Сисем ата қорымы

Сипаттамасы

XIII–XIV ғ.ғ. және ХХ ғ. басы. Сайөтес ауылынан (т.ж. ст.) 34 км солтүстік бағытта, Үстірт жазығының солтүстік- батыс бөлігінде, жазықтықта, үстірттің шетінен 2,25 км жерде орналасқан (Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы).

Мемориалдық кешеннің пайда болуын ХІІІ ғ. екінші жартысының соңы мен ХІV ғ. басындағы Шығыс Каспий маңы этнотарихындағы салорлық кезеңнің бас кезіне: Батыс Қазақстан тарихының Алтын Орда дәуіріне жатқызуға болады. Бұған зират пен оның маңайында (оғыз-түркімен тайпаларының таңбалары бар көне ескерткіштердің қираған орны) кейінгі кездері жүргізілген археологиялық және этноархеологиялық қазба жұмыстары (сол жерден табылған стела-ферт типіндегі көне ескерткіштер мен «бұранда кілтті» қабіртастары) – куә. «Ахмет Яссауи ілімі» мен оның Маңғыстаудағы ұрпақтары жайлы аңыз- әңгіменің 1870 ж. А.К. жазып алған (қолжазбада автордың тегі өшіп қалған) нұсқасында «Сисем ата» зираты эпонимі болмағандықтан, кешеннің едәуір ертеректегі уақытын анықтау күрделі мәселе болып тұр.

Қабірдің кімге тиесілі екендігі түсініксіз және анықталмаған: бұл кішігірім қорым (немесе бейіт) XIII–XIV ғ.ғ. осында жерленген жергілікті діни қауым басшысының зираты болуы да мүмкін. Сонымен қатар Маңғыстау қазақтарының ауызша дәстүрлерінде (1980– 1990 ж.ж. сауалнама бойынша) зират иесінің есімі «Сисем-ата» немесе «Сейсем-ата» деген атпен белгілі. Дегенмен «Сисем-ата» қабірінің орны жайлы едәуір күрделі және шиеленскен – екі негізгі болжам бар: қазіргі күнгі тұжырым бойынша қабір зираттың ежелгі бөлігінің солтүстік шетінде, жайпақ обада (қабір үстіне орнатылған ұзынша сағана), екінші тұжырымбойынша зираттың осы бөлігінің оңтүстік бөлігінің орта тұсында («Саназар-ата» аталатын ұсынтасты тас қоршау) орналасқан. Соңғы нұсқа жергілікті түрікмендер мен қазақтардың жол көрсетуімен ХХ ғ. 30-ыншы жылдары зиратқа келген Г.С. Карелиннің мәліметтерімен және 1950 ж. басындағы М.М. Меңдіқұловтың зерттеулерімен сәйкес келеді. Зираттың солтүстік бөлігінің топографиясы да осы соңғы нұсқаның дұрыс екендігін: бейіт/зират үстіндегі белгіні орналастыру барысында белгілі бір дәрежеде «гонам баши» (қасиетті молаға жақын) ұстанымдарының сақталғандығын айтады.

Сисем ата қорымы Арал-Каспий өңірінің, бүкіл Қазақстанның аса көрнекті мемориалдық-діни, сәулеттік, тарихи-мәдени кешені болып табылады және Еуразия даласындағы ең ірі ескерткіштер қатарына жатады. Аймақтың көптеген әйгілі тұлғалары жерленген ескерткіштің Маңғыстау мен Үстірт тарихы мен мәдениеті үшін ерекше маңызы бар, қазақ халқының сәулет және тас қашау өнерінің жетістіктерінің бірегей жиынтығы болып табылады. Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесіне ие кешенді Шығыс Каспий өңіріндегі «қасиетті географиялық» орындардың маңызды нысандарының бірі деп санаған жөн. Сисем-ата зиратына жергілікті халық, зиярат етушілер, отандық және шетелдік туристер жиі келіп тұратындықтан, болашақта аймақтағы мәдени туризмді дамытуда нысанның маңызы зор. Сонымен қатар бұл белгілі бір жағдайда, Маңғыстау-Үстірт аумағындағы басқа да кешендер жиынтығын қоса алғанда, халықаралық маңызы бар (соның ішінде Әлемдік мұра ретінде) бірегей ескерткіш болып саналады.

Үстірттің осы бөлігінде 1832 ж. Ново-Александровск бекінісін салуға байланысты Сисем ата зиратына алғаш рет Г.С. Карелин келіп, суреттеп жазған. 1851–1852 ж.ж. «қасиетті бейітті» топограф подпоручик Алексеев-2 қысқаша сипаттаған. Ескерткішті жүйелі түрде зерттеу, бірқатар белгілі архитекторлар, тарихшылар, этнографтардың қатысуымен, оның ішінде, атап айтқанда М.М. Меңдіқұлов, А. Итенов, М.С. Нұрқабаев зерттеген (Қазақ КСР-і ҒА экспедициясы). Кешенді сондай-ақ «Қазақ жобалау-қалпына келтіру» институтының экспедициясы (басшысы Т. Жанысбеков); ҚР БҒМ Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының (басшысы А.К. Муминов) мамандары; кешен мен оның айналасындағы аумақты Т. Төреқұлов басқарған топ зерттейді (жобасының тахеометрикалық түсірілімі, қорғау аймақтарын анықтау және т.б.). Осы жерлерде археолог А. Астафьевтің де ізденістері жүзеге асырылады. 2011, 2012 ж.ж. Сисем ата кешені мен оның тарихи аймақтарын ҚР БҒМ ҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының этно-археологиялық экспедициясы (басшысы С.Е. Әжіғали) зерттеу жүргізеді. 2006–2010 ж.ж. қорымда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылғанын атап өткен жөн, солардың нәтижесінде мұнда елеулі өзгерістер болды.

Сисем ата қорымы, алып жатқан ауданының көлемі аса үлкен болмағанымен (солтүстіктен оңтүстікке қарай 430 м, шығыстан батысқа қарай 250 м), 2 мыңға жуық ескерткішті қамтитын өте бай мемориалдық сәулет кешені болып табылады. Ол негізгі екі бөліктен тұрады – ежелгі түрікмен (XIII–XIV – XVIII ғ.ғ.) және қазақ, адай бөлігі (XVIII ғ. аяғы немесе екінші жартысы – XX ғ. басы). Солтүстік жағынан оған тағы бір шағын, ертеректегі түрікмен бейіті жалғасып жатыр (XIII?–XIV–XV ғ.ғ.). Алғашында «көне» екі зират болған, оның оң жақтағысынан зират эпонимінің табылуына байланысты, ол орта ғасырлар бойы негізгісі болған; қазір ол барлық кешеннің батыс, оңтүстік-батыс бөлігін алып жатыр. Қазіргі уақытта ескі бейіттің шығыс, ішінара оңтүстік, әсіресе солтүстік жағынан оның қазіргі аумағының 2/3 бөлігін алып жатқан қазақ зираттарының бөлігі өріс алған. Кешеннің ескі және кейінгі бөліктерінің көлденең аймақтарының қиылысында ені 20- 30 метрге дейін болатын, кейінгі түрікмен және бұрынғы адайлардың бейіт үстіндегі құрылыстары орналасқан, ескерткіштердің аралық «диффузиялық жолағы» байқалады. Сисем ата қорымының ежелгі бөлігі негізінен тастан қашалған мемориалдық кешендердің кіші нысандарынан тұрады: шағын стелалар, қосарланған шағын стелалар, «қойтас» түріндегі қабіртастар, ежелгі, жартылай қираған саркофаг жәшіктер – сандықтастар және т.б. (солтүстік зиратта сондай-ақ ферт- стелалар кездеседі). Олардың көбінде орта ғасырлардағы оғыз-түрікмен тайпалары: чоу дор, тюгер, афшар, джебни, иомут (бага, джафарбай), байындырлардың рулық таң- балары бейнеленген; ескерткіштер, әр жерлердегі салорлық бейіт үсті белгілерінен басқасы, шағын бөліктерде жиі орналасқан. Ортағасырлық зираттар бейіт эпониміне аса жақындатылған және шағын бейіттер («қауым», «елата») болып бөлінген екі ұстаным бойынша қалыптасқан тәрізді. Кешеннің осы бөлігіндегі қабіртастарда бедерлене салынған қылыш, аспа қоржын (сирек) бейнелері кездеседі және араб жазуындағы эпитафиялар өте сирек ұшырасады.

Кей жерлері зираттың көне бөлігіне «еніп кеткен», ХІХ ғ. ортасына дейінгі қазақ бейіттерімен қосылып жатқан аймақ, XVII–XVIII ғ.ғ. тән ескерткіштердің аралық жолағы сәулеткерлік-көркемдік тұрғыда үлкен қызығушылық туғызады. Мұнда да мемориалдық құрылыстың шағын формалары басым: сандықтастар, ескерткіштер, стела- құлпытастардың көне бейнесі және олардың үйлесімділігі, олардың арасында тас қашау өнерінің бірегей үлгісі болып табылатын нағыз ескерткіштер бар. Олардың көпшілігінің үстіңгі беті контурлы, жазық бедерлі және көлемді әшекейлермен қапталып, қару-жарақ «суреттері», тұрмыстық заттар, жануарлар суреттерімен, бірегей сахналық-панномен жиірек безендірілген. Қазақтың көне ескерткіштерінің көпшілігінде адай руының таңбалары салынған, ал лапидарлы эпитафиялар сирек кездеседі. Монументалды құрылыстардың ішінде бай Қожаназар Жанайұлының XVIII ғ. аяғындағы бірегей кесенесі ерекше назар аударарлық.

Зираттың қазақ бөлігі төл монументалды ескерткіштер (күмбезді кесенелер мен сағанатамдар) кеңінен таралып, зират аймағы қоршалған кезде, яғни ХІХ ғ. ортасы мен ХХ ғ. бас кезінде (аймақта мемориалдық сәулет өнері жоғары дамыған дәуірде) өте қарқынды дамыған. Нәтижесінде Сисем-ата қорымы бірегей сәулет ансамблі ретінде қалыптасты, оның құрамында 30-ға жуық кесенелер, 100- ден аса сағанатамдар, бірнеше жүз кіші сәулет нысандары: сандықтастар, «қойтастар» мен құлпытастар бар. Олардың көпшілігі – қазақтың халықтық сәулеттік және монументалды глиптикалық өнерінің жарқын үлгілері. Олардың арасында ХІХ ғ. екінші жартысына жататын фасадты кесенелердің ерекше тобы – ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. бас кезіндегі ғажап ескерткіштер – Ермек Теңізбайұлының алты қырлы кесенесі («Ерғали»), Ағатай Тоқабайұлының (Сатыбалды Тұрлымұрат мектебінің сәулетшілері тұрғызған) кесенесі, Ақмырза сопы («Ахмет Жаналин»), Сүгір Ахметжанұлына салынған сағанатамдар мен т.б. бар.

Сонымен қатар Сисем ата қорымы ел ішінде «адай пантеоны» деп саналатын Шығыс Каспий маңы өңірінің аса көрнекті тарихи- мәдени кешені болып табылады. Мұнда қазақтардың табиғаты қатал Маңқыстау-Үстірт ауданын игеруіне үлес қосқан көптеген тарихи тұлғалар мен батырлар: Есекмерген, Лабақ, Шонай, Қонай Кенжеұлы, Әнет Текейұлы, Төлеп Әнетұлы, Сүйінқара Үргенішбайұлы, Шөнен би, Қаржау Төлекеұлы, Матай Жанбозұлы және т.б. жерленген. Осыған байланысты 150-ден астам ескерткіштерде араб жазуымен жазылған бейіт үсті белгілеріндегі эпиграфикалар ерекше мәнге ие; бұдан басқа тарихи-филологиялық жағынан да маңызды. Сисем ата кесенесі – қазақтардың тас қашау өнері жетістіктерінің таңғажайып жиынтығы, бейнелеу өнерінің (суреттер) төл туындысы және ою-әшекейлеудің қайталанбас мәнері ретінде этнографиялық та, өнертанымдық та мәнге ие екендігі даусыз.

Сисем ата зиратының тарихи-мәдени аймағы – Үстірттің батысы жондарына тиесілі солтүстік бөлігі – әр түрлі ескерткіштерге өте бай екендігін: археологиялық (көне обалар, ғибадатханалар, мал қамайтын құрылыстар «арандар»); сәулеткерлік (ортағасырлық және қазіргі кездегі жерлеуге арналған кешендер, соның ішінде көне кесенелер мен Қарағозы– Қостам/«Қосмола» бейіттері); қоныстық (Бес-бұлақ пен Қызылтас діни-тұрақжай кешені); тарихи (Ново-Александровск бекінісінің қалдықтарын) болатынын атап өту абзал. Бұлардың бәрі болашақта мемориалдық кесене мен оған жақын аймақтарды тереңдете зерттеп, пайдалануда, жаңа туристік маршруттарды жасауда үлкен мүмкіндіктер береді. Сисем ата зиратының жалпы ұлттық мұра екендігінде күмән жоқ және оны ұқыптылықпен қарау қажет: соның ішінде жаңа зираттар мен қосымша құрылыстар салуға (бірегей ансамбльдің бейнесін бұзатын) жол бермеуді, қорғау-қайта қалпына келтіру жұмыстары және тағы басқа шараларды мұқият ойластырып, жауапкершілікпен және жоғарғы біліктілікпен жүргізуді қажет етеді.

Деректер

  1. Аджигалиев С.И. Особенности мемориальной эпиграфики Западного Казахстана// Изв. НАН РК. Сер. филол. 1994. – № 1. – С. 44–57.
  2. Аджигалиев С.И. Генезис традиционной погребально-культовой архитектуры Западного Казахстана (на основе исследованиях малых форм). - Алматы: Ғылым, 1994. – 260 с., 10 вкл.
  3. Ажигали С.Е. Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало-Каспийского региона). – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2002. – 654 с.
  4. Ажигали С.Е. Памятники Манкыстау и Устюрта: книга-альбом. – Алматы: Өнер, 2014. – 504 с.; с прилож. карт, указателя (на каз., рус., англ.).
  5. А.К. Предания адаевцев о святых секты ханафие, живших и умерших на Мангышлаке // Сборник сведений о кавказских горцах. – 1873. – Вып. 7. – С. 5–17.
  6. Алексеев, 2-й. Топографическое описание северной части Усть-Урта и прилегающего к нему пространства до реки Эмбы… // Первые русские научные исследования Устюрта: сб. матер. – М., 1963. – С. 243–288.
  7. Арабографическая эпиграфика некрополя Сейсем-ата / Сост. А.К. Муминов, А.Ш. Нурманова, Н.А. Кулбаев. – Астана [Б.и.], 2015. – 160 с. (на каз, рус., англ.)
  8. Глаудинов Б.А. К изучению народного зодчества Западного Казахстана // Архитектура и строительство: сб. КазПТИ. – 1975. – Вып. 4. – С. 124–128.
  9. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағы. Маңғыстау облысы / Авторлар ұжымы. – Өскемен: AsT prime, 2012. – 600 б.
  10. Карелин Г.С. Отрывок из путевых записок по северо-восточным берегам Каспийского моря // Заволжский муравей. – Казань, 1834. – Ч. XI. – № 2. – С. 228– 244.
  11. Карелин Г.С. Путешествия по Каспийскому морю // Записки РГО по общей этнографии. – 1883. – Т. 10. – 497 с. – С. 1–475.
  12. Мендикулов М.М. Памятники архитектуры полуострова Мангышлака и Западного Устюрта. – Алма-Ата: АН КазССР, 1956. – 42 с. с ил.
  13. Мендикулов М. Памятники народного зодчества Западного Казахстана. - Алма-Ата: Өнер, 1987. – 160 с.
  14. Новожилов Г. Архитектурные памятники Казахстана. (Путеводитель). – Алма-Ата: Казахстан, 1968. – 96 с.
  15. Отчет о работах научно-исследовательской экспедиции на некрополе Сисем-ата в 2012 г. / Научн. рук.
  16. С.Е. Ажигали. – Алматы [ИИЭ КН МОН РК], 2012. – 276 с. (с илл.) // Архив Мангистауского областного Управления культуры.
  17. Отчет о работах экспедиции по обследованию некрополя Сисем-ата и его историко-культурной округи осенью 2012 г. / Научн. рук. С.Е. Ажигали. Алматы [ИИЭ КН МОН РК], 2012. 135 с. (с илл.) // Архив Мангистауского областного Управления культуры Тасмағамбетов И. Құлпытас. – Астана: ОФ «Берел», 2002. – 392 с.
Толығырақ

Суреттер


Орналасқан жері

Медиа

Кіру