Қарнақ, киелі кешені

Сипаттамасы

Түркістан қаласының маңайында 2-3 ортағасырлық ежелгі ауылдар бар. Олар, әдетте, ғибадат орны болып табылатын көптеген қасиетті жерлермен байланысты. Қасиетті ескерткіштерге толы осындай орталықтардың бірі – Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 25 км орналасқан Қарнақ ауылы.

Бұл ауыл әйгілі Әмір Темірдің қалауымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне орнатылған Тайқазан құйылған жер ретінде белгілі болуымен қатар, мәдениет және білім орталығы болып қала берді. Қарнақта белгілі қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің әкесі білім алған. Мұнда адамдар ежелгі Шаммат ишан мешіт- медресесіне барып зиярат етеді. Оның негізгі және бастапқы кезеңі XVII ғ. өмір сүрген Яссауи сопылық мектебінің уағызшысы Шамат есімді шайхының атымен байланысты.

Бірнеше кезеңде қалыптасқан кешен құрылысы мазар (кесене), мешіт, медресе қызметтерін атқарып келеді.

Мешіт қаланың батыс жағындағы сауда алаңында орналасқан. Архитектуралық кешен құрылысы ретінде 1870 ж.ж. қалыптасқан. Мешіт ғимараты негізгі үлкен ғибадат залдан, жер асты бөлмесі бар қылуетті қамтитын кіші залдан, шаруашылық бөлмелерінен және дәлізден тұрады. Құрылыстың әр кезеңде салынғаны жайлы оның жоспарлану композициясынан және еден деңгейінен 1,5 м биіктіктегі айырмашылығынан байқалады. Кешендегі ғимараттың біртұтас көлеміне біріккен барлық бөлмелердің сәулеттік безендірілуі және қабырғадағы арабша жазулар мен мәнерленіп жапсырылған гипстер түріндегі интерьерінің көркемдік рәсімделуінің үйлесімділігі біршама алыс жатқан түркістандық Қожа Ахмет Яссауи ханакасынан көрініс тапқан (сталактиттер, ірге панелі, көгілдір түсі, қабырғаға салынған өсімдікке ұқсас өрнектер). Ескерткіштің биік бағаналардан тұратын аулаға қараған фасады айван түрінде жабылып, ағаш төбе жабындылары полихромды жазбалармен көркемделіп жабдықталған. Фасадындағы қос залдан ерекшеленетін жалған күмбездері кейінгі уақыттағы темір шатырдың астында көрінбей қалған. «Г» пішінді бір қабатты медресе құрылысы аула жағындағы қаз-қатар орналасқан құжыралар мен айвандар арқылы байланысқан.

Қаланың батыс жағындағы Сай өзенінің жағалауында орта ғасырда пайда болып, бүгінгі күнге дейін пайдаланылып келе жатқан зират орналасқан. Зираттың еңіс келген кең аумағынан әр түрлі құрылымдағы көптеген қабір үсті құрылыстардың іздері, тас құлпытастар, жер бетіндегі сағаналардың қиранды үйінділері, жер асты сағаналардың ойылып түскен жерлері және т.б. көрініп жатыр. Оның ішінде сан ғасырлық тарихы бар үлкен тұт ағаштарынан тұратын шағын киелі бауы бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, дәл осы ағаш астында Әмір Темір демалған екен.

Зираттың жоғарғы жағында Имам Бахлидің ғиззатты мазары орналасқан. Ол Кутейба ибн Муслимнің қолбасшыларының бірі болған. Қарапайым келген кесене ұзындығы – 22 м, ені – 8 м, құрылыс ретінде жаңадан салынған. Имам Бахлидің қалыптан тыс созылған сағанасы, Үкаша ата және Сәдуақас ата молалары үстіне салынған қабір үсті құрылыстарына ұқсас болып келген. Осы үш тұлға халық арасына тараған аңыздарға сәйкес: ислам дінін алғашқы насихаттаушылар, таратушылар, дінді нығайту жолында құрбан болғандар. Әрине, халық санасында олар қасиетті және қабілетті тұлғалар ретінде сақталған. Олардың өмір сүруге деген сеніміне негіз болған күштің жоғары тұрғаны соншалықты – тіпті олар дүниеден өткеннен кейін де оларға деген сенімдері өсе берді. Солармен бірге мазар құрылыстары да пайда болды.

Деректер

  1. Мұсабаев Қ. Ортағасырлық Сури қаласының орынын анықтау. Мәдени мұра Ұлттық жоба. URL: http:// www.madenimura.kz/kk/culture-legacy/excavationsmadenimura/ news-archaeology/izuchenirsrednevekovogogorodasuri/
  2. Свод памятников истории и культуры Казахстана. – Ал- маты: КазЭнциклопедия, 1994. – Т. 1: ЮКО. – 368 с. – № 622.
  3. Туякбаев М. Историческая топография и развитие городов и поселений Туркестанского оазиса (XIII– XIX вв.). – Алматы: ТОО «Эффект», 2009. – 208 с. – С. 118–119.
Толығырақ

Суреттер


Кіру