Қаратөбе қаласы

Сипаттамасы

Ескерткіш Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданының батыс шетінде, Түркістан қаласынан батысқа қарай 40-42 км жерде орналасқан. Қаратөбе қаласы VI (?) – XIV ғ.ғ. тарихи Сауран қаласының ежелгі орны болып табылады. Оның топографиясын бір-бірімен үйлесіп жатқан үш қатар бекініс қабырғасымен қоршалған кеңістік деп сипаттауға болады.

Жалпы дұрыс шеңберлі келген, дегенмен қисық контуры бар сыртқы қабырғаларының диаметрі – 1900-2000 м, алып жатқан ауданы – 3 км2 астам. Қабырғаларының кейбір жерлері түзу, кейде түзу бұрыштар құраған, кейде доға тәріздес болып келеді. Сыртқы қабырғаларының ішін қамтыған кеңістігінде құрылыс кей жерлерінде ғана, әсіресе батыс жағындағы жартысында тығыз салынған. Жаппай құрылыс алабы бүкіл ішкі аумағының төрттен бір бөлігін алып жатыр. Аумағының қалған бөлігінде күрделі ғимараттар жаппай салынбаған сияқты, ол жерде әскери-далалық лагерь орналасқан жеңіл-желпі құрылыстар болуы мүмкін. Орталығында тұтастай күрделі құрылысты қаланың өзі орналасқан. Қаланыңбұл бөлігі бастапқы кезде жоспары бойынша төртбұрышты пішінде, бұрыштары әлемнің төрт тарабына бағытталған, әрбір жағының ұзындығы шамамен 550 м болатын 0,3 км алаңды алып жатқан болуы мүмкін.

Осы бөлігінің ортасындағы оңтүстік қабырғасы түзу келген сопақша түріндегі қаланың орталық төбесі (ежелгі цитадель) көзге түседі. Оның аумағы – 340х280 м, төбе айналасын қоршаған «төртбұрышты» аумақтан 6-8 м биік жатыр. Төбе орталығының микро топографиясынан көрінетін «шөккен» тікбұрышты бөлігінің көлемі – 130х115 м, оның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі үлкен төбе қала аумағы бойынша ең биік нүкте болып есептеледі.

Оңтүстік Қазақстан қожалары туралы басылып шыққан «Насаб-намада» келтірілген мәліметтер VIII ғ. бірінші жартысында өңірге ислам діні тараған кезеңдегі Сауран қаласының рөлін бағалауға мүмкіндік береді. Сауран қаласының ежелгі кезде «Сұлхан» деп аталғаны және ол жерде мұсылмандар мен кәпірлердің арасында шайқас болып, одан кейін жаңа қала тұрғызылғандығы туралы айтылады (шамасы, бұрынғы қала қалпына келтірілген). Онда Сайрам ауданында мұсылмандардың Түббатдар, шамасы жергілікті билеуші-христиан (пұтқа табынушы?) әскерімен қиян-кескі соғысынан кейін, олар жеңіліп, Сауран ауданына қашқандығы жазылады: «Хадрат Шах 'Абд ал-'Азиз-баб, осы Сайрам шайқасында азап шегуші болды. Содан кейін Түббат-дар падишахы қазір түріктер Сауран деп атайтын, Сұлхан жаққа қашты... Осыдан кейін Ысқақ баб, Сұлхан қаласында бірнеше тәулік шайқас жүргізіп, жаулап алып, қырық мың христианды өлтіреді. Жеті мың мұсылман азап шегушілер болды. Түббат-дар падишахты христиан халқынан шыққан басқа екі падишахымен өлтірді. Осыдан кейін, Ысқақ баб хадраты Түркістан жерін, Йасы, Суйри, Қарнақ, Иқан және Темір Құбқан, Багистан, Йетти-канд, Алтмыш, Отырар, Сығанақ және басқа да өңірлер мен ауылдардан, түркі тайпалары Теңгіз деп атайтын теңізден (басқа) теңізге дейінгі қоныстанған адамдардың барлығын – бәрін де, бәрін де исламға бет бұрғызды». Сауран осы қиын кезеңде «дін үшін соғыс» орталығына айналған сияқты. Оны жаулап алынуы бүкіл Оңтүстік Қазақстан аймағы араб-мұсылман әскерлеріне бағынышты деп белгіленіп, жергілікті қала тұрғындарының көп бөлігі исламға бет бұрады.

Осы мәліметтер аясында VІІІ ғ. мұсылман экспансиясына қарсы күресте қорған, ал жаулап алғаннан кейін жаңа дін мен мәдениетті таратушы форпост болған Сайрам, Отырар, Сауран сияқты ежелгі қалалармен байланысты көптеген «әулие- азап шегушілер» туралы Оңтүстік Қазақстандық фольклорлық аңыздардың шығу себебі түсінікті бола бастады. Осы трагедиялық оқиғалардың ізі қаланың оңтүстік және солтүстік жағында, қалалық сыртқы қабырға шеңбері ішінде орналасқан екі үлкен зираттың ерте қабаттары болуы мүмкін. Бұл жерден алғашқы газилар соңғы панасын табуы ықтимал.

Бұл зираттар археологиялық тұрғыдан зерттелмеді. Тек жақын маңайда орналасқан, жергілікті тұрғындар «Жалаулы ата әулие» деп атайтын саз балшықтан тұрғызылған кесененің қирандылары тазаланды. Ол адам аңыздарға сәйкес Ысқақ баб әскерінің ту ұстаушысы жәнеайрықша құрметке ие болған тұлға ретінде танылады. Кесененің айналасында көптеген түрлі және әртүрлі кезеңдермен мерзімделетін бейіттер бар. Кесене сағанасының жанында араб жазуларының үзіндісі бар тас бағана сынықтары табылды. Тас бағаналар осы жерде іздері байқалатын үлкен намазгох-мешітін сәндеуге пайдаланғанын болжауға болады. Ол қаланың сыртқы қабырғасында болғанға ұқсайды, өйткені оның басым бөлігі ішкі жағында, ал қалғаны сыртқы жағында. Егер солай болса, онда бұл намазгохтың өте үлкен көлемде – тікбұрышты қабырғаларының 200x225 м болып келуі таң қалдырады.

Қаланың оңтүстік бөлігінде «Сәдуақас ата әулие» деп аталатын тағы бір зират орналасқан. Аңыз бойынша бұл тақуа адам –алғашқы мұсылман насихаттаушыларының бірі, Сауранның әкіміне қызмет етіп, Аллаға құлшылық ету жолындағы керемет істерімен танымал болған. Оның қабірінің үстіне ұзындығы 9 метр үлкен сағана тұрғызылған. Ал бұрында бұл жерде кесене мен мешіт болған деседі. Қазіргі кезде бұл ғимараттардың тіпті іздері де қалмаған. Жанында қасиетті суы бар көне құдық орналасқан. Ол төртбұрыш пішінді күйдірілген кірпішпен шегенделген. Жергілікті халық аңыздарына сәйкес, Сәдуақас ата Сырдарияның орта ағысындағы аумаққа ислам дінін тарату мен нығайтудағы сіңірген еңбегі бойынша Шайдай шейх және Қожа Ахметпен теңестіріледі.

Сағана мен құдықтың айналасында көне бейіттердің көптеген іздері бар. Пақсадан салынып түбегейлі жойылып кеткен төртбұрышты қоршаулар – «хазира» деп аталатын жерлеу орындары бар. Аталған қалалық қорым және Жалаулы ата зираты осы күнге дейін жергілікті халық пен алыстан келген зияратшылардың мінәжат ету және ғибадат жасау орны болып отыр.

Бұл жерден Қазақстан үшін ерте ислам дәуірінде өмір сүрген тұлғалармен байланыстыратын ежелгі қала мазарларының сирек түрлерін кездестіреміз. Сондықтан ежелгі Сауран қорымында әрбір мұсылман үшін қасиетті болып табылатын және дін үшін күрес жүргізіп, қаза болған адамдар жерленген деп болжауға болады.

Жүргізілген археологиялық зерттеулер Қаратөбе қаласының қарқынды қалалық өмірінің даму шегі ХІІІ ғ. шектелетінін көрсетті. Қала орнының жоғарыда суреттелген топографиясы қаланы ІХ–ХІІ ғ.ғ., яғни қарахандар мен саманидтер кезеңіне, Қазақстанның оңтүстік өңірінде қалалық өмірдің жоғары дәрежеде гүлденген уақытына жататынын сипаттайды.

Деректер

  1. Муминов А.К. Кокандская версия исламизации Туркестана // Подвижники ислама. Культ святых и суфизм в Средней Азии и на Кавказе. – М.: ИВЛ, 2003. – 267 с.
  2. Смагулов Е.А. Древний Сауран. – Алматы: Абди, 2011. – 378 с.
Толығырақ

Суреттер


Кіру