Күлтөбе қаласы

Сипаттамасы

Ортағасырлық жазба деректерге және жергілікті халық арасындағы аңыздарға сәйкес қазіргі Түркістан қаласының тарихы Ясы/Йассы атты кішігірім қалашығынан басталады. Оның нақты орналасқан жері ұзақ уақыт бойы күмәнді болып келді, себебі жазбаша деректерде бұл мәселеге байланысты тұрақсыз мәліметтердің берілуі мен кешенді толыққанды археологиялық деректердің болмауы еді. Тек соңғы жылдары ғана (2011–2017 ж.ж.) Түркістан археологиялық экспедициясының зерттеулері нәтижелеріне сүйене отырып, қорытынды жасауға болады:

1) көне Ясы қаласы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 300–400 м жерде орналасқан Күлтөбе қабатының астында жатыр;

2) Ясы қаласының тарихи негізі б.з. I–II ғ.ғ. мерзімделеді (немесе, нақтылауды қажет ететін, б.з.д. II–I ғғ.).

Жүргізілген топографиялық зерттеулер ежелгі Ясы қаласының аумағы тіктөртбұрыш тәріздес кескінде келгендігін, көлемі 250х240 м төбенің бұрыштары әлемнің төрт тарабына бағытталып орналасқандығын анықтады. Ал Күлтөбе төбесі ежелгі цитадельдің (қала орталығы), сондай-ақ орта ғасырда үстіне орналасқан (VIII–XIII ғ.ғ.) цитадельдің қалдығы болып табылады. Шағын төбе күйінде жатқан ескерткіштің алып жатқан алаңы шамамен 2,6 га құрайды, айналасындағы жер бетінен биіктігі – 8-9 м. Төбе сопақша болып келген, бірақ кейінгі құрылыс жұмыстары кезіндеоның жоспары қатты өзгеріске ұшыраған.

Күлтөбенің оңтүстік-батыс бөлігінде жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде ежелгі Ясы цитаделінен сәулет кешенінің құрылыстары ашылды. Сәулет құрылыстарының бірегей сақталуы (кей жерлерде биіктігі 3,5 м дейін) кешен жоспарын тұтас қалпына келтіруге ғана емес, сонымен қатар ежелгі архитектура тарихының мәселелерін зерттеуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде цитадельден зәулім қамал-кешк ашылды. Ол бірқатар құрылыс кезеңдерінен тұрады. Биік, жобасы бойынша крест тәріздес, екі-үш қабатты мұнара/донжон түрінде салынған. Кейіннен, екінші кезеңде, оған фасад қабырғалары бойынша дөңгеленген мұнаралары бар ұзын келген күмбезді бөлмелер қоршаған аула жалғасқан.

Екінші кезеңнің бөлмелері еденінен б.з. ІІ ғ. ортасына жататын кушандық қола тиындардың табылуы құрылыстың ерте кезеңі мен цитадельдің қызмет ету диапазо- нын б.з.д. ІІ ғ. – б.з. ІІ ғ. жатқызуға мүмкіндік береді (ол тиындар Кушан мемлекеті патшаларының атынан соғылып, Орта Азия жеріне, Ауғанстан, Иранның бір бөлігі және Үндістан аумағына тараған. Олардың билеушілері Қаңлы мемлекетінің патшалары әулетімен туыстық қатынаста болған). Кейбір табылған жәдігерлерден ежелгі құрылыста діни наным-сенімге баса көңіл аударылғанын байқауға болады.

Көлемді бекініс қабырғаларымен қоршалған ежелгі бекіністің әзірге тек оңтүстік бұрышы ғана ашылып зерттелді. Саз балшықтан пақса блоктармен көтерілген бекініс қабырғалары жоспарына сәйкес бұрыштары 120 дұрыс алтыбұрыш болып келуі аумағын болжам бойынша көлденеңінен 60 м қысқартуы мүмкін. Оны б.з.д. II–І ғ.ғ. жататын бірінші қамал-кешк айналасына салынған деп болжауға болады. Әзірге оңтүстік- шығыс бұрыш аумағының (ұзындығы 50 м) тек шағын бөлігі ғана зерттелді. Қабырға да бірқатар қалпына келтіру және қайта салу кезеңдерін басынан өткізген. Кезекті бір күрделі қалпына келтіру жұмыстарында қабырғасы екі есеге қалыңдатылған. Осы кезде атыс ойықтарының (бойница) төменгі қатарының бекітілуі қамалдың қорғаныс стратегиясының өзгергендігі жөнінен хабар береді. Қабырғалары бойынша бұрыштарында орналасқан мұнараларға есігі қорғаныстың жоғарғы жағында болған кең бөлмелер жапсарластырыла тұрғызылған. Қабырғаларының жалпы қалыңдығы бұрыш бөліктерінде 6 м дейін жетеді. Б.з. ІІ ғ. Түркістанның ежелгі цитаделі көлемі бойынша шағын алаңды (шамамен 60х60 м) қамтығанымен, қорғаныс – қабырғасы қалың және бұрыштарында мұнаралары бар мықты бекініс. Оның бір шетіне үш қабатты (?) қамал-кешк тұрғызылған. Жалпы ежелгі цитадельдің келбетін қалпына келтіру осындай болуы мүмкін; дегенмен, оның жоспары мен құрылымының шағын бөлігі ғана зерттелгендіктен, бұл ашылған бөліктері бойынша болжанып отыр. Күлтөбедегі келешектегі жұмыстарда Түркістан қаласының ежелгі цитаделін толық ашу мақсаты тұр.

Бүгінгі күні әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бар Түркістан қаласы жергілікті және халықаралық туризмнің «Меккесіне» айналды. Ал Түркістанның ежелгі цитаделі сәулет-қорғаныс ескерткішінің сақталуы мен маңыздылығы жағынан бірегей болып табылады. Қазақстанның ежелгі қалаларында жасы жағынан осыған тең келетін сәулет құрылыстары жоқтың қасы деуге болады. Ол – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 300 м жерде, яғни «Қазақстанның рухани астанасының» киелі жүрегінде орналасқан. Сондықтан Күлтөбенің ежелгі археологиялық нысандарын консервациялау және музейлендіру жұмыстарын жүргізіп, «Әзірет Сұлтан» Мемлекеттік қорық-музейі шеңберінде экспозициялауды талап етеді. Тарихы тереңге кететін Күлтөбенің ежелгі құрылыстарын «Киелі Түркістан» экспозициясына айналдыру қажет.

Деректер

  1. Смагулов Е.А. Исследования древнего Туркестана: итоги раскопок 2011–2012 гг. // Поволжская археология. – 2013. – № 1 (3). – С. 197–215.
  2. Смагулов Е.А. Из истории кангюйской архитектуры: здания крестообразной планировки // Гуннский форум. Проблемы происхождения и идентификации культуры евразийских гуннов. – Челябинск, 2013. – С. 495–520.
  3. Смагулов Е.А., Ержигитова А.А. Цитадель древнего Туркестана: некоторые итоги археологического изучения 2011–2012 гг. // Известия НАН РК, сер. общ. наук. – 2013. – № 3. – С. 82–99.
  4. Смагулов Е.А., Ержигитова А.А. Древняя цитадель города Туркестана // III Международный конгресс средневековой археологии евразийских степей «Между Востоком и Западом: движение культур, технологий и империй». Отв. ред. Н.Н. Крадин, А.Г. Ситдиков. – Владивосток: Дальнаука, 2017. – С. 247–252.
Толығырақ

Суреттер


Орналасқан жері

Кіру