Айғырлы-2 ғибадатханасы
Сипаттамасы
Б.з.д. V– IV ғ.ғ. Таушық ауылынан батысқа қарай 17,5 км жерде орналасқан (Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы).
Ғибадатхана ғұрыптық құрылыс пен ғибадатханадан тыс нысандардан тұрады. Ғұрыптық құрылыстың бастапқы диаметрі 14,5–15,1 м, биіктігі 4 метрден астам болды. Ғұрыптық құрылыс әуелде үш сатылы құрылымнан, яғни әртүрлі өлшемді екі тас қабырға және күмбезден тұруы мүмкін. Сыртқы және ішкі қабырғалар арасындағы кеңістікте тағы бір қабырға тіркелген, оның диаметрі – шығыстан батысқа қарай 11,6 м, солтүстіктен оңтүстікке қарай 12 м. Ішкі бөлменің төбесі күмбезді болуы мүмкін. Осының барлығын ескере отырып, сыртқы қабырғалардың биіктігі 1,8 және 2,5 м, ал күмбездің биіктігі 4 метрден кем емес деп топшылауға болады.
Ішкі бөлме әлемнің төрт бұрышына бағытталған крест пішінінде салынған. Өлшемі – шығыстан батысқа қарай 5,1 м, солтүстіктен оңтүстікке қарай 6,3 м. Крестің оңтүстік тармағы ұзартылып, кіреберіс шахта-құдықпен біріктірілген. Ішкі қабырғалардың сақталған биіктігі – 1,3–1,5 м. Ғұрыптық құрылыстың ортасында қырынан қойылған тақталардан тұратын төртбұрышты құрбандық шалатын орын болған. Ғұрыптық құрылыстың ішкі еденінен оттың, шұңқыр немесе ор іздері байқалмайды.
Ғибадатхананың оңтүстік қабырғасында ежелгі жер қабаты деңгейінен 1 м биіктікте бөлмеге кіру орны тіркелген. Кіреберіс дәліз көлденең жатқызылған тастар мен топырақ қабатымен толтырылған. Кіреберіс дәліз солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталған, ұзындығы – 2,5 м, ені – 0,5–0,6 м. Есік екі тік орнатылған ірі тас тақтамен шектелген. Дәліздің шығыс және батыс қабырғалары көлденең тақталармен қаланған. Табалдырық деңгейінен төменірек ішкі ғибадатхана еденіне дейін құрастырмалы саты қалдықтары анықталған, мұны кейінірек, адамдарды жерлеу кезінде жасауы мүмкін.
Ғибадатхана айналасынан әртүрлі өлшем мен пішіндегі жеті нысан тіркелген. Ғибадатханадан тыс орналасқан нысандардың хронологиясы мен кімге тиесілігін анықтау қазба заттарының жоқтығы салдарынан мүмкін болмады. Бұл зерттелген ескерткіштер шоғыры құрбандық шалу мен еске алу құрылыстарының орны болуы мүмкін. №3 нысанның солтүстік бөлігін зерттеу барысында құрбандық тасы анықталды.
Алынған материалдарды талдау ғұрыптық құрылыс белгілі бір уақыт өткен соң екінші рет жерлеу орны ретінде қайта пайдаланылған деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Бұған табылған екі-үш адамның сүйек қаңқасы, қолдан жапсырып және шарықта жасалған қыш ыдыс бөліктері, моншақтар, жебенің қоладан жасалған ұштары, ұршық, күйдірілген домалақ тастар, қой сүйектері және т.б. дәлел бола алады. Мәйіттердің мұнда құрылыстың қирауына дейін жерленгендігін 0,2 м дейінгі қалыптасқан үйінді топырақ қабаты меңзейді. Сүйектердің шашылып жатқан реті жерлеудің тоналғандығын білдіреді.
Нысан ерте көшпелілер дәуірінде болған ғибадатхана, далалық өркениеттің негізі қалан ған кездегі салт-жоралғы өткізетін ғұрыптық орын ретінде киелі екендігін білдіреді. Ескерткішті зерттеу сак-скиф дәуірі тұрғындарының діни-мифологиялық танымдарының кейбір бағыттары мен материалдық мәдениетін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Республикалық маңызы бар археологиялық ескерткіш. Туризм нысаны.
Деректер
- Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағы. Маңғыстау облысы. – Өскемен: AsT prime, 2012. – 255 б.
- Онгарулы А., Киясбек Г., Кызырханов М., Каирмагамбетов А. Святилище Айгырлы 2 на Мангыстау (предварительные итоги) // Религия и система мировоззрений древних и средневековых номадов Евразии. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2016. – 152 с. – С. 93–106.
- Онгарулы А., Ольховский В.С., Астафьев А., Дарменов Р. Древние святилища Устюрта и Восточного Приаралья. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2017. – 320 с.