Шопан ата қорымы (мемориалдық- культтік кешені)

Сипаттамасы

XI–XII ғ.ғ. – XX ғ. басы. Сенек ауылынан 21 км солтүстікке қарай, жырымдалған сайдың көлбеу беткейіне орналасқан (Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы).

Шөл далада орналасқан кешен Каспий теңізінің шығыс жағалауынан Хорезмге дейінгі көне керуен жолының бойында болғандықтан, ескерткішті Үстірт, Маңғыстау және іргелес аймақтардың қазақ, түрікмен, қарақалпақ халықтары әрқашан қасиетті орын деп таныған. Аңыз бойынша, кешеннің аты түркістандық шайқы Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті бақташылардың қолдаушысы Шопан атаның есімімен байланысты. Ол туралы аңыздарды 1870 ж.ж. А.К. (шамасы ол Дағыстан обл. әскери штабының бастығы, кейін Каспий обл. бастығы болған А.В. Комаров) жазып алған, кейінірек қазақ этнографы Х. Арғынбаев жазады. Аңыздың бір желісінде Қ.А. Яссауи асатаяғын лақтырып жібереді де, мүридтеріне қарап, «Асамды алып келіңдер» дейді. Барлық балалар жүгіріп кеткенде, Есен (Шопан атаның бала кезіндегі есімі) орнынан қозғалмайды. Сол кезде ұстазы: «Жұрт асаны іздеп кеткенде, сен неге қалып қойдың» – дейді. Сонда Есен: «Пірім, сіз лақтырған аса дәл іздеп барып, тауып әкеле қоятындай жерге түспеген шығар» – деп жауап береді. Есен ұстазы лақтырған асаны іздеп жолға шығады. Айлап жүріп, Маңғыстаудан асаны табады. Асадан зәулім тұт ағашы өсіпті. Оның көлеңкесінде Шопан ата бір ақсақалға жолығады да, кейін соның қызына үйленеді. Аса тапқан жерге мешіт тұрғызып, ол кейін үлкен қорымға айналыпты.

Маңғыстау қазақтарының тағы бір аңыз желісі мынадай: «Мұса есімді жігіт құдықтың ауыр қақпағын көтеріп, екі қызға қойларын суаруға көмектескен. Оның құрметіне қыздар оны соқыр әкесінің үйіне шайға шақырады. Мұса сол барған үйінде шопан болып қалады. Тоғыз жыл бойы қой баққанда бір жылы бірыңғай ақ қозы, келесі жылы бірыңғай ала қозы төлдейді. Қыздардың әкесі бұған таң қалып, тегін адам емес екенін біліп, кіші қызын Мұсаға тұрмысқа беріп, оны қойдың пірі «Шопан ата» деп атайды». Этнограф Г.П. Снесаревтың ойынша, аңыздағы Мұса бейнесі – бұл исламда «рәсімдендірілген» Моисей пайғамбар, ол да аят қонғанға дейін шопан болған. Аңыздың басқа да нұсқалары бар: Шопан ата Түркістанда емес, Бесқалада (яғни Хорезмде) оқыған және асаны іздеп Маңғыстауға келген. Бұл жерде ол тасқа қадалған асатаяқты тапқан, оны ешкім тастан шығара алмаған. Шопан ата асаны шығарып алып, сосын қайтадан тасқа қадаған, сөйтіп бұлақ көзін ашқан. Осы жерге ол мешіт тұрғызған. Асатаяқпен жартасқа соққанда пайда болған қайнар бұлақ туралы аңызды Г.С. Карелин де келтіреді (1883). Аңыздардың бірінде Шопан атаға түрікмен әулиесі Темір бабаға жолығады. Шопан ата қонаққа қой сояды. Олар етін жеп, сүйегіне тимейді. Шопан ата өзінің тылсым күшін көрсету үшін сүйектерді теріге салып, қойды тірілтеді. Осындай сиқырлы күші бар Темір баба Каспий айдынына өз сәлдесін жайып жібергенде мойнақ жол пайда болады. Бірақ Шопан ата мұны жақтырмай: «Кәпірлерге жол жасама!» дейді.

Орта ғасырларда қазақтар арасында Яссауи мен Шопан атаға табынудың жаңғырығы болып табылатын осы аңыздардың кейбірін тарихи тұрғыдан дәлелдеу қиынға соқса да, қорымдағы мешіттің біршама көне екендігі күмән туғызбайды. Бастапқыда ондағы бөлмелердің бірі сопылық еткен тақуаның тұрағы болса керек. Дәруіш сопы қайтқаннан кейін оның қабірінің айналасына біртіндеп түрікмен, кейін қазақ зираты жайыла бастаған. Ғасырлар бойы аймақ тұрғындарының арасын- да Шопан ата мешіт-мазарына табынушылар саны толастамаған, қазіргі кезде мұнда ірі мемориалдық-діни, зияраттық және туристік кешен қызмет көрсетуде. Сәулет ансамблі ретінде қорым республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесіне ие және Арал-Каспий аймағында ғұрыптық маңызы бар нысан болып табылады.

Шопан-ата қорымын мақсатты түрде М.М. Меңдіқұлов басқарған экспедиция зерттеген (1951–1952 ж.ж.); 1977–1978 ж.ж. Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінің экспедициясы және 1982 ж. Қазақстан ескерткіштерін қорғау республикалық ұйымы зерттеген.

Үлкен қорым генезистік жағынан да және топографиялық тұрғыдан да ғұрыптық-жерлеу ескерткіштер түрлерінің ішіндегі ерекшесі. Ол екіге қазақ (адайлық) және түрікмен болып анық бөлінген. Сақталған және көзге көрінетін ескерткіштердің ауданы мен саны бойынша (шамамен 2 мың) ол Батыс Қазақстан даласындағы жерлеу-діни құрылыстарының ішінде ең ірі көне кешендердің бірі болып саналады. Б.з. II мыңжылдығында бұл жерде, шамамен 2,5 мың қабірүсті құрылыстары болған.

Оның дәл ортасындағы әктастан қашалып жасалған мешіт жартылай шеңбер боп орналастырылған бірнеше қызметтік бөлмеден (құжыралар, михраб пен намаз оқып, демалатын негізгі жайлардан) тұрады. Мешіт ауласында «қасиетті» тұт ағашы өскен және жуынып-шайынатын тас суат бар. Негізгі болып табылатын солтүстік-шығыстағы жапсарлас бөлмелер тобының ортаңғысында үстіне арқар мүйізі ілінген сырық бар. Жергілікті тұрғындар жапсарлас бөлмелерде Шопан атаның қызына және әлдебір «әулие» Сұлтан-азарға арналған қабіртастарды көрсетеді. Тағы бір төрт бөлменің бөлек есіктері бар. Олардың бәрі қазіргі кезде жөндеуден өткізілген. Мешіт кешеніне батыс жақтан террасадан Шопан атаның бейіті жалғасып жатыр. Тас қоршауы бар шағын төбеге ақтық байланған бұтақтар қадалған және тас шырақтар орнатылған. Зиярат еткендер мешіт пен Шопан атаның бейітіне барып дұға оқиды.

Мешіттің батыс, солтүстік-батыс жағындағы бүкіл аумақты негізінен түрікмендердің қойтас түріндегі өңделген тас тақталары, көне қоршаулары, тас табыттары, стелалары алып жатыр. Мұнда ұзақ сақталмайтын құмтастан жасалған алуан түрлі қойтастар ерекше көзге түседі: олардың арасында шағын сатылы түрлері мен биіктігі 1,5–1,8 м-ге жететіндері де бар. Ескерткіштердің беті бедерлі жәнепішінді бейнелермен: қару-жарақ, тұрмыстық бұйымдар, жылқы және т.б. жануарлардың «суреттерімен» безендірілген. Атты жауынгер белгілері – жол дорбасы (қоржын), қылыштар, садақ оқтары салынған қорамсақ, айбалталар; араб графикасындағы эпитафиялар мен таңбалар жиі ұшырасады.

Кешеннің шығыс бөлігінде кейіннен салынған мазарлар, сағанатамдар, сондай- ақ әшекей-өрнектік шешімі жағынан сан түрлі көптеген құлпытастар мен қабіртастар кездеседі. (1 мыңға дейін нысан тіркелген). Олардың негізгі материалдары әктас пен құмтас болған. Ең алдымен көптеген сағанатамдар мен күмбезді кесенелердің жеке үлгілері кездеседі. Сағанатамдар сәулеті, жобасы, саралануы жағынан әртүрлі: ірі құрылыстардың көбі ата-тектік мемориалдар болып табылады (әрқайсысында 10 қабіртасқа дейін бар). Қорым шағын пішінді сәулет нысандарына толы, оларға сандықтастар, үштастар, бестастар, қойтасты құлпытастар жатады. XVIII–XIX ғ.ғ. көптеген ескерткіштер сәулет нысандарының генезисі мен семантикасы тұрғысынан қызығушылық тудырады. Атап айтқанда, көне заманнан сақталған тұл ат, салт аттының жабдықтары бейнеленген бағандар мен қабіртастардың және т.б. ерекше мәні бар.

Шопан ата қорымы аймағында үстірт шетінде орналасқан тағы бірнеше кішігірім бейіттер бар. Олардың біреуі – 1,5 км солтүстік- шығыста орналасқан «Күйеубалатам» мазары – тіл алмағаны үшін ардақты атасынан алшақтау жерленген Шопан атаның күйеу баласының басына қойылған кесене. Ескерткіш Маңғыстаудың XVI–XVII ғ.ғ. тақтатас кесенелерінің бір түрі болып табылады. Мазардың қабырғаларында жануарлардың көрнекті кескіндеме суреттері, ашық алақан (пенже), араб жазбалары, адай руының таңбалары бейнеленген.

Шопан ата кешені сәулет ескерткіштерінің стилистикалық, композициялық әртүрлілігін, олардың тұрғызылуына әртүрлі мектептермен бағыттардағы сәулетші-тас қашаушылардың қатысқандығын дәлелдейді. Атап айтқанда, бұл жерде XIX ғ. ортасы – XX ғ. басындағы атақты халық сәулетшілері Есентемір Дүтбай, Нұрнияз Жандаулетұлы және т.б. жұмыс істеген. Сан ғасырлық дәстүрлердің кеңес дәуірінде де жойылмағанын атап өткен жөн (шебер Назархан Бекменбетұлының кейінгі құлпытастары). Осы дәстүрлер мен Шопан ата қорымы сияқты бірегей үлгілердің ықпалымен соңғы 20–25 жыл ішінде Маңғыстау мен Үстірттің мемориалдық құрылысында тас қашау сәулетінің «жаңа дәстүрлі стилі» қалыптасты. Бірақ қазіргі кезде жаппай тараған бұл құбылыспен қатар керемет Шопан ата қорымы сияқты бұрыннан қалыптасқан көне мемориалдық-діни ансамбльдердің арасына жаңа ескерткіштердің орынсыз «басып кіруі» де жиі ұшырасатынын атап кеткен жөн. Жалпы бұл ғажайып кешен Арал-Каспий аймағы оңтүстік бөлігінің «киелі географиясының» басты нысаны деп саналуы тиіс.

Деректер

  1. Аджигалиев С.И. Шопан-ата, некрополь // Казахская ССР. Краткая энциклопедия. – 1991. – Т. 4. – С. 611–612.
  2. Аджигалиев С.И. Генезис традиционной погребально-культовой архитектуры Западного Казахстана (на основе исследованиях малых форм). – Алматы: Ғылым, 1994. – 260 с., 10 вкл.
  3. Ажигали С.Е. Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало-Каспийского региона). – Алматы: НИЦ «Ғылым»,2002. – 654 с.
  4. Ажигали С.Е. Крупнейший мемориально-культовый комплекс степной Евразии: некрополь Шопан-ата // Интеграция археологических и этнографических исследований: сб. научн. тр. – Омск, 2003. – С. 129–133.
  5. Ажигали С.Е. Памятники Манкыстау и Устюрта: книга-альбом. – Алматы: Өнер, 2014. – 504 с.; с прилож. карт, указателя. (на каз., рус., англ.).
  6. А.К. Предания адаевцев о святых секты ханафие, живших и умерших на Мангышлаке // Сборник сведений о кавказских горцах. – 1873. – Вып. 7. – С. 5–17.
  7. Аргынбаев Х. Народные обычаи и поверья казахов, связанные со скотоводством // Хозяйственно-культурные традиции народов Средней Азии и Казахстана. – М., 1975. – С. 194–205.
  8. Мендикулов М.М. Памятники архитектуры полуострова Мангышлака и Западного Устюрта. – Алма-Ата: АН КазССР, 1956. – 42 с. с ил.
  9. Мендикулов М. Памятники народного зодчества Западного Казахстана. – Алма-Ата: Өнер, 1987. – 160 с.
  10. Снесарев Г.П. Хорезмские легенды как источник по истории религиозных культов Средней Азии. – М., 1983. – 212 с.
Толығырақ

Суреттер


Орналасқан жері

Кіру