156 с.
  2. Маргулан А.Х. К изучению памятников района р. Сарысу и Улутау // ВАН КазССР. – 1948. – № 2 (35). – С. 53–60.
  3. Самашев З., Байтлеу Д., Курманкулов Ж. Теректы Аулие – памятник наскального искусства Центрального Казахстана. – Астана: издательская группа филиала Института археологии им. А.Х. Маргулана, 2013. – 240 с.
  4. Самашев З., Курманкулов Ж., Жетыбаев Ж. Петроглифы Казахского мелкосопочника // Международная конференция по первобытному искусству: тез. докл. – Кемерово, 1998. – С. 116–118.
  5. Источник фото к статье. Интернет-ресурс: https://www. google.ru/maps/
Толығырақ

Суреттер


Кіру