Қожа Ахмет Ясауи кесенесі

Сипаттамасы

ХІV ғ. Түркістан қаласында орналасқан. Түркі халықтарына сопылық ілімін таратушы атақты Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Түркістан жерінде орналасуы осы өңірдің атын әлемге әйгілі етіп тұрған ең басты себеп десек, артық айтпаған болармыз. Қожа Ахмет Ясауи өзінің таланты мен тақуалық өмірінің арқасында көптеген ізбасарларды жинады және мұсылман дінін уағыздаудың нәтижесінде көптеген түркі тайпаларының ислам дінін қабылдауына себепкер болды.

Қожа Ахмет Ясауи 1103 ж. Шымкент қаласына жақын орналасқан Сайрам өңірінде дүниеге келген. Оның әкесі Ибраһим ибн Махмұд ибн Ифтихар түбі Мұхаммед пайғамбардың қызы Фатима анамыздың ұрпағы болып келеді. Ахмет Ясауидің анасы – Қарашаш ана – жігерлі және ақылды әйел болған. Әкесі мен анасы Сайрам өңірінде жерленген және ол орын қазіргі таңда киелі зиярат ету орындарының бірі болып табылады. Ахмет Ясауи бірінші рухани білімін атақты Арыстан бабтан алған және аңыздар бойынша Мұхаммед пайғамбардың қолынан (аңыз бойынша аманат етіп берілгені құрма сүйегі болған) исламның аманат символын алған. Аңыздар бойынша осыдан 500 жыл өткеннен кейін, кең далада келе жатқан Арыстан баб он бір жастағы баланы кездестіреді, ол: «Ақсақал,маған аманатымды беріңіз» дейді. Бұл бала Ахмет Ясауи еді. Ол ұстазы Арыстан бабтан рухани білім мен даналықты үйренуге құштар болған. Сол кезде Ахмет Ясауидің туған жерінде ислам діні енді ғана мойындалып жатқан болатын, сондықтан тәлімгері қайтыс болғаннан кейін Қожа Ахмет Ясауи Бұхараға көшеді, себебі бүкіл әлем мұсылмандары исламның күмбезі Шығыста деп санады. Мұнда ол атақты Шейх Қожа Жүсіп Хамаданиді өзіне лайықты мұғалім деп табады. Бірнеше жыл бойы ол оның үлгілі шәкірті болды және шыдамдылық, шынайылық, аскетизм арқылы ғана Құдаймен бірлесуге қол жеткізуге болатынын білді. Белгілі бір кемелдікке жетіп, ол сопылық тәртіптің толыққанды мүшесі болды және дәруіш сатысынан орын алды. Сопылық жолы оған өз еркімен кедейліктің жолында бола тұрып, қаншалықты қанағаттануға болатынын түсіндірді.

Уақыт өте келе, Ахмет Ясауи толыққанды сопы болып, барлық сопылық баспалдақтарын аяқтап, шейхтан «иршад» – уағыздауға құқық беретін құжат алады. Бірақ ол тек діни тұлға ғана емес, сонымен қатар ұлы ақын және философ болған. Қожа Ахмедтің өлеңдері халық арасында кең танымал болды.

Шейх Жүсіп Хамадани қайтыс болғаннан кейін, ол Бұхара жұртының сопы орденінің көшбасшысы болады. Ахмет Ясауи өзінің миссиясына қатаң түрде қарап, қарапайым киім киіп, көп дұға еткен. Ол басқалардан да осындай мінез-құлықты талап еткен және шейхтар мен миридтерден пайда тапқан шейхтарды шүбәсіз айыптаған. Өзінің «Рисола» атты еңбегінде ол былай деп жазады: «Нағыз шейх – қайырымдылық пен қарапайымдылыққа лайық. Егер ол алғандарын өзі үшін пайдаланса, ол иттермен тең болады».

Тарихшылар дәлелдегендей, Құраннан кейінгі орында Ахмет Ясауидің еңбектері мұсылмандар арасында ең танымал болды және оның айтқандары жиі дұрыс шығып отырған. Оның рухани уағызында, өлеңдерінде және трактаттарында адамдарды мейірімділікке, ашкөздікке қарсы тұруға, әртүрлі кеңестер беріп, байлықтың әлсіздігі туралы әңгімелеп, халықты басқа сенімнің адамдарынан сақ болуға, әртүрлі ұлт өкілдеріне төзімділік пен әділдікті қорғауға шақырды.

Бұхара жұртшылығына бірнеше жыл сопылық жолында басшы болған ол жалғыздықты қабылдауға, кетуге тиіс екенін мәлімдеп, құрметті абыройымен қоштасады. Сондықтан ол ислам әлеміне, біржолата Яссы қаласына қоныс тебеді. Оған Жоғарғы Рух аян беріп, Құдайға қалтқысыз қызмет жасау үшін жарық дүниеден бас тарту керектігін айтады. Басқа да аңыздар бойынша, Ахмет Ясауи 63 жаста қайтыс болған, әрі ұстазы санаған Мұхаммед пайғамбарды аза тұту үшін сол жасқа толғанда мешіт жанындағы қылуетте жерастында өмір сүрген және өз өмірінің қалған бөлігін тек Құдай жолына арнаған. Жерастында өткізген өмірінде ол Жоғарғы Рухпен қарым-қатынаста болған деседі. Ол намазын оқып, Алласын мойындап, Зікірді жай дыбыспен салып отырған.

Ахмет Ясауи өзінің «Диуани хикмет» атты рухани өлеңдерінде: «Оның сөздерін қалдырып, Өзін қабылда» деп шақырады. Құдайды мадақтаудың қажеті жоқ, бірақ Оны барынша рухтандырушылық тұрғыда жан- тәніңізбен қабылдауға тура келеді. Барлық шығармалар, соның ішінде өлеңдерін түркі тілінде жазған. Оның өлеңдері халық арасында «Құдайдың хикметтері» деп те аталады. Қожа Ахмет Ясауидің аты түркі мұсылмандарының арасында Мұхаммедтен кейінгі орынды алса, ал Түркістан қаласы – кіші Мекке деп саналады.

Яссы / Түркістан қаласында өмір сүрген ол 1166–1167 ж.ж. қайтыс болған және оны кішкентай болса да өте әдемі безендірілген кесенеге жерлеген. Әрине, мұсылмандарды сопылыққа үйреткен ұстаздың мазары жаппай мұсылмандардың қажылық пен зиярат ету орны болды. Көптеген зияратшылар мен жергілікті тұрғындардың сіңірген еңбегінің арқасында мазар гүлдене түсті. Көп ұзамай Яссы қаласында Яссауиліктер деген сопылық жолды жалғастырушы орталық пайда болады. Түркістан қаласы Алтын Орда хандарының бірі Тоқтамыстың шабуылдары кезінде бірнеше рет тонаушылыққа ұшырайды. 1395 ж. Әмір Темір Алтын Орданың билігін жеңіп, осы жеңістің құрметіне сол кездегі ескі кесененің орнына жаңа үлкен мемориалдық кешен салу туралы шешім қабылдайды.

Құрылыс жылдам басталады және сол кезде қарқынды жүзеге асырылады. Аңыз бойынша, Темір болашақ кесене жоспарының негізгі параметрлерін жеке өзі анықтап сызған. Бірақ 1405 ж. ақпанында Қытайға қарсы соғысқа ұзақ уақытқа созылған дайындық кезінде Темір қайтыс болады. Оның қайтыс болуына байланысты құрылыс тоқтатылады.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – бойлық- өстік, порталды-күмбезді алып құрылыс. Ғимарат – үлкен порталға және бірқатар күмбездерге ие. Орталық залдың айналасында түрлі мақсатқа арналған 35-тен астам бөлме біріктірілген. Ғимараттың негізгі бөлмелерінің құрамы жиналыс залы – жамағатхана; қабірхана – Ахмет Ясауидің жерленген жері; мешіт; үлкен және кішкентай ақсарай – кездесулер мен жиналыс бөлмелері; кітапхана – құжаттарға санақ жүргізу, кітаптар мен құжаттар сақтау бөлмесі; асхана – тағам дайындалатын бөлме; құдықхана – құдық орналасқан бөлме; құжыралар – ханака қызметшілері мен зияратетушілер тұруға арналған бөлмелерден тұрады. Барлық бөлмелер тікбұрышты көлемі 60х50 м аумаққа шоғырланған, биіктігі – 15 м. Күмбездері мен порталының аркасы – 38 м биік. Сыртқы қабырғаларының қалыңдығы – 1,8-2 м, қазандық қабырғаларының қалыңдығы – 3 м.

Қабірхана немесе Гурхананың екі күмбезі бар және солтүстік-батыстан кіретін портал Мұхаммед Ханафия порталы деп аталады. Қазандық бөлмесінен тараған екі қабатты сегіз дәліз бар, олар басқа да бөлмелерге апартын жолдар болып табылады, тек қабірханадан басқа. Бұл дәліздер ғимаратты сегіз бөлікке бөледі. Әр бөлігінде әртүрлі мақсаттағы бөлмелер орналасқан.

Бұл кесене құрылысы жағынан Самарқандтағы Бибі ханым, Шахрисабздегі Доруссиадат қабіріне және Ақ-Сарай сарайына тең келеді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің мемориалдық кешені Шығыс сәулет өнері бойынша сол уақыттағы соңғы үлгімен соғылған ең озық ғимарат саналады.

Қазандық бөлмесінің және мешіт пен қабірхана қабырғалары төменнен 1,5 м биіктікке дейін көк түсті алты қырлы майоликалық тақта қаптамасымен қапталған. Тақталар әшекейлі қаптамалармен жиектелген. Еден деңгейінен өсімдік өрнегімен ойылып безендірілген құмтастан жасалған жолақ өтеді.

Қазіргі кезге дейін нақышты түпнұсқа тақталар қабірханадағы нишада ғана сақталған. Сонымен қатар үш ширекті майоликалық бағаналары да осында сақталған. Қазандық, көрхана мен мешіт бөлмелерінің нақышты тақталармен қапталған бөлігінің жоғарғы жағы бір заманда өрнекті кескіндермен безендірілген. 1884–1886 ж.ж. жүргізілген жөндеу жұмыстары барысында олардың беті әктеліп кеткен. Қазандықтың ортасында тұрған қола қазанның сиымдылығы – 80 шелек, салмағы – 2 тонна, ернеуінің диаметрі – 2,45 м. Қола қазанды Яссы қаласынан солтүстікте 25 км жерде орналасқан Қарнақ ауылында құйған. Оны Тебриздік Сарвареддин ұлы Абд әл-Азиз хижра бойынша 797 ж. құйған. Қазанға құйылған тәттілендірілген суды жұма намазының соңында ғимарат қызметшілеріна мазға келген адамдарға таратқан. Қыз- метшілердің айтуынша бұл судың емдік қасиеті бар.

Соңғы жылдары түркі әлемінің барлық өңірлерінен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келуші зияратшылар артып келеді. Түркістан шын мәнінде – Қазақстан мұсылмандары мен бүкіл ислам әлемінің туристеріне арналған «екінші Мекке». Түркістан қаласына келіп, Әулие Ахмет Ясауидің қабіріне қол тигізген әрбір адам бойында тамаша қуаттың пайда болғанын сезінеді.

Деректер

  1. Массон М.Е. О постройке мавзолея Ходжи Ахмеда в г. Туркестане // Известия Среднеаз. геогр. обще- ства. – 1929. – Т. XIX. – С. 39–45.
  2. Массон М.Е. Мавзолей Ходжа Ахмеда Ясави. – Ташкент: Сыр-Дарьинское отделение Общества изучения Казакстана, 1930. – 23 c.
  3. Смагулов Е.А. Первый мавзолей Ходжа Ахмеда Ясеви // Промышленность Казахстана. – 2004. – № 1. – С. 94–98.
  4. Смагулов Е.А. Город Туркестан: первый мавзолей над могилой Ходжа Ахмеда Ясави // Актуальные проблемы археологии Евразии: сб. матер. между- нар. научн.-практич. конф., посвящ. 25-летию независимости РК и 25-летию Института археологии им. А.Х. Маргулана (18–19 октября 2016, г. Алматы). – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2016. – С. 487–506.
  5. Туякбаева Б.Т. Эпиграфический декор архитектурного комплекса Ахмеда Ясави. – Алма-Ата: Өнер, 1989. – 132 с.:ил.
  6. Хашимов М.А. Религиозные памятники Центральной Азии. – Алматы: СаГа, 2011. – 125 с.
Толығырақ

Суреттер


Орналасқан жері

Кіру