Шайтанкөл (Әулиекөл)
Сипаттамасы
Қарқаралы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 5 км жерде, теңіз деңгейінен 1200 м биіктікте Бұғылы тауында орналасқан (Қарағанды облысы). Ұзындығы – 60 м, ені – 40 м, орташа тереңдігі – 2 м. Суы – мөлдір, түбі – тастақ. Көл еріген қар, жаңбыр суымен толығады. Оңтүстік, батыс, солтүстік жағаларын қоршап тұрған жартастардың биіктігі 10 м-ден жоғары. Жауын-шашын мол мезгілдері су шарасынан асып, оңтүстік жағынан науа тәрізді арнамен ағып кетіп отырады. Көл құрғамайды. Жан-жағын қарағай, қайың, терек, таңқурай, тасжарған, тобылғы, тағы басқа өсімдіктер көл суын буланудан сақтап тұрады. Көлдің қайдан пайда болғаны жұмбақ күйінде қалып отыр, себебі оған су келіп кететін арна жоқ.
Шайтанкөл туралы ел аузында қилы-қилы аңыз көп. Жергілікті қазақтардың айтуынша, оның әуелгі аты Әулиекөл болыпты. Жұрт киелі санап, дертіне дауа іздегендер, шыр еткен нәрестенің дауысына зар аналар келіп құрбандыққа мал шалып (жылқы, қой), құран оқып, жағасындағы ағашқа ақтық байлап жүріпті.
Деректердің орыс тіліндегі нұсқасында көлдің бастапқы қазақ тілінде берілгендей Әулиекөл деп аталады. 1905 ж. шыққан «Семипалатинский листок» газетінде Қарқаралы қаласының тұрғыны А. Тысяцкийдің орыс жазушысы М.М. Пришвинге айтқан әңгімесінде: «екі адам Бұғылыға қарай жаяу аңға шығады. Олар тау етегіне іліге бергенде жанындағы ілесіп келе жатқан иттері жақын жерде жүрген бұғыларды көріп қуа жөнеледі. Әлден уақытта аңшылар тау басындағы көлге тап болады. Бұғыны қолға түсіріп, сойып, тұздайды, өздері жаяу жүргендіктен ертең атпен келіп алып кетпекші болып, сол жерде қалдырып кетеді. Алайда келесі күні атпен келген олар көлді таба алмай ұзақ жүріп қалады, сонда: «Шайтан алғыр бұл көл қайда кетті?!» – деп қынжылады. Содан былай Әулиекөл «Шайтанкөл» деген екінші атқа ие болады. Бірақ халық жадынан көлдің бастапқы әдемі атауы өшкен емес. Революцияға дейінгі кезеңде «Қарқаралы маңындағы Әулиекөл» деген атаумен архив құжаттары мен фотографиялық материалдарда кездеседі.
Жазушы Сәбит Мұқанов өзінің «Сұлушаш» поэмасында Алтай мен Сұлушаш атты қос ғашық осы көлге келіп паналағанын жазады. Соңдарынан қуған қуғыншылар жастарды таба алмай қарағайлы орманға өрт қойған кезде, ну орманның ішінен жолбарыс шығып, Сұлушаш жыртқыштың тырнағынан қашып құтылам деп осы көлге батып кетеді. Жазушы бұл деректі кезінде жергілікті қазақтардан жазып алған екен. Бұл Солтүстік Балқаштың ну қамысын мекен еткен тұран жолбарысы туралы айтылса керек.
Өлкетанушылардың және көптеген жергілікті тұрғындардың пайымдауынша, Әулие- көл бертінде, ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында ғана, Қарқаралы қаласы мен оның маңайында Ресейден қоныстанушылар келе бастағанда «Әулиекөл» «Шайтанкөл» деп атала бастапты. Бұл көлдің бұлай аталуына мүмкін оның адам аяғы баса бермейтін биік асуда, тасқа өскен ағаштар мен жартастар қоршап тұрғаны негіз болған шығар. Таудағы бұл көлді көрген адамдар оны «бүкіл жұмбақ, түсініксіз құбылыстар – шайтаннан» болады деген қағиданы ұстанып бұл көл «шайтандікі» деп кеткен екен.
Әулиекөлдің шынайы атауы Кеңес үкіметі тұсында «әулие» сөзі болғандығы үшін көп айтыла бермеді. БАҚ-та, кітап, газеттерде осы Шайтанкөл атауы қолданылады. А. Тысяцкийдің көлді таба алмаған аңшылар туралы әңгімесі сияқты әлі де ел арасында кей күндері көлді таба алмай қайтқан адамдар кездеседі, себебі ол кей күндері жоқ болып кетіп, келесі күні аяқ астынан пайда болады.
Бүгінгі таңда бұл жерге көптеген зиярат етушілер мен туристер келіп тұрады. Көлдің ғылыми, тарихи, туристік маңызы зор. Жыл дың әр мезгілінде, әсіресе, жаз айларында көршілес мемлекеттерден, еліміздің әр түкпірінен саяхатшылар, туристер, зерттеушілер көптеп келеді. Әулиекөл-Шайтанкөлдің алып жатқан аумағы Қарқаралы мемлекеттік ұлттық саябағының Таулы орман аймағына кіреді.
Деректер
- Джумагельдинова Д. Легенда об озере Шайтанколь // Нива. – 2008. – № 2. – С. 189–191.
- Қазыбек би. Энциклопедия / Гл. ред. Н. Дулатбеков, отв.ред. М. Хамзин. – Қарағанды: Болашақ баспа, 2013. – 696 с.
- Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. – Алматы: Атамұра, 2006. – 584 б.
- Ләмбекұлы С. Қарқаралы. – Астана: Фолиант, 2011. – 280 б.
- Муканов С. Стихи и поэмы. – Алма-Ата: Казгосиздат, 1960. - С. 312-320.
- Мустафин Е. Возрождение // Наша ярмарка. – 2005. – № 17. – С. 13.
- Новиков В. Созерцание чуда // Азия Транзит. – 1999. – № 40. – С. 5.
- Попов Ю.Г. Каркаралы. – Алма-Ата: Кайнар, 1981. – 184 с.
- Попов Ю.Г. Каркаралинские узоры. – Алма-Ата: Жалын, 1976. – С. 104.
- Рыжкова Н.И. Кто разгадает тайну озера? // Казахстанская правда, 2016, № 77, с. 11.