Жылаған ата бұлағы мен үңгірі

Сипаттамасы

Жылаған ата бұлағы мен үңгірі Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданы Бабайқорған ауылы аумағында, Түркістан қаласынан солтүстік- батысқа қарай 80 км жерде, Қаратау бөктерінің жартасты шатқалында орналасқан.

Өзеннің сол жағасындағы жартаста, өзен арнасынан 10-12 м биіктікте орналасқан тастағы тесік секілді бұлақ көзі белгілі бір уақыт аралығында сарқырап ағып, бірден өзінен өзі тоқтайды. Бұл – зиярат етушілерді өзіне тартып, қызықтырады. Бұлақтың өзіндік табиғи көрінісінің себептері – әлі де белгісіз. Үңгір өзеннің сол жағалауында бұлақ көзінен 45-50 метр қашықтықта орналасқан. Үңгір аузының биіктігі – 3-4 м, ені – 8-9 м, тереңдігі – 50-60 м шамасында.

Ғылыми тұрғыда зерттелмеген, нақты қай ғасырға жататындығы да анық емес. Тарих пен мәдениет туындысы болмаса да, табиғаты көркем бұл мекенді халық қасиетті, киелі деп санайды. Жылаған ата есімімен байланысты бұл табиғи орынды жергілікті халық ислам діні келгенге дейін болған деп те топшылайды. Үңгірдің аузы өзеннен 15 м биіктікте орналасқан. Тастар арасынан шығатын бұлақ бар. Жергілікті халықтың айтуынша, бұл – Жылаған атаның аққан көз жасы екен.

Жылаған ата жайында халық арасында тараған аңыз бар. Ол аңыз бойынша Қаражон ауылында орналасқан Шаш ана әулие мен Абай ауылында орналасқан Құрышхан әулие ерлі-зайыптылар екен. Жылаған ата солардың ұлы деп айтылады. Құрышхан ата мен Шаш ана еліне сыйлы, құрметті адамдар болыпты, бірақ та қатал тағдыр оларға нәресте көруді бұйыртпапты. Уақыт өте келе ол кісілер Алла тағаладан жалбарынып бала тілейді. Күндердің күнінде түстерінде аян беріп: «Сендерге месімен бірге туылатын ұл беремін, тек сендер ол баланы қолдарыңнан түсірмей месті жарып шыққанша бағасыңдар, ол періште болып месті жарып шығады» – дейді.

Айтқандай-ақ Шаш ананың бойына бала бітеді. Бірақ егде тартқан әйел ауыр жүкті ұзақ көтеріп жүре алмай: «Мұндай сынақты менің көтеретін шамам жоқ» – деп Аллаға жалбарынады. Сол сәтте дүниеге келмеген шақалақ, періште сияқты ұшып шығып: «Сіз менің дүниеге келуіме бір күн ғана шыдамадыңыз, енді мен сізді мәңгілікке тастап кетемін» – деген сөздер айтып, жартастардың арасымен, таудың ұшар басындағы үңгірге кіріп, бірден ғайып болады. Әлі дүниеге келмеген сәбидің әкесі отыра қалып, қайғыдан қан жұтып, тоқтамастан өкіріп жылайды. Сол жерде оның көз жасынан сарқырама пайда болады. Көз жасын төгіп отырған бейбақ анамен бірге өзеннің қарама-қарсы жағалауындағы жартастар да қосыла жылағандай болады. Алыстап бара жатқан періште екеуіне: «Ауылға қайтарда арттарыңа қарамаңдар. Сонда бұлақтың тұнық суын сол жерде тұратын адамдар пайдалана алады» – деп айтады. Періштесін қимай бара жатқан Шаш ана шыдай алмай артына қарайды. Сол мезетте ауылға жетпестен сарқырама дәл сол жерде жоқ болып кетеді.

Аңыз әңгімелер бойынша Жылаған ата бұл үңгірде әлі күнге дейін өмір сүреді-міс. Үңгірге барар жолдың тау басында құдық орналасқан. Құдықты қазіргі уақытта да малшылар пайдаланып келеді. Үңгірдің оң жағында кішігірім кесене салынған. Аңыз бойынша құрсақ көтермеген әйелдер осы жерде түнесе нәрестелі болады екен.

Мемлекеттік «Әзірет Сұлтан» тарихи- мәдени қорық-мұражайының құрамына діни-рухани ескерткіш ретінде тізімге алынған.

Деректер

  1. Хашимов М.А. Религиозные памятники Центральной Азии. – Алматы: Изд-во «Сага», 2001. – 252 с. – С. 146.
  2. Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштер: деректі тарихи-танымдық жинақ. – Алматы: «Информ-Арна» баспасы, 2016. – С. 129.
Толығырақ

Суреттер


Кіру