Қараүңгір, үңгірлі тұрағы
Сипаттамасы
Ескерткіш Қаратау жотасының оңтүстік баурайында, өзімен аттас өзеннің сол жағалауында, Мақталы ауылынан солтүстікке қарай 10 шақырым жерде орналасқан (ОҚО, Түлкібас ауданы).
Қараүңгір тұрағы Қазақстан территориясындағы адамдар неолит дәуірінен (б.з.д. V–IV мың ж.) бастап қоныстанған тас дәуірімен мерзімделетін ежелгі тұрақтардың бірі болып саналады. Тұрақты бірінші болып Х.А. Алпысбаев 1959 және 1973 ж.ж. ашып, зерттеді. 1992 ж. Қазақ-Ресей археологиялық экспедициясының тобы үңгірге қосымша зерттеу жүргізеді.
Үңгір тектоникалық және карст үдерістері нәтижесінде әктас жыныстарында түзелген. Қалыптасқан қуыстың өлшемдері келесідей: ең жоғарғы биіктігі – шамамен 15 м, ені – 43 м жуық және тереңдігі – шамамен 39 м. Үңгір мекендеуге өте ыңғайлы, жанынан өзен ағып өтеді, жарық жақсы түседі, кең және түзу қалқалы табаны бар. Археологиялық жұмыстардыңнәтижесі үңгірге адамдар неолит уақытында қоныстанғаны және одан кейінгі энеолит, қола және ерте темір дәуірлерінде қоныстану іздерінің бары жайлы ақпарат береді. Бірнеше қабаттан тұратын осы нысанда оқтын-оқтын жүргізілген шағын зерттеу жұмыстарынақарағанда, палеолит дәуірінің қалдықтарын табу мүмкіндігі де бар.
Тұрақта жүргізілген қазба барысында тас және сүйек артефактілер, жануарлардың сүйектері мен тістерінен жасалған әшекейлер, қабыршақтан жасалған бұйымдар, керамика сынықтары және одонтологиялық олжалар табылған. Тас құралдар микроөзектастар мен микротілікшелерден, екі жақтамалы ірі өзектастардан тұрады. Еңбек құралдары арасында екі шеті түзетілген тілікшелер, қыстырмалар, қырғыштар, сонымен қатар геометриялық микролиттер, өткір жүзді құралдар, кескіштер, кельтеминар типті жебе ұштары және т.б. кездеседі. Сүйектен жасалған бұйымдар: тескіш, ине, жебе ұштары, «қалақша» және де алқа және моншақ түріндегі әшекей бұйымдар. Беті жақсы тегістелген, екі жағы өрнектелген тас сынықтары ерекше қызығушылық тудырады: әр 2–5 мм сайын бір жағында алты, екінші жағында жеті кертігі бар (сынған жеріне дейін).
Арқар, қабан, елік, марал, жабайы қой сияқты және тағы басқа тұяқты жануарлардың табылған сүйек қалдықтары Қараүңгір тұрғындарының шаруашылық негізін аңшылық құрағандығын көрсетеді. Қазба барысында табылған тістер төрт немесе бес адамға, 20–30 жас шамасындағы үш әйел кісіге және тағы бір-екеуі 55–60 жастан асқан кісіге тиесілі. Олардың басқа антропологиялық бөліктерсіз табылуы магиялық ғұрыптарда пайдаланылған және амулет ретінде тағылған деп пайымдауға мүмкіндік береді. Мысалы, үңгірде табылған тістердің бірінде қызыл түсті заттың қалдықтарымен бірге тағуға арналған тесігі бар.
Қараүңгір тұрағының материалдары Қазақстанның оңтүстігінде, бір жағынан бастапқы жарықшақтау техникасы, қосымша өңдеу және еңбек құралдары бойынша кель- теминар мәдениетімен (Оңтүстік Арал маңы) ұқсас, екінші жағынан екі жақтамалы өзектастары мен құралдары гиссар материалдарына (Оңтүстік-батыс Тәжікстан) және орталық Ферғана мәдениетіне ұқсас өзіндік неолиттік мәдениеттің болғандығын көрсетеді.
Қазіргі уақытта Қараүңгір тұрағы облыстық дәрежедегі археология ескерткіші, ішкі туризм және тауап ету нысаны болып табылады.
Деректер
- Алпысбаев Х.А. Неолитическая стоянка в пещере Караунгур (Южный Казахстан) // Известия АН КазССР. – Сер. обществ. наук. – 1969. – Вып. 2. – С. 85–87.
- Нохрина Т.И., Таймагамбетов Ж.К. Украшения из камня, кости и раковин из пещеры Караунгур (Южный Казахстан) // Актуальные проблемы Сибирской археологии. – Барнаул: Изд-во АлтГУ, 1996. – С. 42–44.
- Таймагамбетов Ж.К., Нохрина Т.И. Археологические комплексы пещеры Караунгур (Южный Казахстан). – Туркестан: Мирас, 1998. – 186 с.