Шақпақ ата культтік-мемориалдық, ландшафты кешені
Сипаттамасы
XII ғ. мен ХХ ғ. басы. Таушық кентінен батысқа қарай солтүстік- батысқа қарай 20 км жерде орналасқан (Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы). Сарытас шығанағы жағалауының оңтүстігіне қарай орналасқан кешен құзды жартас сілемінің мүйісінен қашалып жасалған осы аттас мешіт-ғибадатханадан, мешіттің батыс жағындағы ойпаңдау жерде тұрған үлкен қорымнан (сонымен қатар, табылған ескерткіштер айналасындағы палеолит және неолит дәуіріне жататын жекелеген тас индустриясы/тұрақтар жиынтығы) тұрады.
ХІХ ғ. екінші жартысында А.К. жазып алған Маңғыстау қазақтарының аңыздары бойынша, өзінің ұстазының асатаяғын іздеп Маңғышлаққа келген Шақпақ ата (Шах-Мардан) Қожа Ахмет Яссауи мүридтерінің бірі Шопан атаның немересі болған. Сондай-ақ оның бір тырнағын екіншісіне тигізу арқылы (шақпақ – шақпақ тас, оттық) от тұтатуымен даңқы шыққан. Шақпақ ата аумағында шақпақ тастардың мол болуы аңыздың негізді екенін дәлелдейді. Сонымен бірге ол жауларынан басы кесілген күйде қашқан және Құнансу аймағындағы тастарда оның аяғының іздері сақталған-мыс деп есептелінеді [Басы кесілген «әулие», сондай-ақ Маңғыстауда – Мақсат ата туралы оқиға желісі Орта Азия мен Қазақстан агиологиясында кеңінен танымал].
Республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші мәртебесіне ие Шақпақ ата кешені өте әйгілі, танымал тарихи-мәдени нысан, Шығыс Каспий аймағында «киелі орындар» қатарына жатады және бұрыннан-ақ зиярат етушілер үшін қасиетті жер болып табылады. Бұл жайында орта ғасыр дәуірінде және қазіргі кезеңдегі келушілердің мешіт қабырғаларында, яғни порталды бөлігінде және ішкі құрылыстарында сақталған көптеген жазбалары куә болады. Қазіргі уақытта да ескерткішке жергіліктіхалық, туристер, оның ішінде шетелдіктер де келіп тұрады. Осыған байланысты 1980 ж.ж. орта шенінен бастап-ақ оған ауық-ауық абаттандыру, жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп тұрды. Соңғы жылдары ескі кешеннен біршама аулақтау жерде зиярат етушілерге арналған үй – тілеухана (Ержан Қазірет Төлегенұлының «мешіті») және т.б. салынды. Осылайша қазіргі кезде аталған ескерткіш біршама ірі діни-мемориалдық, танымал туристік кешен болып табылады.
Ескерткішті 1966–1968 ж.ж. геолог және археолог А.Г. Медоев ашып, зерттейді: жартас мешітін егжей-тегжейлі зерттеп, қорымды тексереді, археологиялық деректер жинайды [Алайда ол туралы алғашқы деректі берген 1620– 1622 ж.ж. Бұхарадағы орыс елшілігінің жетекшісі Иван Хохловтың Түпқараған маңындағы «Ақ мешіт» мекені жайлы хабарламасы болуы мүмкін]. 1970–1980 ж.ж. аралығында Шақпақ ата кешенін бірқатар экспедициялар, соның ішінде М.М. Меңдіқұловтың (1973), М.С. Нұрқабаевтың (1979) жетекшілігімен; Қазақстан ескерткіштерді қорғау Одағы экспедициялық тобы (1982) және басқалары келіп зерттейді. 2008 ж. ескерткіштің араб жазуындағы эпиграфикасын шығыстанушы маман-ғалымдар А.К. Муминов, А.Ш. Нұрмановтар мақсатты түрде қарастырады. Кешендегі кейбір мәтіндерді аударумен шығыстанушы В.П. Юдиннің де айналысқанын атап өту керек. 2008 ж. археолог А.Е. Астафьев археологиялық және қосалқы зерттеулерді жүзеге асырады.
Шақпақ ата кешені, ең әуелі ХІІ–ХІІІ ғ.ғ. ерекше діни ескерткіш ретінде танымал – әдетте «жер асты мешіті» ретінде дұрыс анықталмаған, шын мәнінде, жартасты немесе, тіпті болмағанда, жартасты-жерасты құрылысы болып табылатын көп бөлмелі мешіт. Оның жеткілікті дәрежеде кең шеңберде мерзімделгенін атап өту қажет (IX–X ғ.ғ. – А.Г. Медоев; XIV ғ. бірінші жартысы – М.М. Меңдіқұлов, А.Е. Астафьев). Бұның ерекше жарқын композициялық-жобалық және техникалық-құрылыстық сипатымен дараланатын ғажайып сәулет-ландшафты ескерткіш екендігінде сөз жоқ. Айқастырылған жоспардағы мешіттің жасырын бөлігінде, жартастың батыс жақ қапталында порталды безендірілген кіреберіс, сонымен бірге қарама-қарсы бетте шоқының үстіне шығатын есік бар. Орталық залды (орта кеңістік) безендіруде аймақтың көшпелілер сәулеткерлік өнерінде алғаш рет әр үлгідегі катителиялы үш ширекті бұрыш бағаналар түріндегі ордерлі жүйе эле- менттері пайдаланылған; залдың жоғарғы жағы төбесінен жарық түсетіндей етіліп күм без тәріздес қашалып ойылған. «Жерасты» кешенінің үстіңгі жағы жарық түсетін желдеткіш-қақпақ өсіне отырғызылған және қашалған тас блоктар мен тақталардан тұрғызылған, сондай-ақ жергілікті халық үшін мұнара рөлін ойнайтын – күмбезсіз дүңгіршектерден тұратын алыстан көзге түсетін ерекше төртбұрышты ғимарат жобасы бойынша берілген. Құрылыстың фасадын аркалы ойықтар аша түскен, ішінде жоғарыға көтерілетін айналма баспалдақтар бар. Шақпақ ата жартасты мешіті – мамандардың пікірі бойынша, оны тұрғызу барысында, Үстіртте ғана белгілі, инженерлік білім мен үңгір қалаларын салу тәжірибесі қолданылған бірегей құрылыс. Шақпақ ата мешітін алғаш ашқан А.Г. Медоевтің ескертпесінде салушыларды «...құрылысшы емес, мүсінші ретінде көбірек әрекет еткен» деп орынды айтқан.
Біршама ірі бейіт мешіттің батыс жағындағы жазықта орналасқан және сол- түстіктен оңтүстікке қарай созылған. Оның оңтүстік және оңтүстік-батыс бөлігінде араларында өңделмеген дөрекілеу стелалы көптеген кішігірім қоршаулар, қойтас түріндегі қабір үсті тастар, жәшік-саркофагтар кездесетін орта ғасырдағы (XIII–XVII ғ.ғ.) түрікмен қорымы орналасқан. Әктастың жұмсақ жынысынан жасалған бұлардың көпшілігі қирап, үйіндіге айналған. Қабір үсті ескерткіштерінің арасында шынайы жасалған қошқар мүсіндері кездесіп отырады. Бейіттердің солтүстік жартысында орналасқан қазақ ескерткіштері негізінен XVIII–XIX ғ.ғ. жатады. Олар батыс беткейде: сағанатамдар, үлкен блоктардан жасалған стела-құлпытастар және т.б. түрінде ірі монументалды құрылыс ретінде берілген. Шақпақ ата құлпытастары композициялық қарапайымдылығымен және жазық бедерлі, контурлы әшекейлерімен ерекшеленеді. Қазақ бейіттерінің шет жақтарына жаңа бейіттер салынуда.
Деректер
- А.К. Предания адаевцев о святых секты ханафие, живших и умерших на Мангышлаке // Сборник сведений о кавказских горцах. – 1873. – Вып. 7. – С. 5–17.
- Аджигалиев С.И. Генезис традиционной погребально-культовой архитектуры Западного Казахстана (на основе исследованиях малых форм), - Алматы: Ғылым, 1994. – 260 с., 10 вкл.
- Ажигали С.Е. Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало- Каспийского региона). – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2002. – 654 с.
- Ажигали С.Е. Памятники Манкыстау и Устюрта: книга- альбом. – Алматы: Өнер, 2014. – 504 с.; с прилож. карт, указателя (на каз., рус., англ.).
- Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағы. Маңғыстау облысы / Авторлар ұжымы. – Өскемен: AsT prime, 2012. – 600 б.
- Медоев А. Г. Гравюры на скалах. Сары-Арка. Мангышлак. – Алма-Ата: Жалын, 1979. – Часть первая. – 175 с.
- Медоев А. Подземная архитектура кочевников полуострова Мангышлак // Простор. – 1969. – № 6. – С. 51–61.
- Мендикулов М. Памятники народного зодчества Западного Казахстана. – Алма-Ата: Өнер, 1987. – 160 с.
- Муминов А.К., Нурманова А.Ш. Шакпак-ата: эпиграфика подземной мечети и некрополя. – Алматы: Дайк-Пресс, 2009. – 224 с.