Түбежік ғибадатханалар тобы

Сипаттамасы

Б.з.д. IV– II ғ.ғ. Түбежік құдығынан солтүстік-шығысқа қарай 2–3 км жерде орналасқан (Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы). Қоршаған ортадан 3 м биік төбенің шығыс шетінде тұрғызылған.

Ертте темір дәуірі көшпелілерінің Түбежік-1, Түбежік-2 археологиялық кешендері өңделген табиғи кесек тастардан дөңгелек пішінді, күмбезді, ішкі және сыртқы қа- быр ғаларының арасы ұсақ тастармен жымдастырылып, діни рәсімдер өткізетін және адам жерлейтін қабірлер орналасқан ішкі бөлмелер төртбұрышты немесе шаршы тәрізді етіп тұрғызылған. Табылған құрылыстардың іргетастары негізінде ескерткіштердің бастапқы көркі қалпына келтірілген. Алғашында бұл ғимараттарда ежелгі тұрғындар құдайға табынып, құрбандықтар шалған. Кейінгі дәуірлерде бұл орындар жерлеу орындары ретінде пайдаланылған. Кешеннің айналасынан және ішінен табылған артефактілер ежелгі адамдардың күнге, отқа, ата-бабалар рухына, Жер-анаға, табиғаттың тылсым күштеріне табынып, оларға арнап құрбандық шалып, сиынған киелі орындары болғанын көрсетеді. Ерте көшпелілердің ғибадатханаларының сәулеттік үлгілері сол аймақтағы жерасты мешіттері: күмбездерде, сағаналарда және т.б. ескерткіштердің құрылыс үлгілерінде қайталанады. Топқараған түбегіндегі осы ғибадат ету қасиетті орындары мен жерлеу кешендері б.з.д. IV–II ғ.ғ. мерзімделеді. Мұндағы Түбежік-1 және Түбежік-2 ғибадатханалары жобасы бойынша айқыш (крест) тәрізді болып келуімен ерекшеленеді.

Түбежік-1 диаметрі 16-18 м тас қорған, жобасы айқыш (крест) тәріздес, ішкі бөлмесі үш бүйір бөлме мен орталық залдан тұрады. Ішкі бөлменің мықты тас тұғыры тас пен топырақтан түзілген платформаның үстіне салынған. Бөлмеге оңтүстік шетінен кіретін дромосқа ұқсас дәліздің ұзындығы – 2,7 м. Дәліз қабырғаларына тігінен көміліп қойылған ірі тақтамен еден деңгейінен 40–50 см көтеріліп тұр. Дәліз оңтүстігінде ортасына тігінен орнатылған тақтамен шектелген. Тақта мен қабырға арасындағы кеңістік топырақ және ұсақ тастармен толтырылған. Бөлме ортасынан құрбандық орны анықталған. Оның еден деңгейіндегі қабатынан нашар сақталған қойдың екі қабырғасы мен қолдан жапсырып жасалған ыдыстың жоғарғы жағының сынығы табылды. Бөлмелер ішінен бұзылған жерлеулердің табылуы және орталық зал мен шеткі бөлмелер арасында аласа аралықтардың болуы екінші мәнге ие болуы мүмкін.

Түбежік-2 ғибадатханасы да тас тұғыр деңгейінде сақталған. Ол тас пен топырақ араласқан негізге, нығайтылған тас тұғырдың үстіне тұрғызылған ішкі бөлмеден тұрады. бөлменің көлемі – 3,9×4 м. Бөлменің оңтүстік қабырғасындағы ені 0,7 м болатын үзік дромос тәріздес ауыз бөлмеге қарай өтетін есіктің орны. Дәліз ұзын жағымен солтүстік тен оңтүстікке қарай сәл ғана шығысқа ауытқыған бағытта орналасқан. Ішкі бөлмеге өтетін дромос тәріздес өткел шамасы, тік шахта-құдық түрінде жасалған. Шахта-құдықтың түбі, төбе сі кезінде күмбезделіп жабылуы мүмкін кіреберіс бөлмемен жалғасқан.

Қазбаның оңтүстік бөлігінде қаптама қабырғаның қаландысының жанынан антропоморфты мүсінтастың екі сынығы табылған. Оңтүстік, оңтүстік-шығыс бөлікте құрылыстың қаптама қабырғасынан 2,8 м жерде, материктік қабат деңгейінде төңкеріліп жатқан қолдан жапсырып жасалған қыш ыдыс табылды. Шамасы, Түбежік-2 құрылысының дөңгелек залында мүсінтаспен құрбандық алтарь және оның үстінде тас тостаған орналасқан. Табылған қалдықтар бойынша мүсінтасты сол кездің өзінде үш бөлікке сындырып далаға лақтырып тастаған. Кейін оны құлаған қабырғаның тас кесектері басып, құм жауып қалған. Осының арқасында адам қолынан шыққан бұл керемет туынды бізге дейін жақсы сақталған күйде жеткен.

Ішкі бөлмеде көріктендірудің бірнеше кезеңі тіркеледі. Бұл құрылыстың ұзақ уақыт бойы, бәлкім, әр түрлі этникалық топтардың пай даланылғандығын көрсетеді. Құрылыстың салыну уақыты әзірге б.з.д. IV ғ. басымен (мүсінтаста салынған қарулар түріне қарай) мерзімделеді. Құрылыстың соңғы пайдаланылған уақытын жерлеу қабірінен табылған жебе ұштары бойынша орта сармат кезімен мерзімдеуге болады. Құрылыс сыртынан табылған төрт құлақты ыдыс сынықтары кейінгі сармат уақытымен белгіленеді.

Жергілікті маңызы бар археологиялық ескерткіш. Ерте көшпелілер дәуіріндегі киелі діни нысан Ғаламның жаратылуы мен ондағы адамның орны туралы түсініктен қалыптасқан дамыған діни-мифологиялық жүйе мәліметтерін сақтаған. Қалыптасқан идеология мен құндылық жүйесі ежелгі ғибадатхана мен осында өткізілген рәсімдерде көрініс тапқан. Туризм нысаны.

Деректер

  1. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағы. Маңғыстау облысы. – Өскемен: AsT prime, 2012. – 600 с. – 453–454-бб.
  2. Онгарулы А., Ольховский В.С., Астафьев А., Дарменов Р. Древние святилища Устюрта и Восточного Приаралья. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2017. – 320 с.
  3. Самашев З., Кушербаев К., Аманшаев Е., Астафьев А. Сокровища Устюрта и Манкыстау. – Алматы: Археология, 2007. – 400 с.
  4. Самашев З., Оңғар А., Оралбай Е., Қиясбек Ғ. Қызылүйік ғибадатханасы. – Алматы: Археология, 2011. – 200 б.
Толығырақ

Суреттер


Кіру