Қази Байзаби кесенесі
Сипаттамасы
XIX ғ. ортасы– XX ғ. басы. Сайрамның (Испиджаб) тарихи орталығының оңтүстік-батыс бөлігінде, оңтүстік қақпасынан шығар жерінде орналасқан. Қазіргі уақытта батыс фасады Жүсіп Сайрами көшесіне қараған.
Киелі дәстүрі «Мадинат-әл-Байда мен Испиджаб әулиелері хақындағы трактат» (XVII ғ. аяғы–XVIII ғ. басы) мәліметтеріне, көптеген жөн-жосықтар мен болжамдардан туындаған ауызша әңгімелерге негізделген. Қази Байзабидің жерленген жері «...әулиелері хақындағы трактатта» «нұр сәулелі жерлеу орны мен Хазіреттің хош иісті қабірі өз уақытының асқан ғалымы Қази Байзабидің, қазіргі мәртебелі есімі Қази Қожаның тірегіне айналған шахтың баспанасы» (Ишан Қожа есімі де кездеседі) деп айтылады. Қази Байзаби туралы әңгімелер қаншалықты мәнерлі болса, соншалықты түсініксіз және қарама- қайшылықты. Ол Құранға түсініктеме беруші ретінде де теңестіріледі. Ауызша жеткен дәстүрлерде Қази Байзаби (Алланың әмір етумен Мұхаммед Пайғамбарға түскен және одан, Пайғамбарға жақын замандастары мен серіктестерінен бастап көптеген адамдардың куәгерлігі арқылы бізге келіп жеткен) Құран Кәрім мен хадистерді жатқа білген. Сайрамның байырғы тұрғындары Құранды түрік тіліне алғаш рет аударған тәржімашы деп айтады. Бұл туралы мәліметтер бізге бұрмаланған түрде жеткендігін «... әулиелері хақындағы трактатты» құрастырушы мойындайды: «... тарих кітабында (сахафа-и тарих) дәлдік жоқ». Қази Байзаби IX–X ғ.ғ. өмір сүрген секілді. (Испиджабтың?) билеушісі оны «Байза (осы жерден нисба?) уәлаятында Мавляна Насыр ад-Диннің нұсқауларына сәйкес, оны Гераттан орыс бекінісіне дейін бағынған ислам Қазиы етіп тағайындап, оған алтын су және жоғары мөрмен безендірілген тиісті жарлықты тапсырады». Бұл туралы билеушіге баянды аңыз жеткен, ол «үш рет ажырасқан» кіші әйелін некеге отырғызу үшін ханафит заңгерлерінің арасында улема-риват іздеді, бірақ билеушіге (падшах) тек Шафи-и Қази Қожа оқымыстыны іздеуге кеңес береді. «Билеуші мұны орындады, – дейді деректе, – және оны өзінің бүкіл патшалығына qazi етті». Қази Қожаны билеушіге қази болу үшін лайықты шешім шығарғаны үшін айыптады. Бірақ «...әулиелері хақындағы трактатты» құрастырушы «шын мәнінде, ол мұны мақұлдағаны немесе мақұлдамағаны белгісіз» екенін байқаған. Бұдан әрі, Қази Байзаби туралы түсініксіз жайттар айтылады, «tafsir орындау кезінде синтаксистің ережелеріне негізделген, ал басқасын – морфологияның ережелеріне негізделген бір пікірді көтереді». Халық аңыздарында ол әділ төреші және ағартушы адам ретінде аты шыққан.
Археологиялық және тарихи-сәулеттік қатынастағы ескерткіш әлі толық зерттелмеген. 1981 ж. тарихи-мәдени ескерткіштерді төлқұжаттандыру кезінде Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінің «Қазақ жобалау-қалпына келтіру» институтының экспедициясы зерттеді. Ол Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштері жинағына енгізілген (Н.Н. Мұхамедиева). Қази Байзабидің өмір- баянына шолу жасау (М. Мирхалдаров, Ж.М. Тулибаева, Девин Дюйс) фольклор саласына кірмейді және кесененің пайда болуы мен эволюциясы туралы нақты мәліметтер берілмейді.
Күмбездің алғашқы ғимараты кейінірек – XIX ғ. пайда болған деп болжауға болады, дегенмен «...әулиелерi хақындағы трактатта» «оның қабірі қазір (яғни XVIII ғ.) көрінбейді», – деп айтылады (Девин ДиУис). Сайрамның басқа кесенелерімен ұқсас болғандықтан, қазіргі ғимараты XIX ғ. ортасы – екінші жартысында Сайрам тарихының Қоқандық кезеңінде салынған болуы мүмкін. Кейінірек оған тағы бір бөлме – зияратхана немесе намаз оқу мешіті жалғанған. Ескерткіш біздің уақытқа бұзылған және өзгерген күйінде жеткен. Дегенмен оның көлемдік-кеңістіктік құрылымынан Сайрамның басқа екі порталды кесенелерінің негізінде жатқан киелі идеяны табуға болады.
Порталды-күмбезді екі бөлмелі кесене. Ғимарат («Г» тәрізді пішінде, тікбұрышты жоспарда келген оның көлемі – 6,8х8,1 м, биіктігі – 9 м) күйдірілген кірпіштен арасына әкті-балшық ерітіндісін пайдалану арқылы тұрғызылған. Ол 4 құлама темір шатырмен жабылған. Көлемдік-жоспарлық құрылымына қарағанда оңтүстік және батысқа бағытталған, маңыздылығы бірдей фасадты-порталды болып, бұрыш жасап орналасқан. Сайрамның басқа да мазарлары сияқты алғашқы кесене порталды-күмбезді бір камералы құрылыс болған. Оңтүстік порталында есік орналасса, ал батыс порталы саңылаусыз келсе де, өзіндік киелі маңыздылыққа ие. Кесененің цилиндрлі барабанының үстінде сфероконусты күмбезі бар, ол металл қаптамамен жабылып, бүгінгі күнге дейін өзгерген түрде сақталған. Бүгінгі күндегі батыс фасадтағы айван-бастырма – ол,темір шатырмен қиғаш жабылған және батыс порталды орта биіктігіне дейін бұзбай сақтап тұр. Пилондардың беткі жағында бір кездері тікбұрышты келген нишалар болған. Кейінірек бір камералы кесенеге үлкен айванмен безендірілген, есігі оңтүстікке қараған, тегіс жабындылы келген жоспары бойынша төртбұрышты аумақ жалғастырыла салынған. Батыс қабырғаның интерьеріне михраб нишасы жасалынған – әлбетте, кейінірек бөлмеге жапсарлай салынған зияратхана немесе намаз оқу мешіті маңызды рөл ойнаған. Екі порталды, бір камералы кесене құрылымын жоғалтқанымен, Қази Байзаби кесенесі өзінің киелі кеңістігін сақтап қалды, мұны оның екі айванының бары мен олардың оңтүстік пен батысқа бағытталуы, сондай-ақ батыс порталының ішкі бұрышындағы исламға дейінгі культті меңзейтін салттық нишаның болуы көрсетеді. Интерьері мен сыртқы қабырғасы сыланып, әктелген.
Республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші. 1982 ж. бастап мемлекет қорғауына алынған. Зиярат ету және діни туризм нысаны.
Деректер
- Беркинбаев Е., Мирхалдаров М. Святых в Сайраме не счесть…. – Алматы: Өнер, 2000. – 128 с.
- Мухамедиева Н.Н. Мавзолей Кази Байза // Свод памятников истории и культуры Казахстана. – Алма-Ата: Гл. ред. «Қазақэнциклопедиясы», 1994. – Т. 1: Южно- Казахстанская область – 368 с. - С. 205.
- Тулибаева Ж.М. Трактат о святых Мадинат ал-Байда и Испиджабе // Вестник КазНУ им. аль-Фараби: Сер. историч. – 2003. – № 3 (30). – С. 8–16.
- Devin DeWeese. “Sacred History for a Central Asian Town: Saints, Shrines, and Legends of Origin in Histories of Sayram, 18th–19th Centuries,” Figures mythiques des mondesmusulmans, ed. by D. Aigle. – Aix-en-Provence, France: Edisud, 2000. – P. 245–295.