Қарашаш ана кесенесі

Сипаттамасы

XII–XIX ғ. ортасы. Сайрамның орталығында, Жүсіп Сайрами және Әмір Темір көшелерінің қиылысынан 100 м қашықтықта, ескі зираттың шетінде, биік жерде орналасқан, оның оңтүстік фасады Әмір Темір көшесіне қараған.

Қарашаш ана кесенесінің киелі дәстүрі Қожа Ахмет Яссауидің анасы болып, ол қайтыс болғаннан кейін осы жерге тұрғызылған деген аңызға айналған әңгімелерге сүйенеді. Жазба деректер бойынша, ең бастысы «Мадинат-әл-Байда мен Испиджаб әулиелерi хақындағы трактаты» (XVII ғ. соңы–XVIII ғ. басы) мен XIХ–ХХ ғ. басындағы фольклорға негізделеді. Сол уақытта ескерткіштің қазіргі атауы пайда болған – аңыз- әңгімелер бойынша кесене күмбезінің ұшар басына Қожа Ахмет Яссауи анасының бір бұрым қара шашы байланған, осылайша оның лақап есімі мен кесененің аты – «Қарашаш ана» пайда болады. Оның шын есімі Айша бибі (Айша қатын). XVII ғ. аяғындағы аңыз-әңгімелер бойынша ол – Қожа Ахмет Яссауидің әкесі Ибраһим атаның ең танымал шәкірттерінің бірі болған Мұса шейхтың қызы. XVII ғ. аяғындағы аңыз- әңгімелерде оны XIII ғ. соңында Ташкенттің «әулиесі» болған Омар Багистани шейхтың қызы, қарындасы немесе немере қарындасы болған дейді (Девин ДиУис). Деректер мен аңыздарда Айша бибі қарахандықтар кезеңінің білімді және тақуа әйелдердің бірі ретінде суреттеледі. Қарашаш ана кесенесіне кіріп шығу Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зи- ярат ету салтының бастауы болды.

Ескерткіш туралы деректер 1925 ж. жарық көрген М.Е. Массонның «Старый Сайрам» тарихи-археологиялық очеркінде кездесуі ғылыми зерттеу жұмысына бастама болады. 40 жыл бойы ұмыт қалғаннан кейін, Шымкент облыстық музейінің құрылыс ісі және сәулет өнері жөніндегі облыстық бөлімінің (Т. Поднебесная) тапсырмасы бойынша кесененің толық өлшемі алынып, сызбасы бар қысқаша тарихи анықтамасы мен сипаттамасы жасалады. 1983 ж. ескерткішті қалпына келтіру жұмыстарына байланысты алынған өлшемдері қайта пысықталды. Осы уақытта кесене Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығына енгізіледі (Н.Н. Мухамедиева). 1980 ж.ж. екінші жартысы – 2000 ж.ж. басында Қарашаш ана кесенесі бірқатар жариялымдарда өзінің композициялық ерекшеліктері мен екі порталды кесене генезисіне байланысты қарастырылады (Б.А. Байтанаев, Ю.А. Ёлгин). 2000 ж.ж. басында Сайрам тарихы бойынша жазба деректерді зерттеумен байланысты Қарашаш ана кесенесінің агиографиясы мәселесі де қарастырылады (Ж.М. Тулибаева, Девин ДиУис).

Қарашаш ана қайтыс болғаннан кейін немесе кейінірек жерленген жеріне мемориалдық құрылыс – кесене немесе мешіт салынған деп жорамалданады. Дегенмен, бізге жетіп отырғаны бірінші, тіпті екінші ғимарат емес. М.Е. Массон ғимараттың тұрғызылуын өз көзімен көрген адамдардан жинаған ақпараттарға байланысты қазіргі кесене 1851–1852 ж.ж. салынған деп мәлімдейді. Бұл кезеңде Оңтүстік Қазақстан қоқандықтардың қол астына бағынып, Сайрам Қоқан хандығының құрамына ташкенттік биліктегі уәлаяттардың бірі ретінде кіреді, осы кезде діни ғимараттардың құрылысы жанданады. Оңтүстік Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейін 1860 ж.ж. бастап кесене бірнеше рет қалпына келтірілгенін жоққа шығаруға болмайды, оны қабырға қаландысының ерекшеліктері – төменгі қатарларының бірнеше кірпіші ғаныш ерітіндісімен, ал жоғары қарай балшықты пайдалану арқылы тұрғызылғандығы көрсетеді. Кеңестік уақытта күмбез өзінің пішінін өзгертіп бірнеше рет жаңартылды. 1996 ж. ескерткіштің келбеті өзгертіліп, ақ жалпақ метал- мен жабылады.

Қарашаш ана кесенесі – порталды-күмбезді бір бөлмелі құрылыс, оның кейінгі ортағасырлық келбеті культтік сәулет өнерінің архитектуралық пішінінің барлық қағидасын жинаған – төртбұрышты жоспардағы қабірханасы, шығып тұрған порталы, цилиндрлі барабан үстінде сфе- роконусты күмбезі бар.

Ғимарат (жалпы көлемі – 6,8х8,6 м, биіктігі – 7,25 м) іргесі тастан, үсті күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Көлемдік-кеңістіктік композициясынан қабірхананың төртбұрышты жоспардағы негізгі призмалық көлемі кесененің оңтүстік және батыс фасадына сәйкес құралған порталдың (пештак) негізгі көлеміне тірелген, сегіз қырлы бөлігіне орнатылған цилиндрлі барабан үстіндегі сфероконусты күмбезі анық байқалады. Құрылымдық үлгісі тым қарапайым: төртбұрышты жоспардағы бөлменің дөңгелек күмбез негізіне өтуі қарапайым төрттік бұрыш қиғаштығы тәсілімен жүзеге асқан (жабылған кеңістіктің кіші аралығы оған мүмкіндік береді).

Ескерткіштің басты композициясының ерекшелігі – бір бөлмелі порталды-күмбезді кесененің өзгеше типінде болуы және бұрыш жасап тұрғызылған екі бірдей (ені бойынша сәл ерекшеленетін) порталының бар екендігі. Батыс бөлігіне есік жасалса, ал оңтүстік пештактың осы жеріне, кесенеге кіру өлшемі бойынша тең келетін панжара торлы терезе төмен орнатылған. Аталған ерекшелік кесененің киелі мазмұнымен байланысты: мұнда қарахандық дәуір мен исламға дейінгі культқа тереңдеп кеткен әулие моласына зиярат етудің сопылық салт жоралғысы көрініс тапқан. Құрылыстың барлығына көлем беріп тұрған порталдары оның идеялық көркінің басымдығы болып табылады. Пішіні бойынша төртбұрышқа жақын пештактарына, әдетте сүйір келген арка жасалынған. Оларда ою-өрнектер жоқ. Олардың әшекейлері порталдардың қапталындағы пилондардың беткі жағындағы терең емес сүйірлі және тікбұрышты нишалар болып табылады.

Қабырғалардың интерьері мен күмбезі сыланған. Есіктің үстіндегі жарық түсетін тесік тормен (панжар) бекітілген. Еденіндегі құмның үстіне кірпіш төселген.

Республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші. 1982 ж. бастап мемлекет қорғауына алынған. Мінәжат ету және діни туризм нысаны.

Деректер

  1. Байтанаев Б.А., Ёлгин Ю.А. Культовая архитектура Южного Казахстана: Архитектурно-археологические исследования памятников позднего ислама. – Алматы, 2013. – 302 с.
  2. Байтанаев Б.А., Ёлгин Ю.А. О некоторых особенностях мемориального зодчества Сайрама // Кадырбаевские чтения-2007: матер. междунар. конф. (16–18 мая 2007, г. Актобе). – Актобе: [ПринтА], 2007. – С. 340–344.
  3. Беркинбаев Е., Мирхалдаров М. Святых в Сайраме не счесть…. – Алматы: Өнер, 2000. – 128 с.
  4. ДиУис Д. Ахмад Йасави // Ислам на территории бывшей Российской империи: Энциклопедический словарь. – М.: Восточная литер. РАН, 2003. – Вып. 4. – С. 10–11.
  5. Ёлгин Ю.А. Мавзолей Карашаш-ана: (Историко- архитектурные заметки) // Известия НАН РК. Сер. обществ. наук. – 2005. – № 1. – С. 218–230.
  6. Массон М.Е. Старый Сайрам // Известия Средазкомста риса. – Ташкент, 1928. – Вып. 3. – С. 23–42.
  7. Мухамедиева Н.Н. Мавзолей Карашаш-ана // Свод памятников истории и культуры Казахстана. – Алма-Ата: Гл. ред. «Қазақ энциклопедиясы», 1994. – Т. 1: ЮКО. – 368 с. – С. 205.
  8. Сафи ад-Дин Орын Қойлақы. Насаб-наме. – Тукістан: Мұра, 1992. – 44 б.
  9. Тулибаева Ж.М. Трактат о святых Мадиат ал-Байда и Испиджабе // Вестник КазНУ им. аль-Фараби: Сер. историч. – 2003. – № 3 (30). – С. 8–16.
  10. Baitanayev B.А., Yolgin Yu.А. Islamic architecture on the territory of south Kazakhstan // Oriente Moderno: Nuova serie, anno XXVI (LXXXVII), I, 2007. Stadies of Central Asia. − P. 36–52.
  11. Devin DeWeese. “Sacred History for a Central Asian Town: Saints, Shrines, and Legends of Origin in Histories of Sayram, 18th – 19th Centuries,” Figures mythiques des mondes musulmans, ed. by D. Aigle. – Aix-en- Provence, France: Edisud, 2000. – P. 245–295.
Толығырақ

Суреттер


Орналасқан жері

Кіру