Бәйте ғибадатханалар тобы
Сипаттамасы
Б.з.д. V– II ғ.ғ. Бейнеу–Маңғышлақ темір жол тармағының № 6 бекетінен 12 км оңтүстікте, Сайөтес бекетінен солтүстік-шығысқа қарай 50 км жерде орналасқан (Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы).
Бәйте 1, 2, 3 деп аталатын үш ғибадатханадан тұрады. Кешеннің құрамына негізгі ғұрыптық құрылым, обалар, құрбандық орындары, еске алу орындары, адам бейнелі тас мүсіндер кіреді. Ескерткіштер араларын сай лар бөліп жатқан биіктіктерде орналасқан.
Ғибадатхана батыр бабалар ерлігі мен әскери билеушілер культімен тығыз байланысты. Бәйте ғибадатханасының әрқайсысында 25–30 тас мүсіндер тұрған деген болжам бар. Мүсінтастар Бәйте-1 және Бәйте-3 ғибадатханаларының оңтүстік, оңтүстік-батыс жағында кездеседі. Тас мүсіндерде марқұмның жерлестері бейнеленуі мүмкін және ата-баба рухының мекені саналған болса керек. Мүсіндерді сомдауда оның жауынгерлігін, жеке ерекшелігін және жас мөлшерін де барынша анық беруге тырысқан. Мүсіндердің иконографиясы да ерекше: жауынгер ер адамның мүсінінде бойы толығымен, оң қолы төмен түсіріліп, сол қолы шынтағынан бүгіліп, ішіне қапсыра ұстаған күйінде бейнеленген. Антропоморфты тас мүсіндердің беті батысқа немесе солтүстікке – аңыздағы «өлілер мекеніне» қарай бағыттала орналасқан. Әртүрлі құрбандық тастары мүсін тастарға жақын маңда орын алған. Ежелгі түсініктер бойынша, діни абыздар салт-жоралғылар өткізу арқылы ата-бабалар рухымен тілдесіп, әлемдік тыныштық пен үйлесімділікті қалпына келтіреді.
Бәйте-3 ғибадатханасы бес ішкі бөлмеден, тас баспалдақ, құрбандық орны мен тас еденнен тұрады. Ғибадатхананың сыртында тас қаландылар, тас үймелер (53), құрбандық орындары (20), тас мүсіндердің қалдықтары, жекелеген жәдігерлер (жебенің ұшы, темір бұйымдар т.б.) табылған. Сондықтан да ғибадатхананың негізгі киелі аумағы ретінде оңтүстік-шығыс, оңтүстік және оңтүстік-батыс бөліктері саналады. Құрылымның сыртқы тұрқы екі сатылы цилиндр және күмбез тәрізді болып келген.
Құрылымның бастапқы диаметрі 18,9 м. Ғибадатхананың биіктігі шамамен 10 м болған және ортасында ойық тесікті күмбезі болған. Құрылыстың барлық қабырғаларының бөліктері бір жүйеге негізделіп жоспарлы түрде тұрғызылған. Трапеция тәрізді бөліктерінің әрқайсысы үш қабырғадан және ортаға қарай өтетін жіңішке кіретін орындардан тұрады. Баспалдақ (ұзындығы – 3,6 м, ені – 0,8–0,9 м) шеңбер тәрізді 2,3 м биіктіктегі қабырғадан құрылыстың ортасына дейін барады. Орталық бөліктің қақ ортасында көлемі төртбұрыш келген дәстүрлі Үстірт ғибадатханаларының құрылысына ұқсас тас құрбандық тақта орналасқан. Блоктар мен тақта тастар бірі- біріне тығыз қаланған және арасына салынған балшықтың іздері де байқалмайды. Кейінірек ішкі қабырғаларына б.з.д. III ғ.–б.з. I ғ. жататын сармат кезеңімен мерзімделетін таңбаларға ұқсас белгілер қашалған.
Республикалық маңызы бар археологиялық ескерткіш. Туристік нысан.
Деректер
- Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағы. Маңғыстау облысы. – Өскемен: AsT prime, 2012. – 598 б. – 269–272-бб.
- Ольховский В.С. Монументальная скульптура населения западной части евразийских степей эпохи раннего железа. – М.: Наука, 2005. – 299 с.
- Ольховский В.С., Галкин Л.Л. Культовый комплекс на Устюрте (предварительное сообщение) // СА. – 1990. – № 6. – С. 196–206.
- Онгарулы А., Ольховский В.С., Астафьев А., Дарменов Р. Древние святилища Устюрта и Восточного Приаралья. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2017. – 320 с.
- Самашев З., Кушербаев К., Аманшаев Е., Астафьев А. Сокровища Устюрта и Манкыстау. – Алматы: Археология, 2007. – 400 с.
- Самашев З., Оңғар А., Оралбай Е., Қиясбек Ғ. Қызылүйік ғибадатханасы. – Алматы: Археология, 2011. – 200 б.