Жүніс ата кесенесі
Сипаттамасы
Ескерткіш Түркістаннан шығысқа қарай 25 км жерде, Иқан ауылының оңтүстік бөлігінде орналасқан. Кесене ауыл ортасындағы ортағасырлық Иқан қаласы қирандысынан 500 м оңтүстік- шығыстағы көлемі үлкен қоныста (ХІІ– ХІХ ғ.ғ.) орналасқан.
Қожа Ахмет Ясауидің замандасы және шәкірті болған Жүніс ата жайлы ел ауызындағы аңыз, әңгімелерге сүйеніп қана біраз мағлұматтар алуға болады. Жүніс атаның лақап аты «Ғашық Жүніс», бұл Аллаға ғашық дегенді білдіреді. Ол кісі бір жағынан Ахмет Ясауиге жиен болған, екінші жағынан ең үздік шәкірттерінің бірі болғандығы да аңыздарда айтылады. Оның ең бір ірі кереметі деп Шам (Дамаск) қаласының билеушісі Жолбарыс ханды – тоқсан тоғыз машайықты бастап келген дін басын – Сырдариядан бір шыбықтың күшімен өткізіп алғандығы (шыбықпен суды салып қалғанда дария екі айырылып өткел пайда болыпты) есептеледі. Шәкіртінің ілімі мен кереметіне тәнті болған Қожа Ахмет Ясауи оны Иқан (ол заманда «Итхан» деп аталған) елді мекеніне сопылықты уағыздау үшін жібереді. Бір қызығы ақпарат беруші Сайдалим Иулдаш Нұршиддин ұлының қолындағы құжатта бұл тұста Қожа Ахмет бабамыз Ясы қаласының хәкімі еді деп, ал Жүніс ата Иқанға оның өкілі болып келді делінген.
Жоғарыда әңгіме болған Жолбарыс хан кесененің Мешіт пен Кітапхана бөлмелерінің ортасымен өткен дәлізде жерленген. Шырақшылар кейінгі кезде оны Ұлы жүз ханы Жолбарыспен шатастырып қабір үстіне қойылған арқарлардың бас сүйектері мен жолбарыс терісін ханның өзі аңшылықта аулаған аңдары деп келді. Шын мәнінде мұнда жерленген адамды М.Е. Массон «...әулие Баба Самит Жолбарыс ханның моласы кесене тұрғызылғанға дейін осы жерде болды» деп дәл анықтаған және оны қазақ ханы деуге ешбір дерек жоқ екенін де айтады.
Қабір 1997 ж. аршылып, сүйек топырағымен қоса арнайы темір жәшікке салынып антрополог О. Исмағұловтың зерттеуінен өтті, соңынан М.М. Герасимов атындағы Антропология институттың зертханасында бас сүйегі негізінде портреттік бюсті жасалынады. Бет-бейнесі араб, парсы не тәжік ұлты өкіліне өте ұқсас бұл адамның кезінде ірі дін өкілі болғаны рас та шығар, бірақ қазақ емес екендігі анық көрініп тұр.
Жүніс ата өмір сүрген тұста Иқан мен оның айналасы жүзім өсірумен даңқы шыққан болатын дейді тағы бір аңызда. Қожа Ахмет Ясауи Жүніс атаның шақыруымен Иқанға қонаққа барғанында оның алдына жүзімнің он екі түрі қойылады. Жүніс ата жүзім өсірушілердің пірі ретінде де әзірге дейін белгілі, және де ол көзі тірісінде-ақ әулиелік дәрежеге жетеді. Ахмет Ясауидің өзі оған бір келгенінде: «Сенің әулетіңе керемет қонған, төртінші ұрпағың Қамалиддин Шайх аса зор әулиелікке жетеді», – дейді. Шын мәнінде бұл көріпкелдік ақиқатқа айналып, Жүніс атаның төртінші ұрпағы Қамал Шайх Иқани Ясауи ілімін таратушы ірі ғұлама дәрежесіне жетіп, Иқанның атын бүкіл Тұранға жаяды.
Жүніс ата жайлы екінші бір аңызда Қожа Ахмет Ясауи намазға дайындалып жатады, бірақ оған деп дайындалған жылы суды оның мүриді (шәкірті) Хәкім ата алып кетеді, Ахмет Ясауи іштен тынып үндемейді, тек келесі күні Хәкім атаны түйеге мінгізіп «Түйе тоқтаған жерде ғана түсесің» деп тапсырады. Түйе тоқтаусыз жүріп кете береді, Хәкім ата қанша әрекеттеніп айқайласа да тоқтамайды, сол жүріспен түйе Сырдариядан да, Амудариядан да өтіп кетіп тек Хорезмге жеткен кезде ғана тоқтайды. Ертеңіне ашуы басылған Ахмет Ясауи өзінің шәкірттерін жиып алып «Хәкім атаны кім қайтарып алып келеді?» деп сұрақ қояды, ешкім шыға қоймаған соң Ғашық Жүніс қана алға шығады. Ахмет Ясауи оған үйдің төбесіне шығуды бұйырады. Ғашық Жүніс үйдің үстіне шыққан мезет үй шатыры ақ түйеге айналып кетеді. Хорезмге Сапар шегейін деп тұрған Ғашық Жүніске Ахмет Ясауи қайтар жолда Хәкім атаның екі қолын байлап алып келуді тапсырады. Бірақ қайтар жолда Ғашық Жүніс Хәкім атаның екі қолын бос қойып, тек Ясы шаһарына жақындаған тұста ғана байлап тастайды. Алайда олар Ахмет Ясауидің алдына келісімен-ақ ол Ғашық Жүніске: «Сіз дұрыс істемедіңіз», – дейді. Ғашық Жүніс осылайша ұстазының көріпкелдігіне тағы бір көз жеткізген екен, ал ұстазын сыйламаған Хәкім атаға үш қамшы дүре соғылады.
Иқанда Жүніс атаның ұрпағымыз дейтін үш топ әлі күнге дейін тұрады. Бірақ кесенеде ата-бабасынан шырақшы болып келе жатқан Эшанов Сабыриддин: «Бұл кісілерден басқа да адамдар Жүніс атаның ұрпағымыз», – деп таласады дейді.
Кесененің қабірхана бөлмесінде сегіз құлпытас орналасқан, олар жайлы шырақшы С. Эшанов: «Әкемнің айтуынша құлпытастар мына кісілердікі: сол жақтан біріншісі – Сабыр атанікі, екіншісі – Құрбан атанікі, үшіншісі – Халил атанікі (Жүніс атаның ұлы), төртіншісі – Жүніс атаның өзінікі, бесіншісі – Ибраһим атанікі, алтыншысы – Әбдіжәліл атанікі, жетіншісі – Асан атанікі, сегізіншісі – Әбді Әзіз атанікі», – дейді. Мұндағы құлпытастардың ең көнесі Ғашық Жүніс ата мен оның ұлы Халил атанікі екендікі даусыз, қалғандары Жүніс атаның ең атақты шәкірттері болуы мүмкін.
1994 ж. шыққан «Оңтүстік Қазақстан облысы тарих және мәдениет ескерткіштері жинағында» Жүніс атаның кесенесі 632 нөмірмен берілген.
Міне, Түркістан өңіріне ислам дінінің орнығуына күш салып, көзі тірісінде-ақ әулие аталған тағы бір діни-рухани тұлға жайлы қысқаша деректер осындай. Әлі күнге дейін басынан адам үзілмейтін бұл кесененің Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енгізілуі өте дұрыс шешім.
Деректер
- Массон М.Е. Маволей Ходжа Ахмеда Ясави. – Ташкент: Сыр-Дарьинское отделение Общества изучения Казакстана, 1930. – 124 с.
- Түяқбаев М. Түркістан археологиялық экспедициясы Иқан отрядының Жүсіп-ата кесенесінде жүргізген зерттеу жұмыстарының Есебі // «Әзрет Сұлтан» қорық-музейінің архиві (қожазба). – Түркістан, 2007. – 13 б.