Қажы Талиға кесенесі
Сипаттамасы
XIX ғ. екінші жартысы. Сайрамның орталығында, ортағасырлық Испиджаб-Сайрамның негізгі көшелерінің қиылысынан 300 м жерде орналасқан. Басты оңтүстік фасады Қарамұртқа апаратын (Әмір Темір көшесі) көшеге қараған.
Сайрамның киелі тарихы Қажы Талиға кесенесі (атауы бұрмаланып бекіп кеткен) Қызыр пайғамбар мешіті және Бибигияс ана кесенесімен бірге қаланың тумасы және оның қамқоршысы есептелетін, аты аңызға айналған Қызыр пайғамбардың Сайрамда болғандығы туралы материалдық дәлелдемелер болып табылады. Жергілікті аңыздарға бойынша оның әкесі Қожа Салих болған (фонетикалық нұсқалары Салық-Қожа, Қожа-Талиға, Қажа-и Тали ата). Жергілікті наным-сенімдерге сәйкес Қызыр пайғамбар Сайрамға әр жұманың ымырт жамылған кезінде келіп, әкесі Қожа Салих пен шешесі Бибигияс ананың қабірінеқұран бағыштаған. Осы деректердің арқасында ескерткіш Сайрамның інжілдік-құрандық агионимдерімен бір қатарға қойылады. Сайрамда айтылып жүрген және «Насаб-намеде» көрсетілген шежіре бойынша Қожа Салих (Шалык/Шалух) Нұхтың (інжілде Ноя) ұлы Самның ұлы болып табылады. Інжілде Салих туралы айтылмайды, бірақ Құранда ол атам замандағы пайғамбарлармен бір қатарда есімі тоғыз рет кездеседі. Құдайдың діни өсиеті жіберілген Салих Арабияның солтүстігінде мекендеген құрандағы халық самудиттердің пайғамбары болған. Дегенмен самудиттер оны қабыл алмаған. «Сонда елі оны жасынға шығарды. Сондықтан жер қатты сілкініп, жұрттарында типыл болды» (Құран, 29 сүре 37 аят). Алайда Құдай рақымымен Салих жер сілкінісінен аман қалған болатын. Осы сюжетте Құдай жазасына ұшыраған көне өсиеттегі Содома мен Гоморра қалаларына тұспалдаушылық көрінеді. Осылайша, Құранға қатынасы бар аңызға айналған дәстүрлер Қажы Талиға кесенесінің пайда болуына байланысты культтің тамыры өте ертеде екенін дәлелдейді.
1963 ж. Шымкент облыстық музейінің тапсырмасы бойынша архитектуралық өлшемі алынады (Т. Поднебесная). 1981–1983 ж.ж. Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінің «Қазақ жобалау-қалпына келтіру» институтының экспедициясы архитектуралық ескерткіштерді төлқұжаттандыру барысында зерттейді. Кесене Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер жинағына енгізілген. 1990 ж.ж. ғи мараттың сақталған бөліктерінде ішінара реставрациялық жұмыстар жүргізіледі. 2004 ж. М.О. Әуезов атындағы ОҚМУ-дің археологиялық экспедициясы кесененің қорғау аймағына, шығыс фасадынан екі метр ара қашықтықтан қазба жұмыстарын жүргізеді, алынған материалдар аңыздар бойынша қарахандар кезеңінде пайда болған ескерткіштің уақытына негізсіз жатқызылмағандығы туралы айтуға мүмкіндік береді. 1980 ж.ж. екінші жартысы – 2000 ж.ж. ескерткіш арнаулы жарияланымдарда Сайрамның мемориалдық құрылыстарының генезисі мен композициялық ерекшеліктеріне байланысты қарас- тырылады (Б.Ә. Байтанаев, Ю.А. Ёлгин).
Кесене XVI–XVII ғ.ғ. тұрғызылған деп есептелсе, ал қазіргі ғимараты XIX ғ. екінші жартысында салынған. Кейінгі аталған мерзімі біршама шындыққа жанасады, себебі Сайрамның культтік құрылыстарын Қоқан ханының өкілдері жаңартқандығы туралы мәліметтер бар. Қабырға қаландысына саз балшық ерітіндісін пайдалану арқылы ортаазиялық үлгідегі әртүрлі пішін мен уақыттағы кірпіштер (34х16х5 см, 35х17х15 см) қолданылған; аркалары мен күмбезі ғаныш ерітіндісін пайдалану арқылы төртбұрышты кірпіштен (23х23х4 см) қаланған.
Інжілдік-құрандық дәстүрге қатынасы бар Қажы Талиға кесенесінің киелі мазмұны құрылыстың әдеттегідей емес құрылымына жанама әсер етуі мүмкін. Бастапқыда кесене екі қабатты күмбезбен жабылған – ішкісі, көлбеулеу, ал сыртқысы, үстіне шағын мұнара орнатылған сфераконусты. 1928 ж. ғимараттың ақырғы бөліктері салынады.
Жоспары бойынша кесене төртбұрышқа жақын (6,4х6,2 м). Төртбұрышты бөлмесінің көлемі 3,37х3,39 м. Алғашқы екі қабатты күмбезінен сақталған аласа көтерілген сфералы кескіндегі күмбезін 2000 ж.ж. жасалған оғаш көрінетін қабат жауып тұр. Архаизмдік үлгідегі аркалық желкендер төртбұрышты бөлмеден күмбезге өту қызметін атқарады. Оңтүстік-шығыс бұрышында шатырына қарай көтерілетін айналма баспалдақ орналасқан. Кірер жеріне жақын «солтүстік-оңтүстік» өсі бойымен бағытталған қарапайым құлпытас орнатылған.
Ескерткіш орталықтанған бір камералы кесене типіне жатады. Оның көлемдік- кеңістіктік композициясы төрт жағы ашық төрт аркалы чортакқа орнатылғандығында. Қажы Талиға кесенесінің сүйір келген аркалары бар төрт бірдей фасады әлемнің төрт тарабы бойынша бағытталған. Батыс фасадына тікбұрышты есік жасалынған. Қалған аркаларында ағаш торымен (панжарамен) жабылған биіктігі кіреберіспен тең келетін, төмен орнатылған терезелері бар. Батыс және оңтүстік фасадындағы аркалар ешқандай өрнегі жоқ қалған екеуіне қарағанда «П» тәрізді жақтаумен және архитектуралық жетілдірумен орындалған. Сондықтан оларды «порталдар» деп атауы мүмкін, бірақ негізгі көлемінен не биіктігі, не ені бойынша шықпағандықтан, архитектуралық болып табылмайды. Олардың бүгінгі таңда толық жойылып кеткен өрнектеріне басты көңіл аударылған. Оның негізін ғаныш бойынша пішіндік оймыштау техникасында орындалған халықтық өрнегі бар құмыра тәрізді базалар үстіндегі кедір-бұдырлы дөңгеленген бағаналар құрайды. 1960 ж.ж. «шай табақ» түріндегі жұпынылау келген әшекейлердің ізін көруге болатын еді. Фасадтарының жоғарғы жағынан кірпіштер қырынан қатар қойылған түрдегі дандана кеткен (бұзылған). Батыс және оңтүстік фасадының бөлінісінен тамыры қарахандық және саманидтік кезеңге кететін сопылық идеология мен тәжірибеге байланысты белгілі үрдістер байқалады. Қазіргі уақытта кесене тарихи және иконографиялық мәліметтерді есепке алмай «реставрацияланған». Нәтижесінде, ол Сайрамның басқа да кесенелеріне қарағанда өзінің «Тұпнұсқалығынан» айырылған.
Республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші. 1982 жылдан бастап мемлекет қорғауына алынған. Мінәжат ету және діни туризм нысаны.
Деректер
- Байтанаев Б.А., Елгин Ю.А. Культовая архитектура Южного Казахстана: Архитектурно-археологические исследования памятников позднего ислама. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2013. – 302 с.
- Байтанаев Б.А., Елгин Ю.А. О некоторых особенностях мемориального зодчества Сайрама // Кадырбаевские чтения-2007: матер. междунар. конф. (16–18 мая 2007, г. Актобе). – Актобе: [ПринтА], 2007. – С. 340–344.
- Беркинбаев Е., Мирхалдаров М. Святых в Сайраме не счесть…. – Алматы: Өнер, 2000. – 128 с.
- Елгин Ю.А. Двухпортальные мавзолеи Сайрама: Генезис и композиция // Археология и история Центральной Азии: К 70-летию со дня рождения академика Республики Узбекистан Ю.Ф. Бурякова. – Самарканд, 2004. – С. 69–72.
- Исламизация и сакральные родословные в Центральной Азии: наследие Исхак-Баба в нарративной и генеалогической традициях. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – Т. 2: Генеалогические грамоты и сакральные семейства: насаб-нама и группы ходжей, связанных с сакральным сказанием об Исхак-Бабе в XIX–XX веках. – 368 с.
- Мухамедиева Н.Н. Мавзолей Ходжи-Талига // Свод памятников истории и культуры Казахстана. – Алма- Ата: Гл. ред. «Қазақ энциклопедиясы», 1994. – Т. 1: ЮКО. – 368 с. – С. 206.
- Тулибаева Ж.М. Трактат о святых Мадиат ал-Байда и Испиджабе // Вестник КазНУ им. аль-Фараби: Сер. историч. – 2003. – № 3 (30). – С. 8–16.
- Devin DeWeese. “Sacred History for a Central Asian Town: Saints, Shrines, and Legends of Origin in Histories of Sayram, 18th–19th Centuries,” Figures mythiques des mondes musulmans, ed. by D. Aigle. – Aix-en-Provence, France: Edisud, 2000. – P. 245–295.