Сайрам, киелі қаласы
Сипаттамасы
Сайрам қаласы Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан қалалық мәдениеттің ірі ескерткіші және қазіргі елді мекен болып табылады. Ол ортағасырлық жазба деректер бойынша белгілі Испиджаб қаласымен баламаланады. Қазіргі уақытта Сайрам Шымкент қаласының құрамына жеке ықшамаудан ретінде кіргендіктен, соның аумағында орналасқан.
Мұсылман әлемінің қиыр шығысында орналасқан Испиджабтың дәуірлеу уақыты IX ғ. басталады. Әл-Белазуридің мәліметіне сәйкес, бұл – саманидтер әулетінің өкілі Нұх ибн Асадтың Қазақстанның оңтүстігіне жасаған жорығынан кейін болған. Ол туралы былай деп жазылған: «…Испиджабтың бекінісін алу ежелде болды, кейін оны түріктер және олар- мен бірге Шаш тұрғындарының бір топ адамдары иеленіп алды, сосын оны әл-Мутасим Биллах әмірдің діндар халифатындағы Нух ибн Асад жаулап алып, оның айналасына жүзімдігі мен егістігін тұрғындарымен бірге қоршаған қабырға тұрғызды».
IX ғ. екінші жартысында жазылған Әл-Белазуридің шығармасындағы Испиджабтың жаулап алуына байланысты оқиғалар жөніндегі мәліметтер 833–844 ж.ж. жатады деген мәтін мазмұны бойынша осы кезде Қазақстанда ислам діні белсенді тарала бастаған деп айтуға болады.
Нұх ибн Асадтың жорығынан кейін Испиджаб көшпелі дала шекарасындағы ұлы шекара бекінісі мен «дін үшін соғыс орнына» айналады. Испиджаб сол уақытта салықтан босатылған және шын мәнінде еркін экономикалық аймақ мәртебесін алған жалғыз қала болды. Осыған қатысты арабтың ұлы географы әл-Макдиси X ғ. былай деп айтады: «Бұл – шекаралық тамаша аймақ және дін үшін соғыс елі. … Олар құрғақшылық пен харадждың не екенін білмейді [төлемейді]».
Түріктерде исламды қабылдағанға дейін өздерінің құдайлары мен культі болғандықтан, олар бірден емес, тек ғасыр өткенен кейін ғана ескіліктен бас тарта бастайды. Тіпті XIII ғ. басында Якут әл-Хамави өз шығармасында Испиджаб қаласы туралы былай деп жазады: «Не Хорасанда, не Мәуреннахрда Асфиджабтан басқа харадж төлемейтін бірде бір қала жоқ, себебі ол шекаралық ұлы бекініс болғандықтан, оның тұрғындары өзінің хараджын қару мен осы елде болатын шығындарды төлегендігі үшін харадждан босатылды».
Салықсыз саясат пен қаланың Ұлы Жібек жолының бойына ыңғайлы орналасуы аймақтың экономикасына оң әсерін тигізеді. Испиджаб белсенді дамып, кеңейе бастайды. Мәуреннахрдың барлық жерінен түрлі халықтар ағылып қана қоймай, олар қаланың айналасына рабад пен шаруашылық аймағын қалыптастырады. Худуд әл-Алемнің ортағасырлық анонимдік географиялық шығармасында Испиджаб әлемнің барлық саудагерлері үшін кен орны болды деп жазылуы кездейсоқ емес.
Сайрам бұрыннан киелі орын деп есептелген. Махмұд Қашқари көрсеткендей: «Сайрам – Испиджаб деп айтылатын ақ қала атауы (ал-Мединат ал-Байда). Ал Сарьям оның өзгертілген нұсқасы». Бұл жердегі ақ түс дегеніміз түсіне байланысты айтылмаған. Ал-Мединат ал-Байданы сөзбе-сөз – Ақ қала / қасиетті қала, киелі қала деп түсінуге болады.
Сайрамда культтік сәулет ескерткіштерінің едәуір мөлшері шоғырланған. Олар шартты түрде төмендегідей топтарға бөлінеді:
– ислам дінін таратушылардың есімімен байланысты ескерткіштер (Әбділ Әзіз баб, Мірәлі баб, Падшах Мәлік баб);
– Қожа Ахмед Ясауи есімімен байланысты ескерткіштер (Ибраһим ата, Қарашаш ана, Махмұдхан ата, Мұстафақұлы ата/Сузик ата және т.б.);
– Інжіл мен Құранда кездесетін пайғамбарлардың есімімен аталатын ескерткіштер;
– Сайрам тарихында өз ізін қалдырған (ғалымдар мен тарихшылар, ақындар мен дін мамандары) тарихи және аңызға айналған тұлғалардың, қайраткерлердің жерлеу орындары, сондай-ақ киелі маңыздылыққа бөлінген, қасиетті деп табылған орындар (Қази Байзаби, Қожа Хамид ата Байзаби, Куйбиддин-вали Гулама, Хасан Байзаби, Жүсіп Сайрами, Ахмет әл-Испиджаби және т.б.).
В.В. Бартольд, П.П. Иванов, М.Е. Массон жинаған сауалнама мәліметтерінің негізінде Сайрамның кейбір әулиелері Інжілге, онда да барлық анықтамалары – шығу тегі христиандық Мәриям бибі мазарына қатысты екенін көрсетеді. Ыдырыс, Иош, Қызыр, Салих – бұл есімдер толығымен белгілі бір семантикалық қатарда тізбектеледі. Мұнда аңызға айналған Қызырдың анасы Бибигияс ана есімі де кездеседі.
Қарастырылып отырған Сайрам әулиелерінің шағын тізімі пайғамбарлардың есімімен төрт топқа бөлінеді:
1) Інжілде, Құранда кездесетін (Ыдырыс пайғамбар, Інжілдегі Енохпен теңестіріледі);
2) Салих, оған Құранда тұтас сүре арналған, бірақ оның есімі Інжілде кездеспейді;
3) Иош, Інжілде айтылатын Ескі Өсиет кітабы авторларының бірі, Иисус Навин пайғамбармен баламаланады, бірақ Құранда оның есімі кездеспейді;
4) Қызыр пайғамбар Інжілде белгісіз, ал Құранда Мұсаның (Моисей) беймәлім серігі ретінде айтылады.
Дегенмен Сайрамның әулиелерін інжіл кейіпкерлерімен сәйкестендіру абсолютті емес болса да, олардың арасында көптеген факторлармен, бірінші кезекте оның киелі Сайрам қаласында орналасуы жалғыз орын екендігіне себепші болатын белгілі бір семантикалық байланысы бары айқын. Інжіл және Құранда кездесетін пайғамбарлар есімдерінің қосарластық қатарын толық айтуға болады: Нұх – Ной, Ибраһим – Авраам, Яғқұб – Иаков, Мұса – Моисей, Дәуіт – Давид, Зәкәрия – Захария, Йахйа – Иоанн Креститель және т.б. Кейбір есімдердің жазылуында ұйқасымдар да байқалады, мысалы: Жәбірейіл – Гавриил. Бұл агионимдер Сайрамда әртүрлі жолмен пайда болуы мүмкін:
1) Құран және мұсылмандық хикаяларда; олар, бірінші кезекте, араб және яһуди-христиан мифологияларының көптеген сәттері оңай және жылдам игеріліп, өңделген, өйткені олардың бастауында көптеген ортақ дүниелер тұрды. Белгілі, «…Мұхаммедтің өзіне таныс ауызша берілген мәліметтерді христиандықтан және яһудиліктен пайдаланды» (ол мәліметтерді ең алдымен несториандықтан алғанын қоса айта кету керек);
2) Інжілден тікелей христиандарға берілген; Сайрамның (Испиджаб) полиэтникалық екенін ескере отырып, онда христиандықтың сол немесе басқа ағымынан бөлек, әртүрлі дінді ұстанушылардың бірқатар өкілдері өмір сүгендігін болжауға болады.
Сайрамдық інжілдік және құрандық мифология өзара тығыз сабақтасып бірыңғай күрделі кешенді құрайды, олардың өзіндік шынайы тарихи негізі бары сөзсіз.
Сафи ад-Дин Орын Қойлақының XIII ғ. екінші жартысымен мерзімделетін «Насабнаме» шығармасы Испиджабты арабтардың жаулап алу қарсаңындағы діни-этникалық ахуалын әлдеқандай шамада жарыққа шығарады. Нақтырақ айтқанда, онда Ысқақ баб (сириялық қолбасшы және Қазақстанның оңтүстігінде ислам дінін таратушылардың алғашқыларының бірі іспетті) Сайрамға келгенде ол жерде бір билеуші болғандығы айтылады. Оны Көркөз деп атайды, лақап есімі – Нахибдар. Сайрам иелігінде 160 мың тарса үйі және 300 мың рустак болды. Олардың бәрі – тарса. Нахибдар оның 70 әулетінің ата тегі тарса болғандығын Ысқақ бабқа айтады. Бұл шығармадағы көптеген мәліметтер – бірыңғай аңыздық сипатқа ие. Ал саны болса, асыра арттырылғандығы сөзсіз. Дегенмен тарса туралы мәтіннен алынған мәліметтер көңіл аударуға лайықты және олар Сайрамда христиандық қауымдастықтың өмір сүруі мүмкін екендігін көрсетеді. Көптеген ғалымдардың пікірі бойынша тарса термині Азияда кең тараған христиандық топтың анықтамасы болып табылады.
Сайрамда Жаңа Өсиеттегі Иса пайғамбардың анасы Дева Мариямен теңестірілетін Мәриям бибі қабірінің бар болуы ерте кезеңде Испиджабта христиандық қауымның (немесе қауымдардың?) болғандығын көрсетеді.
Испиджабтағы исламға дейінгі культ қандай сипатта болуы мүмкін? Олардың атауларында інжілдік тақырыптар шет қалмайды. Орта Шығыс және Орталық Азия аймағына христиандықтың таралуы исламның әлемдідін ретінде қалыптасуына дейін басталғандығы белгілі. Ақырында исламға дейінгі культтер өзара қандай болса, ортодоксалдық исламмен де сондай шырмалады, тіпті Қызыр культі сопылық түрді анық қабылдаған.
Сайрам қаласы «киелі» мәртебесін әлі күнге дейін сақтап, Қазақстанның зиярат ететін ірі нысандарының бірі болып келеді. Сайрам тұрғындарының: «Сайрамда бар сансыз баб» деп айтуы кездейсоқ емес.
Деректер
- Абрамзон С.М. Киргизы и их этногенетические и историко-культурные связи. – М.: Наука, 1971. – 403 с.
- Байтанаев Б.А. К вопросу о топографии и стратиграфии городища Сайрам // Известия НАН РК. Сер. обществ. наук. – 2007. – № 1. – С. 62–81.
- Байтанаев Б.А. Сайрамский клад: Средневековое золото. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2013. – 238 с.
- Байтанаев Б.А., Елгин Ю.А. О библейских и мусульманских агионимах старого Сайрама // Археологическое исследование в Казахстане: тр. научн.-практич. конф. «Маргулановские чтения–14». – Шымкент–Алматы, 2002. – С. 227–231.
- Бартольд В.В. Отчет о командировке в Среднюю Азию. Соч.: в 9-ти томах. – М.: Наука, 1966. – Т. 4. – 496 с. – С. 111–115.
- Басилов В.Н. Мусульманская мифология // Мифы народов мира: Энциклопедия в 2-х тт. – М.: Советская энциклопедия, 1992. – Т. 2: К–Я. – 719 с. – С. 183–187.
- Волин С. Сведения арабских, персидских и тюркских источников IХ–ХVI вв. о долине р. Талас и смежных районах // Материалы и исследования по археологии Казахской ССР: труды Семиреченской археологической экспедиции: Таласская долина. – Алма-Ата, 1949. – Т. I. – С. 174–197.
- Иванов П.П. Сайрам. Историко-археологический очерк // Сборник Туркестанского Восточного института в честь профессора А.Э. Шмидта. – Ташкент, 1923. – С. 46–56.
- Массон М.Е. Старый Сайрам // Известия Средазкомста-риса. – 1928. – № 3. – С. 23–42.
- Никифоров А.В. Библия и Коран: Истоки и параллели. – Алматы, 1995. – 172 с.
- Пиотровский М.Б. Коранические сказания. – М.: Наука, 1991. – 219 с.
- Сафи ад-Дин Орын Қойлақы. Насаб-нама. – Туркістан, 1992. – 43 б.
- Свод памятников истории и культуры Казахстана.– Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1994. – Т. I: ЮКО. – 368 с.