Весидж қаласы

Сипаттамасы

Маяқұм ауылынан солтүстікке қарай 9,5 км болатын Ақжар деген жерде орналасқан (ОҚО, Отырар ауданы).

Қаланы 1900 ж. Н.И. Руднев, 1947 ж. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам), 1975 ж. Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экпедициясы (К.А. Ақышев, К.М. Байпақов) зерттейді.

Ғылыми әдебиеттердегі Оксус (Оқсыз) қаласы Сырдариядан өтетін өткелмен байланысты танылған орта ғасырдағы Весидж қаласына тура келеді. Қала ХІІІ ғ. Зернук деп аталады. Онда әйгілі ғалым-энциклопедист Әбу Насыр әл-Фараби дүниеге келген. Оксус қаласы мен оның айналасындағы егіншілікпен айналысқан елді-мекендерді Ақарық оман арығы сумен қамтамасыз еткен. Оның басы Оксустан оңтүстік-шығысқа қарай 7 км қашықтықтағы Сырдариядан басталады.

Қала екі деңгейлі төбеден тұрады. Төбе түріндегі цитаделдің биіктігі – 13,5 м, солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан оның қабырғаларының ұзындығы: солтүстік- шығысы – 90 м, солтүстік-батысы – 75 м, оңтүстік-шығысы – 180 м және оңтүстік- батысы – 150 м. Одан төмен бөлігі – шахристан қабырғаларының ұзындығы 150 м-ден 200 м-ге дейін, биіктігі – 3-5 м. Шахристанның бұрыштарында және қабырғаларының периметрі бойынша әрбір 30-40 м сайын мұнаралары бар. Мұнаралардың қалдықтары биіктіктері 1,5 м болатын төбешіктер күйінде сақталған. Қаланы бүгінгі күнде тереңдігі 2-3 м болатын ор қоршап жатыр. Қаланың ішіне шығыс және оңтүстік-батыс қабырғаларында орналасқан екі қақпа арқылы кіруге болады. Орталық төбеге оңтүстігі мен батысынан сыртында қорғаныс құрылыстары жоқ рабад келіп қосылады. Оның аумағынан оман арықтың арналары өткен. Рабадтың аумағы – шамамен 20 га. Қаланың цитаделінде қазба жұмыстары жүргізілген. Көлемі 25 м² болатын қазба 1,5-2 м дейін тереңдетіледі. Нәтижесінде, өмір сүруін тоқтатқан цитедель ХІІІ–ХIV ғ.ғ. зират ретінде пайдаланылғаны анықталады.

2017 ж. далалық маусым кезінде қала цитаделінен салтанатты сарай орны аршылады. Барлығы тоғыз бөлме тазаланады, оның ішінде көлемі 12,5х7 м болатын зал да бар. Оның қам кесектен қаланған қабырғасының қалыңдығы 1,2 м, еденіне күйдірілген кірпіш төселген. Оған едендеріне өлшемі 26х26х5 см болатын күйдірілген кірпіш төселген 6, 7, 9-шы қызметтік бөлмелер жалғасып жатыр. Олар салтанатты залмен ауызбөлме арқылы жалғасқан. Бөлменің бірінде (7) ташнау төсемелері сақталған. Кіреберісі пилондармен безендірілген, оның екі қапталында орналасқан көлемдері бірдей екі бөлме (4 және 6) де пилондармен орындалған. Жиналған қыш ыдыстардың ішінде сырлы ыдыстар да бар: тостаған, кесе, шырақ сынықтары, косметикалық мақсатта пайдаланылуы мүмкін бояуға арналған қола тостақ. 8-ші бөлме еденінің астына көмілген, ХІІІ ғ. басында сарайды тастап кеткеннен кейінгі шағатайлық қола теңгелерден тұратын шағын көмбе табылады.

Весидж қаласының маңыздылығы Әбу Насыр әл-Фарабидің есімімен тығыз байланысты. Әл-Фарабидің өмір жолы өзінің рухани білімін жетілдірумен байланысты. Ол ежелгі философияның постулаттары мен өз дәуірінің барлық ғылыми ортасы және олардың мәселелерін қамтитын білімді түсінуге тырысқан. Өзінің рухани дүниесінің толысуына қарай ол жер бетіндегі барлық адамдардан тұратын қоғамға қатысының барын айтарлықтай сезінеді. Ол кішкентай бір қаланың тұрғындарынан тұратын шағын қоғамынан бастап жеке халықтан құралған – орта қоғамнан, одан барлық халықтардың жиынтығын бейнелейтін үлкен қоғамнан өткен.

Весидж қаласы – еліміздің рухани және киелі орталықтарының бірі болып табылатындығы сөзсіз.

Деректер

  1. Байпаков К., Азимхан А. Все дороги ведут в Туркестан. Туркестан. Памятники. Персоны. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2013. – 234 с. С. 137–163.
  2. Байпаков К.М. Урбанизация Казахстана в IX – начале XIII в. // Древняя и средневековая урбанизация Казахстана (по материалам исследований ЮККАЭ). Алматы, 2013. – Кн. II. – 514 с. С. 141–150.
  3. Бартольд В.В. Туркестан в эпоху монгольского нашествия // Соч. – М., 1963. Т. I. – 763 с. С. 233–234.
Толығырақ

Суреттер


Кіру