Қосқұдық керуен сарайы
Сипаттамасы
XIV ғ. Бейнеу ауылынан солтүстікке қарай 68 км жерде, Есетмола зиратымен іргелес орналасқан (Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы).
Алтын Орданың ханы Өзбек (1312– 1340 ж.ж.) билік құрған кезеңде, ғаламат, үлкен керуен сарайларымен жабдықталған, Үстірт арқылы өтетін керуен жолы маңызды орын алған. Үргеніштен шығатын сауда керуені Жайық арқылы Сарайшыққа жетіп, әрі қарай Еділ бойындағы Алтын Орда астанасы Сарай Батуға бағытталатын. Қазіргі таңда сегіз керуен сарайы анықталды, оның бесеуі қазіргі Қарақалпақстан аумағында орналасқан. Олар Үшқұдық, Әжікелді, Белеулі, Қосбұлақ және Шұрық сарайлары. Қазақстандағы Үстірт жонында осы секілді Күше, Бесбұлақ (Белдеулі) құдықтары мен Есетбұлақ (Қосқұдық) бұлағы маңынан үш құрылыстың қалдығы анықталды. Қосқұдық керуен сарайының қирағанына қарамастан, онда алып ғимараттың түпнұсқа түрін болжап білуге мүмкіндік беретін құрылыс элементтерінің барлығы дерлік сақталған. Ол Қазақстандағы таспен қалау сәулетшілік өнерінің жарқын және бірегей үлгісі болып табылады.
Шаруашылық-тұрмыстық құрылысы және ілеспе зираты бар Қосқұдық керуен сарайы Мыңсуалмас аймағының солтүстік-батыс шатқалындағы Үстірт жонының шетінде орналасқан. Керуен-сарайдан шамамен 1 км солтүстікке қарай тікелей жонның кемерінен алшақтау жерде шағындау Есетбұлақ бұлағы бар. Бұлақ аумағында қызыл саздан жасалған шарықта жасалған керамикалардың сынықтары кездеседі.
Керуен сарайды 1950 ж. алғаш рет С.П. Толстовтың басшылығымен КСРО ҒА Хорезм экспедициясы зерттеген. Құрылыс өлшемдерін 2006 ж. А.Е. Астафьев пен М.Д. Қалменов алған.
Құрылыстың қалдықтарынан қабырғадағы тастарды ажырату кезінде тасты-топырақты дуал жақсы байқалады. Қабырғалар екі қатар тігінен орнатылған, ішкі кеңістігі тасты топырақпен толтырылған, қалыңдығы 15–25 см болатын, үлкен өңделген әктастан жасалған. Сақталған іргетастың биіктігі шамамен 1,4– 2,5 м. Құлаған жабындылар мен тастарды ажыратудан қалыптасқан тас үйінділерден сыртқы қабырғаның бір бөлігі, мұнара мен ғимараттың ішкі кеңістігінің сызбасы жақсы байқалады. Құрылыс қабырғалары әлемнің төрт тарабына бағытталған дұрыс төртбұрышты 41,6×40,8 м пішінде тұрғызылған. Ғимаратқа кіретін есік батыс қабырғаның ортасында орналасқан. Алдыңғы жағында порталды арканың екі пилонының іргетасы сақталған, оған қарама-қарсы екі кең дуал орналасқан, одан ұзындығы 8 м жететін құлаған тас қаланды қатары байқалады. Бұл дуалды биіктігі 10 м-ге жететін «П» пішінінде безендірілген порталдың қиранды қалдықтары деп есептеуге болады.
Кіреберістің оң және сол жағында екі үлкен төртбұрыш тәріздес бөлме орналасқан. Бұл бөлмелердің арасында керуен сарай қабырғаларынан ату алаңына шығатын тас баспалдақ тұрғызылған. Керуен сарайдың бүйір қабырғаларының әр жағында жеті кішкене тұрғын бөлмелер тұрғызылған, ал артқы қабырғада үлкен сақтау қоймасы орналасқан. Құрылыс бұрыштарында төрттен үш бөлігіне дейін дөңгеленген мұнаралар және артқы, бүйір қабырғалардың орта бөлігінде жартылай дөңгеленген мұнаралар орналасқан. Керуен сарайдың ауласы кең – 30,5×25,5 м. Шаруашылық және тұрмыстық ғимараттың барлық есіктері аулаға қарай шығады. Керуен сарайдан оңтүстік бағытқа қарай белгі беретін мұнараның негізі ретінде анықталған құрылыстың іргетасы сақталған.
Керуен сарайдан оңтүстік-батысқа қарай 100 м қашықтықта XVIII–XIX ғ.ғ. жататын ортағасырлық қабір үсті құрылыстар кешені мен қазақ бейіттерінен құралған үлкен зират орналасқан. Қабір үсті құрылыс кешені аумағы бойынша бөлінбей, аралас салынған. Орта ғасырларға бұзылып кеткен жеті кесене іргетасы мен 100-ден аса бір-екі-үш сатылы тұғырлары бар сағана түріндегі қабір үсті ескерткіштері жатады.
Бұл – тарихи-мәдени маңызы бар нысан болып табылады.
Деректер
- Астафьев А.Е. Пути торговых сообщений эпохи средневековья на территории Арало-Каспийского водораз-дела. – Актау, 2010. – 147 с.
- Калменов М.Д. Средневековые караван-сараи, расположенные на территории Мангистау // Кадырбаевские чтения: матер. междунар. научн.-теор. конф. – Актобе, 2007. – С. 278–282.
- Калменов М.Д. Караванный тракт через плато Устюрт // Вопросы истории и археологии Западного Казахстана. – Уральск, 2012. – № 1. – С. 65–70.
- Толстов С.П. Работы Хорезмской археолого-этнографической экспедиции АН СССР в 1949– 1953 гг. // ТХАЭЭ. – 1958. – Т. 2. – 811 с.