Мірәлі баб кесенесі
Сипаттамасы
XII–XX ғ. басы. Сайрамның орталық бөлігінде, ортағасырлық екі негізгі көшелердің қиылысынан 250 м қашықтықта, қоршалған зират ішінде орналасқан.
Мірәлі баб кесенесі әйгілі сопылық шейх және дін маманы болған әкесі Падшах Мәлік бабтың қираған кесенесінің оңтүстік порталының алдына тұрғызылған. Сонымен қатар әйгілі сопының ұлы болған Мірәлі баб туралы «Мадинат-әл-Байда мен Испиджаб әулиелерi хақындағы трактатта» (XVII ғ. соңы – XVIII ғ. басы) оның «нақты шыққан тегі сеид (сахих)» және Қожа Насруллах Фарс және Фатхаллах Маджзуб есімді екі ұлы болғаны туралы нақты мәліметтер келтіріледі. Ауызша әңгімелерде Мірәлі баб ислам дінін таратқан көрнекті ғалым болғаны айтылады.
Мірәлі баб қабірінің үстіндегі бастапқы құрылыс нысаны туралы «...әулиелерi хақындағы трактатта» айтылған: «Ол қайтыс болғаннан кейін шамамен он бес жыл өткен соң, оның адал достарының бірі Мұхаммад Туджар Гидждувани (?) биік құлпытас орнатады». Бұл ашық аспан астындағы қабір үсті құрылыс – сағана болуы мүмкін. Бұдан әрі қарай, «ұлдарының моласы әйгілі әкесінің джалвеханасының (бастырмамен жабылған бөлмелер) екі жағында орналасқандығы» айтылады. Кесене дамуының екінші кезеңінде құрылыс айван-бастырма түрінде болды деп жорамал жасауға болады. Кесененің алғашқы ғимараты қашан пайда болғаны белгісіз. 1925 ж. М.Е. Массон кесененің қираған қалдықтарын көрген. Демек, қазіргі ғимараттың негізгі бөліктері кейінгі уақыттарда салынған.
Порталды-күмбезді кесене. Көлемдік- кеңістіктік композициясы өте қарапайым: тікбұрышты жоспары төртбұрышты қабір- ханамен үйлесіп, цилиндрлі барабан үстінде сфероконусты күмбезбен жабылған. Негізгі фасадын құрайтын портал оңтүстікке қараған. Ғимарат (көлемі – 7,66x6,26 м, биіктігі – 7,84 м) тікбұрышты кірпіштен тұрғызылған. Портал ортаазиялық пештак қағидасымен ешқандай байланысы жоқ, композициясы мен бөлшектері бойынша эклектикалық болып келеді. Аркасының кескіні бойынша жарты шеңберге жақындап, дәстүрлі тікбұрышты жиектеумен шектелмейтін өзгеше және үйлесімсіз үлкен болып көрінеді. Керісінше қарапайым тегіс қабырғаларға қарағанда портал пештак қағидасының сәндік безендіру схемасына ұқсамайтын мәнерлі кірпіш қаландысымен әшекейленген. Сәнделген белбеуі мен бұғаты, «сухарик» деп аталатын дулыға секілді кокошникке ұқсайтын пилондардың үстіндегі жалған фронтондар, жүретін шағын басқышы мен «кірпіш стилі» ХІХ ғ. екінші жартысындағы орыс эклектикасы архитектурасынан алынған. Ішкі қабырғаларында өсі бойынша жартылай шеңберлі нишалар орналасқан. Қабырғалары мен едені цементті-құм ерітіндісімен сыланған.
Республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші. 1982 ж. бастап мемлекет қорғауына алынған. Зиярат ету және діни туризм нысаны.
Деректер
- Массон М.Е. Старый Сайрам // Известия Средазкомста-риса. – Ташкент, 1928. – Вып. 3. – С. 23–42.
- Мухамедиева Н.Н. Мавзолей Мирали-Баб // Свод памятников истории и культуры Казахстана. – Алма-Ата: Гл. ред. «Қазақ энциклопедиясы», 1994. – Т. 1: ЮКО. – 368 с. – С. 205–206.
- Тулибаева Ж.М. Трактат о святых Мадиат ал-Байда и Испиджабе // Вестник КазНУ им. аль-Фараби: Сер. историч. – 2003. – № 3 (30). – С. 8–16.