Қошқар ата кесенесі
Сипаттамасы
XV (?) – XIX ғ.ғ. Тұрбат ауылында орналасқан (Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы).
Ислам сәулет өнерінің қағидалық үлгілерін сақтаған Тұрбат киелі кешеніндегі маңыздылығы жағынан екінші орындағы Қошқар ата кесенесі тотемдік түсініктермен байланысты әулиелерге құрмет көрсету орны болып табылады. Сонымен бірге кейін пайда болған аңыздардағы бақташы-малшылардың тотемдік қорғаушысының белгілері сопылық ілімнің көрнекті қайраткері Қожа Ахмет Яссауидің жолын қуған ізбасары Оңтүстік Қазақстан агиологиясындағы ханафи бұтағының өкілі Ысмайыл атаның өзіне ауысады. Тұрбат төңірегіндегі таулы табиғи нысандарға мінәжат ету сарқыншақтарын алып жүрген сөздің кең мағынасындағы бұл агионим түріктердің рулық бөлінуі уақытынан бастау алады.
Кесене ауланың батыс жағында мешіт пен шіллехана ортасында орналасқан. Екі бөлмеден тұратын порталды-күмбезді кесене. Оның негізгі көлеміне батыс бөлігінен қабірі бар анағұрлым төмен бөлме қосылады. Төртбұрышты болып келген құлпытасы жоқ негізгі зал – зияратхана, ал кішірек зал – көрхана (қабірхана) ретінде қабылданады. Әк-ғаныш ерітіндісін пайдалану арқылы күйдірілген текше кірпіштен қаланған. Сүйір сфералық күмбезбен жабылған. Өзіндік ерекшелігі: күмбезге өту бір-бірімен қосарланған кірпіштер арқылы шығыңқы түрдегі желкендер көмегімен (анахронизм түрінде көрінеді) жүзеге асырылады. Өрнек жоқ.
Республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші. 1982 ж. мемлекет қорғауына алынған. Зиярат ету және діни туризм нысаны.
Дерек
- Туякбаева Б.Т., Проскурин А.Н. Мазар Кошкар-ата в [Турбате] // Свод памятников истории и культуры Казахстана. – Алма-Ата: Гл. ред. «Қазақ энциклопе- диясы», 1994. – Т. 1: ЮКО. – 368 с. – С. 184–186.