Отырар және Отырар алқабы

Сипаттамасы

Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында орналасқан. Жер аумағы Сырдарияның орта ағысындағы жағалаулар мен Арыс өзенінің оған құяр тұсын алып жатыр.

Отырар және Отырар алқабы туралы жалпы мағлұматтар

Арыс және Сырдария өзендері ежелгі Отырар алқабын сумен қамтамасыз етудің негізгі көзі болды. Олардан тартылған оман арықтар қаланы және ондағы елді мекендерді сумен қамтамсыз етіп, егістік телімдеріне таралды. Мұнда су мөлшерінің молдығына байланысты жер өңдеу шаруашылығы жақсы дамыды. Отырар алқабы мен бүкіл Түркістан халқының өміріндегі Сырдария өзенінің маңыздылығы мен рөлі жайында ортағасырлық авторлар өз еңбектерінде жазып қалдырған. Мысалы, ХVІ ғ. Рузбихан Сырдария туралы былай деп айтады: «Бұл өзен 300 таш бойы ағады да, Қарақұм құмдарына сіңіп кетеді. Өзен бойында көк шөп пен қамыс қалың өскен. Дариядан егістіктерді суғару үшін бірнеше арықтар тартылған. Жағалауында шөбі қалың, жабайы құстарға бай Сырдария сияқты өзен әлемнің бірде бір елінде кездеспейді, ол жануарлар мен аңдарға өте жайлы... Жағалауы – неше түрлі гүлдерге толы, құстар, жабайы есектер, ақ бөкендер және басқа да жан-жануарлар көп, тіпті жел өткізбейтін қалың бұталар өскен. Сырдария өзені Дарияны жағалай аспанмен таласқан ағаштардың тізбегіндей тізілген Түркістан қалаларының арасымен ағып өтеді». Алқаптың ұзындығы – солтүстіктен оңтүстікке қарай 53 км, батыстан шығысқа қарай 54 км. Елді мекендер мен қалалар бірнеше шағын алқаптарды құрайды: олардың ең ірілері Отырардың төңірегінде орналасқан. Оның пайда болуы б.з.д. І ғ. – б.з. І ғ. жатады. Отырар қаласы сияқты Құйрықтөбе, Алтынтөбе, Жалпақтөбе, Күйікмардан қалаларының ІІІ–V ғ.ғ. жататын төменгі қабаты – қала орталықтары болып тұрған уақыттағы құрылыс қалдықтары. VІІ–VІІІ ғ.ғ. алқап Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ қағанатының құрамында болады. VІІІ ғ. екінші жартысы– ІХ ғ. алқап Оңтүстік Қазақстанның басқа аудандарымен бірге арабтардың ықпалында болып, Саманидтер мемлекетінің құрамына кіреді. Алқаптың орталығы – Отырар мен Кедер қалаларында теңге сарайлары жұмыс істеп, қаңғарлардың түркі тайпалары теңге соқса, ал Х ғ. Саманидтердің атынан теңгелер шығара бастады. ХІ–ХІІ ғ.ғ. Испиджаб, Ясы қалалары сияқты алқап Қарахан мемлекетінің құрамына кірген болса, ХІІІ ғ. басында бұл аймақты хорезмшахтықтар басып алады. ХІІІ ғ. басы– ХІV ғ. алқаптың көптеген қалаларының өмір сүруі баяулап қалса, керісінше Отырар қаласы ХІV ғ. бірінші жартысы–ХV ғ. қарқынды дамып, ХVІІІ ғ. дейін өмір сүреді.

Отырартөбе - Отырар қаласы

Отырар алқабы қалаларының бірі – Отырартөбе қаласы Темір теміржол бекетінен батысқа қарай 10 км жерде орналасқан. Солтүстік-батысында ол Талапты ауылымен жанасады. Қала едәуір жақсы сақталған. Қаланың топографиялық жоспары арнайы аспаптардың көмегімен түсіріліп, әртүрлі биіктіктен аэрофотосуреті алынған. Жүргізілген осы жұмыстар қаланың қираған орнын толығырақ сипаттауға мүмкіндік береді. Отырартөбе бесбұрышты төбе түрінде, болмашы ауытқушылықпен бұрыштары әлемнің төрт тарабына бағытталған. Оның оңтүстік жағы – 380 м, оңтүстік-батысы – 145 м, батысы – 400 м, солтүстік-шығысы – 380 м және шығысы – 350 м. Отырартөбенің ең биік оңтүстік-батыс бөлігінің биіктігі – 18 м, қалған бөліктерінің биіктіктері 10 м-ден 15 м-ге дейінгі аралықта өзгеріп отырады.

Қазба жұмыстары кезінде тоғыз хронологиялық құрылыс қабаты анықталады, яғни «үлкен» стратиграфиялық шурф арқылы Отырардың екі мыңжылдық тарихы зерттеледі: бірінші ғасырда Отырардың алғашқы қабаты пайда болады; VІІ–VІІІ ғ.ғ. жататын қабатынан ашылған монументалдық құрылыс қалдықтары ерте ортағасырлық кезеңді сипаттайды; ІХ–ХІІ ғ.ғ. жататын қабатынан табылған керамика бұйымдардың бай жиынтығы мен шыны коллекциясы Отырар қаласының сол кезеңде гүлденгенін көрсетеді; Моңғол шапқыншылығынан кейінгі және Темір әулеті уақытына қатысты құрылыс қабаты ХІІІ– ХV ғ.ғ. қаланың қайта өркендеуі мен даму көрінісін сипаттайды; қаланың гүлдену кезеңі ХV ғ. екінші жартысы–ХVІ ғ. тура келеді; ал қаланың құлдырау кезеңі XVIII ғ. қабаты болып табылады. Отырар осы уақыттар аралығында бұрынғысынша маңызды, киелі орталық болып қала берді.

Мешіт ХІV–XV ғ. басы. Мешіттің тарихи маңыздылығы ешқандай күмән келтірмейді. Ол ХIV ғ. аяғы–XV ғ. басындағы қаланың көз тартарлық құрылыстарының бірі болып табылады. Оның құрылысы зерттеушілердің пікірі бойынша, Әмір Темірдің есімімен байланысты. Өйткені оның бұйрығымен Қазақстан аумағында, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Отырар алқабындағы Арыстан баб кесенесі салынады.

Мешіт орталық төбенің оңтүстік- шығысында орналасқан. Мешіт құрылысы алаңының асты алдымен мұқият тегістелген. Мешіттің едені ұқыпты сыланған. Құрылыстың шығыстан батысқа қарай созылған ұзындығы – 60 м, ені – 22 м. Солтүстік фасадының ортасына қабырға сызығынан сыртқа қарай шығыңқы орналасқан порталының көлемі 2,7x1,35 м тікбұрышты пилондармен безендірілген. Портал тіректерінің арасы – 6 м-ге жуық. Батыс пилон 1,7 м биіктікте сақталған, ал шығыс пилон толығымен бұзылып кеткен. Порталдардың бұрыштарында цилиндр тәріздес диаметрі 2 м болатын мұнаралар болған. Мұнараның ішіндегі айналмалы баспалдаққа порталдың ішкі жағынан ені 1 м болатын есік қуысы арқылы кірген. Порталдың батыс жағындағы баспалдақтың алғашқы төрт қатары ғана сақталған. Ғимараттың жалпы композициясы үш қатар қойылған төртбұрышты отыз бағанадан (1,35х1,35) түзілген төрт галереядан тұрады. Жабындыны ұстап тұрған тіреулердің арасы 3,7 м-ге тең келеді.

Ғимараттың михраб орналасқан қабырғасында табалдырығы биік есік бар, ол қаланың оңтүстік қорғаныс қабырғасының бойындағы көше мен тұрғын үйлерге қараған. Мешіттің қабырғаларының қалыңдығы – 1,35 м, негізгі фасады төрт қырлы тіреулер түрінде безендірілген. Негізгі конструкциялары – қабырғалар, бағаналар, порталдың пилондары – төртбұрышты, өлшемі 25-28х25-28х5 см болатын сапалы күйдірілген бүтін немесе жарты кірпіштен қаланған. Кірпіштер қатаң тәртіппен тұрақты түрде бірінен кейін бірі ғаныш ерітіндісімен дәнекерленіп қаланған. Қабырғаның кейбір жерлерінде ғаныш сылағының бастапқы жұқа қабаты сақталған.

Мешіттің архитектуралық өрнектері өте қызықты келген. Ондағы табылған заттар бойынша тұрғын бөлмелердің ішкі қабырғаларындағы керамикалық қаптамалар маңызды рөл атқарған: түрлі түсті сырлы кірпіштер және оның көк, көгілдір түсті үлгілері, өрнектері және қияли зооморфты көріністі әшекейлері бар тікбұрышты және төртбұрышты тақталар түріндегі полихромды майоликалар. Терезеге қойылған қыш тор – панжараның сынықтары табылады. Мұның алқалы мешіт болғанын оның көлемі, құрылыс материалы (күйдірілген кірпіш, үлгілер, майолика), мұнаралары мен үлкен порталының болуы дәлелдейді. Отырарлық алқалы мешіт Орта Азияның ортағасырлық архитектурасында жақсы белгілі бағаналы-күмбезді типтегі құрылысқа жатады. Мешіт өлшеміне, материалдарына, мұнараларына, көлемді порталына қарап анықталды.

Мешіт XVІ–XVІІ ғ.ғ. Орталық төбенің оңтүстік жағында орналасқан күйдірілген кірпіштен қаланған мешіттің құрылысы XVІ ғ. жатады. Бағаналы-күмбезді типтегі құрылыс 0,4 м тереңдіктегі іргетасқа салынған. Мешіттің жалпы ұзындығы белгісіз (бір шеті бұзылып кеткен). Мешіттің ені – 15,5 м, ғимаратқа екі жағынан екі бөлме жалғасқан орталық залдан тұрады. Михраб залына кіретін есік 1,5 м биіктікте сақталған порталмен бөлінген. Орталық залдың көлемі – 7×7 м. Залдың ортасында құлаған күмбездің қалдықтары сақталған. Мешіттің бұзылуы оң жақ порталдың шөгуінен болған деген болжам жасалды. Онда жөндеу жұмыстары жүргізілгені байқалады, өйткені шөгіп жатқан қабырғалары қалыңдатылған. Михраб қабырғасы мен михрабтың алдындағы ниша жұқа ғаныш сылағымен сыланған. Ол алдында кең алаңы бар алқалы мешіт болып табылады. Қала тұрғындарының рухани өмірінде елеулі орын алған осы діни құрылыстың қираған орны кейінгі орта ғасырдағы Отырардың архитектуралық ескерткіші болып табылады.

Көкмардан қаласы – Отырар алқабындағы б.з.д. І мың ж. екінші жартысы–б.з. VIII ғ. жататын қоныстар мен қалалардың үлкен тобы – шоғырланған орталығындағы ең ірілерінің бірі. Арыс өзенінің сол жағалауындағы Көкмардан жерінде орналасқан. Отырар қаласына дейінгі арақашықтық – 20 км, Арыстың қазіргі арнасы мен Шәуілдір кентінен 7 км жерде орналасқан. Бұл – Арыстың сол жағасындағы шамамен 100 м2 жерді алып жатқан ірі төбе. Мұнда Пұшықмардан, Қостөбе, Сейітмантөбе, Ахайтөбе, Шөлтөбе сынды әртүрлі көлемдегі ондаған төбелер бар. Географиялық жағынан олардың барлығы Арыстың бір заманда толып аққан, қазір құрғап қалған сағасына байланысты орналасқан.

Қазба жұмыстарына дейін қаланың беткі жағындағы құрылыстардың іздері білініпжатқан. Сарғыш болып жатқан төртбұрышты шөккен қабырғаларының іздері көк шөптің фонында айқын байқалатын болған. Жекелеген үй құрылыстарын бөліп жатқан басты көшелердің іздері де анық көрініп тұрған. Олардың бағыттары да білініп жатқан. Қақпадан тіке шығыстан батысқа қарай кеткен орталық көше қаланы екіге бөліп тұр. Олардың қиғаш жатқан көшелерінің бірі қаланы солтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай қиып өтсе, айналмалы көше қаланың тарамдалған жиегінен біршама қашықтықтан периметрі бойынша белбеулеп жатыр.

Көкмарданда жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесі көп қабаттан тұратын бұл қала бірін-бірі аустырған бірнеше қаланың орны екендігін көрсетті. Қала І–VIII ғ.ғ. мерзімделеді. Көкмардан зиратынан табылған жерлеу құрылысы – көлемі 4х4 м, 5х5 м, биіктігі 3 м болатын қолдан тұрғызылған төртбұрышты пақса тұғырдың (платформа) үстіне салынған. Тұғыр периметрі бойынша саздан тұрғызылған қабырғалармен бекітілген. Тұғырда ойылған қабірлерге мәйіттерді жерлеген. Едәуір бай жерлеу орындары тұғырдың бұрыштарына, ал балалар жерленген орындар белгілі бір бөлігіне орналасқан заңдылықтар байқалады. Осылайша осы құрылыс балалардың жерлеу орындарынан тұратын өзіндік ұжымдық сағана болып есептеледі. Бұл әулеттік бейіт болуы да мүмкін. Көкмарданның әрбір орамы (кварталы) тұрғындарының өз бейіті болған деген пікір де бар. Тазаланған қаңқа сүйектерінің орналасуына қарағанда жерлеуде қатаң бағыт сақталмаған, олардың бастары дүниенің барлық бағытына қаратылған. Жерленген мәйіттің жанына белгілі бір салтты білдіретін түрлі заттар қойылған. Олар – ас пен суға арналған қыш ыдыстар, қару-жарақтар мен әшекейлер.

Қару-жарақтарға жебенің темірден жасалған үш қанатты ұштары, сүйек қаптамалары бар құрамалы садақ, ұзын семсерлер мен бір жүзді қанжарлар жатады. Көкмардан жерлеу орындарынан бір кезде қайыс белдікке бекітілген темір мен қоладан жасалған қапсырмалар көп шыққан. Әшекейлер арасында – әйел мәйіттерімен бірге қойылған тас, металл және шыны моншақтар; қола немесе алтын түйіршіктері бар түрлі тастардан көз салынған сырғалар мен салпыншақтар; жіңішке сымдардан тоқылған алқалар, түйреуіштер жиі кездеседі. Сонымен қатар қола айна, сурьма-таштар – қасты сүрмелеуге (бояуға) арналған графиттен жасалған таяқшалар әйелдердің жерлеу орындарына жатады. Жылтыр шынымен көзделген медальон мен қола тізбек (сепочка) ерекше қызығушылық тудырады. Көкмардан жерлеу орындарынан арасында қоладан жасалған ешкі мен құстардың мүсіндері жиі ұшырасатын түрлі тұмарлар кездеседі. Ақық, агат, гагат, тау хрусталі және шыныдан жасалған моншақтар да ұшырасады. Сонымен қатар асыл металдардан жасалған әшекей бұйымдар да жерлеу заттарының негізгі бөлігін құрайды.

Көкмардан мен алқаптың басқа да қоныстары – руханияттың қасиетті орталықтары болғаны сөзсіз. Көкмардан қаласы отқа табыну ғибадатханасының маңында қалыптасқанын археологиялық қазба нәтижелері көрсетті. Тікбұрышты жобадағы ғибадатхананың от алтары шығыс бөлігінде орналасқан. Қала ішіндегі жеке үйлердің ішінде отқа табынумен байланысты үй ішіндегі құрылыстары да кездеседі.

Құйрықтөбе - Кедер қаласы Ортағасырлық мұсылман тарихшылары мен географтары, оның ішінде әл-Макдиси, Кедер тұрғындары «жауынгер және батыл», ал қала Фараб аймағының орталығы және қалада мешіт бар деп атап өтеді. Әл-Истахри Кедер «өзеннен жарты фарсах қашықтықта» орналасқан деп жазады. Кедер қаласының Құйрықтөбе орнына тура келуі ескерткіштің Сырдариядан әл- Истахри айтқандай қашықтықта орналасуы- мен негізделеді. Сонымен қатар қазба кезінде Құйрықтөбеден мұнаралы мешіт орнының табылуы да Кедер қаласымен баламалануына дәлел бола алады. Әл-Макдисидің жазбасы бойынша Кедердегі мешіттің құрылысы, тіпті аймақтың «ескі астанасы» мен «жаңа астанасы» тұрғындары арасында соғысқа алып келген. Құйрықтөбеде жүргізілген қазба жұмыстары қала құрылысы сипатын, Кедер тұрғындарының тұрмысы мен мәдениетінің ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік береді. Қаланың топографиясы цитадельден, сопақша келген аумағы 5 га, биіктігі 7 м болатын шахристаннан және сыртында бекініс құрылыстары жоқ рабадтан тұрады.

Цитадель шахристанның солтүстік- батыс бұрышында үстіңгі жағында алаңы бар төбе түрінде орналасқан. Ал, 25 га жерді алып жатқан рабад қалдықтары оман арықты жағалай жатыр.

Цитадельде жүргізілген қазба жұмыстар барысында әртүрлі үш кезеңге жататын құрылыс қабаттарының орны ашылады: құмырашылар орамына тиесілі ең жоғарғы құрылыстар ХІ ғ. екінші жартысы–ХІІ ғ. мерзімделеді; ортаңғы құрылыс қабаты ІХ ғ. екінші жартысы–ХІ ғ. ықшам қала орамдарын құрайды; төменгі, бастапқы қабаттың құрылыстары VII ғ. екінші жартысы–ІХ ғ. бірінші жартысындағы цитадельдегі сарай кешеніне жатады. Төменгі құрылыс қабаты қолдан тұрғызылған күрделі платформаның үстіне салынған: пақса блоктардан бірнеше қатар қабырғалар тұрғызылып, арасы қам кірпіштен көлденеңінен қалқа қабырғалармен бөліктерге бөлініп, іші сары топырақпен, құрылыс және шаруашылық қоқыстарымен толтырылған. Цитадель төбесіне солтүстік-оңтүстік сызық бойынша салынған кесік-қазба жұмыстары платформаның көлемі 80х80 м екендігін анықтауға мүмкіндік берді.

Құрылыстың өзі өте нашар сақталған. Ондағы сақталған бөлмелер тобының ішіндегі салтанатты зал айтарлықтай қызығушылық тудырады. Солтүстік қабырғасы біршама жақсы сақталған болса, батыс және шығыс қабырғаларының биіктігі 0,5-2 м аралығында. Қабырғалары үлкен пақса блоктар мен тікбұрышты кірпіштерден қаланған. Залдың алып жатқан аумағы – 157,5 м2, ол іргелес бөлмелермен жалғасқан. Қабырғаларының бойында ені 1-1,2 м, биіктігі 0,5 м болатын суфа, ал залдың ортасында диаметрі 2 м, биіктігі 0,4 м болатын дөңгелек көтерме (подиум) бар. Осы бөлменің бұрышында орналасқан баспалдақтар айналма дәлізге алып барады.

Салтанатты залдан айналма галереяға шығуға, одан қатар орналасқан жіңішке бөлмелерге өтуге болады. Бұл бөлмелердің интерьері өте нашар сақталған: қабырғаларын жағалай суфалар орналасқан, ал еденінде жер ошақтары бар. Бөлмелердің біріндегі ошақтыңжанынан қой бейнесіндегі ошақ тұғыры табылған. Шамасы, бұл бөлмелер біршама кейінірек платформаны кеңейткеннен кейін салынған болуы керек. Қазба барысында сал- танатты зал мен іргелес бөлмелердің еденінен көптеген керамикалар, оның ішінде негізінен Отырар алқабында VІ ғ.–VІІ ғ. бірінші жартысында қолданылған ыдыстар табылады: мойыны кедір-бұдыр құмыралар, көзе тәрізді ыдыстар, тікбұрышты ернеулі хұмдар. Қыш ыдыстардың келесі тобын үлкен шүмекті алмұрт тәріздес құмыралар, тұтқасы қолдан жапсырылған томпақ саптыаяқтар, ернеулері толқынға ұқсас келген саптыаяқтар мен тостағандар кіреді. Осыған ұқсас соғдылық ыдыстар (әсіресе, Пенджикент материалдары) VII–VIII ғ.ғ. мерзімделген. Сонымен қатар тағы да бір топқа бөлуге болатын қыш ыдыстар табылады. Олар: қаракөк, шиетүсті және қара ангобпен көмкерілген және торлар, үшбұрыштар, жарты дөңгеленген гүл тізбектер түріндегі геометриялық өрнектермен сәнделген бір немесе екі тұтқалы саптыаяқтар, құмыралар. Мұндай қыш ыдыстар VII ғ. екінші жартысы– ІХ ғ. жасалған.

Сарай өртеніп кеткен, бірақ таңқаларлық жағдайда – өрт залдың қабырғаларын безендіріп тұрған тамаша оюлы тақтайлардың шіруін тоқтатып қалған. Шала жанған тақтайлар қабырғадан еденге түсіп, құлаған шатыр оларды сақтап қалған. Сарайды түгел қамтыған өрт, әйтсе де суретшінің осыдан 1300 жыл бұрын ойып түсірген туындысын «сақтап» қалыпты. Әр түрлі дәрежеде сақталған тоғыз көріністе құдайлар мен адамдар бейнеленген, ал ағаш жабындының көп мөлшерде табылған бөлшектері өсімдік немесе геометриялық өрнектермен, не мифологиялық тіршілік иелерінің бейнесімен әшекейленген.

Құйрықтөбе цитаделінен табылған оймышты ағаш кескіндемесіне ұқсас туындылар Соғды мен Уструшанада кездеседі. Өрнегінің нақышы жағынан Пенжикент, Шахристан, Урта- корганнан табылған оймышты ағаштардағы кескіндерге жақын. Мысалы, кіреберістегі арка мен жабынды арқалығын безендірген бөртегүлдің жұп бейнесі ерте ортағасырлық көрініс өнерінде кеңінен таралған. Бөртегүлдер Варахшаның оймышты сылағында және Пенджикенттің саз балшық бедерінде бар. Арка астындағы немесе оның екі қапталындағы бөртегүлдің жұп бейнелері Санча мен Бхарутта будда храмдарының ступаларында, Бамиан үңгірінде, Беграмның оймышты сүйектерінде сақталған. Бұл мифологиялық тіршілік иелері будда мәтіндерінде Кинара және Кинари деп аталатын ер және әйел жұптары ретінде айтылады. Құйрықтөбеден табылған бірегей заттардың қатарына цитадельдегі салтанатты зал құрылысын бір кезде безендірген төбе асты фриздегі тақтайлардың қалдығы жатады. Залға кіретін орталық есікке қарсы қабырғаның түбінен өртенген тақтайдың тоғыз бөлшегі тазаланып, консервация жүргізіліп алынған.

Басқаларға қарағанда, зооморфтық тақта отырған құдайлардың бейнелері бар тақтай жақсы сақталған. Аркаларда тақта салтанатты отырған құдайлар көрсетілген. Сол жақта – екі қанатты түйелер кейпінде безендірілген тақта еркек құдайы отыр. Түйелердің тұмсығы бір-біріне қаратылған. Құдай қырынан бейнеленген, шынтағын бүгіп кеуде деңгейінде тұрған оң қолына құдай иілген үш бұтақты ұстаған. Сол қолында жиегі тісті тостаған ұстаса, басында қырлы тәж бар. Оң жақтағы құдай – әйел, екі арқары бар тақта отыр. Шынтағы бүгіліп жоғары қарай көтеріп тұрған оң қолында үшбұрышты зат, сол қолында асатаяқ, басында – маңдайына ұштары желбіреген бант байланған.

Фриздің төменгі жағынан жалғанатын тағы бір тақтайдың жақсы сақталған бөлігі табылады. Онда қанатты зооморфты тіршілік иесі түріндегі тақтың төменгі жағы бейнеленген. Тақтардың үстінен жабылған кілем немесе алашаның бейнесі байқалады. Тақтың төменгі жағындағы арқарлармен қатар тізерлеп отырған екі кісінің кішкентай бейнелері салынған. Аркалардың ішкі жағы төрт күлтелі гүлөрнектермен толтырылған. Аркалардың арасындағы кеңістікте отырған кейіпкерлердің бейнелері орналасқан. Тақта отырған құдайлар бейнесі – Соғдыдағы қазбалардан белгілі. Варахшадағы бұхар-худаттардың сарайының шығыс залының қабырғасында қанатты түйелер түріндегі тіреуі бар тақта орталық тұлғаның салтанатты отырғаны бейнеленген. Олар да Құйрықтөбедегі секілді грифондарға ұқсас. Оларды археолог В.А. Шишкин «түйе басты, мойынды және аяқты сары грифондар» деп бекер айтпаған. Тақтың тұғырында, сонымен бірге тізерлеп отырған кейіпкерлер бар.

«Қамал қоршауы» көрінісі түскен тағы бір фризді тақтайдың бөлшектері сақталған. Тақтайдың орталық бөлігін, арка композициясы алып жатса, пирамидалы тісті аяқталған қабырғасына (шамасы, қамал немесе қала) төрт күлтелі гүлдесте әшекейленіп, екі садақшы бейнеленген. Мұнда алдыңғы жағында қолын көтерген құдай тұр (бір қолына дөңгелек затты ұстап тұрғаны анық). Басында – қанатты тәж. Арка аралық кеңістік тұрған кейіпкерлермен толтырылғанымен, сақталуы өте нашар. Сақталған бөлшектеріне қарағанда құдайдың төрт қолы, оның екеуін жоғары көтеріп, қалған екі қолын төмен түсіріп тұр. Бұл қамалды немесе қаланы қоршап алу көрінісі болуы мүмкін, мұны қаланы жаулары қоршап алып құлатуы туралы айтылған соғды-манехейлік мәтінмен салыстыруға болады. Онда Нана-ханым есімі кездеседі. В.Б. Хенингтің пікірі бойынша, ол Анахита әйел құдайының есімі. Соғдыдағы Нана (Анахита) культіне талдау жүргізген В. Дьяконова мен О.И. Смирнова Нана-Анахита Соғдының негізгі құдайларының бірі, ал Пенджикетте шамасы, Нана культі – әйел құдайы- ана қаланың бұрынғы басты жебеушісі болған деген қорытындыға келеді. Сырдарияның орта ағысындағы Құйрықтөбеден табылған тақтайдағы бейнеге ұқсас келуіне қарағанда бұл құрметті бейне болған. Тақтайлардың біріндегі зайырлы көрініс «Құдалық» деп есептеледі. Тақтайдың ортасындағы арка астында бір- біріне қырынан қарап тұрған ақсүйек ер мен әйел кісі бейнеленген.

Құйрықтөбедегі қазба жұмыстары барысында үш фравашам – рухты қорғаушының басылған пішініндегі терракоталық мүсіншесі табылады. Бейненің келбеті қоңқақ мұрынды, бадам секілді көзді келген, қолдары көкірек тұсында айқастырылған. Құлағында – сырға, басында – тәж, киімі – шапан мен сауыт-сайман. Осыған өте ұқсас мүсіншелер Жетісудың оңтүстік-батысынан – Тараз бен Қызыл өзеннен табылған оссуарийлерге жапсырма түрінде кездеседі.

Қалалық алқалы мешіт қаланың ортасында, басты көшелердің қиылысында орналасқан. Зерттеулер нәтижесі мешіттің қайта салынғандығын көрсетті. X–XI ғ.ғ. жататын бастапқы құрылыстан өлшемі 22×22×4-5 см төртбұрышты күйдірілген кірпіштен қаланған қабырғалар сақталған. Едәуір кейінгі мешіттің кірпіштері XIII–XV ғ.ғ. мұсылман жерлеу орындары үшін бұзылып алынған. Дегенмен қабырғаларының сақталып қалған бөліктерін қосу арқылы мешіттің бастапқы кескіні жайлы түсінік алу мүмкіндігі туды. Мешіттің қалыңдығы 1,5 м қабырғалары күйдірілген және қам кірпіштерді араластыра қалау тәсілімен тұрғызылған. Оңтүстік- батыстан солтүстік-шығысқа қарай созылған мешіттің сыртқы қабырғасы бойынша көлемі – 36,5×20,5 м. Оның едені жекелеген бөліктерінде ғана сақталған.

Мешіттің жақсы сақталған солтүстік- батыс бөлігінде күйдірілген кірпіш қаланған 16 бағананың негізі (өлшемі 79×100 см) тазартылады. Онда осындай 50 тіреу болған деп бол- жанады: қысқа қатары – 5, ұзындығында – 10. Бағаналардың арасы 3-3,2 м, ең шеткі бағана мен қабырғаның арасы – 1,5 м. Құйрықтөбе мешіті бағаналы немесе тіреулі құрылыстар қатарына жатады. Олардың көлемі төбесінің стандартты шаршыларының саны мен шаршылардың арақашықтығына (аралығы 3,5 м-ден 4,6 м-ге дейін) байланысты. Қазба жұмыстары кезінде жиналған керамикалар бойынша мешітті X–XII ғ.ғ. мерзімдеуге болады.

Қаланың моңғол дәуірінен кейінгі уақытта да өмір сүргені анықталған. Қаланың беткі қабатында ХIII–ХIV ғ.ғ. тіршіліктің қалдықтары сақталған. Осы уақытта рабадта едәуір қарқынды өмір жалғасқан. Оның батыс бөлігіндегі шахристанға жақын жерден темір балқытатын ұстахана табылады. XIV ғ. Кедерде бірте-бірте тіршілік тоқтап, уақыт өте келе оның қираған орны қойдың құйрығына ұқсаған төбеге айналған. Қаланың Құйрықтөбе деген атауы содан шыққан.

Жазба деректер мен археологиялық мәліметтерге қарағанда орталығы Фараб-Отырар қаласы болған Отырар алқабы ірі урбанизация орталығы ретінде саяси-экономикалық, мәдени және рухани өмірінде маңызды рөл атқарғандығы сөзсіз. Қаңлы мемлекеті өмір сүріп тұрған кезде алқапта қалыптасып, дамыған қалалардың бірі – мәдени мұрасының куәгері Көкмардан қаласы. Қала шамасы маздеисттік бағытта болған үлкен ғибадатхана кешені негізінде қалыптасып, біртіндеп қалаға ұласқан. Отқа табынушылық Отырар және Кедер-Құйрықтөбе қалаларындағы қазба материалдарынан байқалады. Онда қала тұрғындары отқа табынуға арналған арнайы алтарьларда от жаққан.

VIII–IX ғ.ғ. қалаларға ислам діні тарай бастайды. Х ғ. Кедерде бағана түріндегі мешіт салынып, зираттарда мәйіт мұсылмандық ғұрыпта жерленеді. Кедерге жақын жердегі Отырар қаласы маңында кесенесі тұрған Арыстан баб (Ахмет Ясауидің ұстазы) өзінің уағыздарын осы мешітте оқуы да ғажап емес. Өйткені бұл Отырар алқабында бүгінге дейін белгілі болған, Арыстан баб заманымен сәйкес келетін ең көне мешіт. Сол заманның өзінде басталған Арыстан баб кесенесіне зиярат етушілерлегі осы күнге дейін жалғасып келеді. Қазіргі кезде Түркістанға қажылық жасайтын мұсылман қауым алдымен Арыстан бабтың басына құран оқып, әрі қарай Ахмет Ясауиге барады. Отырар мен Отырар алқабындағы қалаларда негізгі дін ислам болған. XIV ғ. соңы–XV ғ. басында Отырарда үлкен алқалы мешіт салынады. Оның қасынан XVI–XVII ғ.ғ. жаңа мешіт тұрғызылғаны да белгілі. Археологиялық қазба кезінде орамдық (квартал) мешітте ашылған. Отырардың маңында Арыстан баб кесенесінен басқа да діни жерлеу орындары болған, олардың бірқатары зерттелген.

Отырар мен Отырар алқабы ескерткіштерінің қасиеттілігі олардың рухани сабақтастығында жатыр. Отырар мен Отырар алқабы ежелден бері Қазақстанның рухани орталығы болған. Оның қасиетті орталықтары қазақтар мен қазақ халқының рухани аурасын күні бүгінге дейін қалыптастыруда. Ежелгі суландыру жүйесі. Аэрофотосурет

Деректер

  1. Акишев К.А., Байпаков К.М., Ерзакович Л.Б. Древний Отрар. – Алма-Ата: Отрар, 1972. – 215 с.
  2. Байпаков К.М. Урбанизация Казахстана в эпоху бронзы – раннем средневековье // Древняя и средневековая урбанизация Казахстана (по материалам исследований ЮККАЭ). – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2012. – Кн. 1. – 390 с., илл., цв. вклейка.
  3. Байпаков К.М. Урбанизация Казахстана в IX – начале XIII в. // Древняя и средневековая урбанизация Казахстана (по материалам исследований ЮККАЭ). – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2013. – Кн. II. – 516 с., цв. ил.
  4. Байпаков К.М. Урбанизация Казахского ханства во второй половине XV – XVIII в. // Древняя и средневековая урбанизация Казахстана (по материалам исследований ЮККАЭ). – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2014. – Кн. III, ч. 2. – 534 с., ил.
  5. Байпаков К.М. Урбанизация в XIII – первой половине XV в. // Древняя и средневековая урбанизация Казахстана (по материалам исследований ЮККАЭ). – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2016. – Кн. III, ч. 1. – 596 с., ил.
Толығырақ

Суреттер


Орналасқан жері

Кіру