Сауран, Қарақан ата зираты

Сипаттамасы

Сауран – Қазақстан тарихында маңызды рөл атқарған ортағасырлық қала болып табылатын археологиялық ескерткіш. Оның тарихтағы орны мен көлемін Отырар, Сығанақ немесе Тараз сияқты маңызды қалалармен салыстыруға келеді.

2004 ж. бастап ескерткіште көлемді археологиялық зерттеулер жүргізіліп келеді. Зерттеулердің негізгі мақсаты – оның әртүрлі архитектуралық ескерткіштерін ары қарай консервациялау және реставрациялау нәтижесінде археологиялық-архитектуралық қорық-музейін құру. Атқарылған жұмыстар барысында қала аумағының әр түрлі бөлігінен алуан түрлі ескерткіштер зерттеледі: бекініс қабырғасындағы солтүстік орталық қақпаның қалдықтары ашылады; қалалық зират жанындағы «намазга» мешітінің және үй-жайдың қиранды орындары тазаланады. Алайда негізгі археологиялық зерттеулер жүргізілген ескерткіштер қаланың орталық алаңында, әсерлі сәулет ансамблін құрайтын Сауран Регистанында орналасқан. Олар – XIV–XV ғ.ғ. Жұма мешіті, XVI ғ. басындағы медресе, монументті ханака ғимараты.

Қалалық орталық мешіт алаңның батыс жағын қапталдап орналасқан. Қазба жұмыстары кезінде мешіт ғимараты жабық аула жобасы бойынша салынғаны белгілі болды. Мешіт кешенінің сыртқы қабырғаларының нобайы бойынша төртбұрышты келген, оның көлемі – 32х33,5 м. Орталық ауланың көлемі – 15,3х17,8 м, периметрі бойынша орналасқан барлық бөлмелер соған қараған. Ауланың оңтүстік-батыс жағы мешіт ғимаратының негізгі (немесе михраб) бөлігіне жалғасқан болса, аулаға мешіттің аркалы портал есігі қарап тұр. Кешеннің осы негізгі бөлігінің аркалы- күмбезбен жабылған бес нефті (бағаналар бөліп тұрған созылған бөлмелерден тұратын) екі қатарлы композициялық жоспары бар. Алаңның солтүстік жағында (бір-біріне қарама-қарсы) орналасқан медресе мен ханака ғимараттары «қос» ансамблін құраған.

Медресе – бұл тікбұрышты (31,5х28 м) жоспардағы симметриялы аула композициясынан тұратын ғимарат. Екі жағына мұнаралар орналасқан басты есігі солтүстік-батысқа бағытталған. Ауланың периметрі бойынша оқытушылар мен шәкірттерге арналған тұрғын бөлмелер-құжыралар мен сабақ оқу бөлмелері орналасқан. Толық ашылған бұл керемет құрылыс мұнаралары XIX ғ. екінші жартысына дейін сақталған, ХV ғ. соңы–ХVІ ғ. басында салынған медресемен теңестіруге мүмкіндік береді.

«Сауран Регистаны» айналасындағы қазба жұмыстары толық аяқталмаса да, қаланың орталық алаңын безендіріп тұрған қала ішіндегі XIV–XVI ғ.ғ. жататын діни құрылыстар ансамбілінің керемет үлгісі екендігін сенімділікпен айтуға болады.

Сауран қаласының бекініс қабырғаларынан шығысқа қарай 120 м жерде жергілікті тұрғындардың қасиетті орны орналасқан. Бұл – Қарақан ата мазары мен Қарақан әулие зираты. Оқшаулау: Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Жібек жолы ауылдық округі. Бұл – ортағасырлық Сауран қаласының қалалық зираты. Мұнда күйдірілген кірпіштен салынған кесенелердің қиранды қалдықтары мен құрылыссыз молалардың орындары сақталған. Пақса дуалдармен қоршалған зират жалпы ауданы 40–60х40–80 м болатын алаңды алып жатыр. Қазіргі таңда пақсадан қаланған зираттың қабырғаларынан тек айнала қоршалған жалды үйінділері ғана қалған.

Жергілікті халық осы зират ішіндегі ең үлкен кесенеге Қарақан ата жерленгендігін айтады. Қарақан ата туралы аңыздардың бірінде Сауран қаласының ежелгі уақыттағы тұрғындарының малы «қарақан» ауруына шалдығады. Бақташылардың бірі малдарын Қарақан ата мазарының маңына түнетіп, аурудан аман алып қалады. Кеңестік кезеңде де Сауран төңірегіне шопандар алаң болып ауырған малды аман сақтап қалу үшін Қарақан ата мазарына түнетіп қайтып жүріпті. Кейіннен бұл орын қасиетті саналып, зиярат орнына айналады. Мұнда дұға оқу рәсімі жиі өткізіледі. Жергілікті халық оны «Қарақан әулие», «Қарақан ата» деп атайды.

Бұл мазардың уақыт өткен сайын танымал болуына зиратқа орнатылған түрлі белгілер куә болып табылады. Жуықта (2013 ж.) мұнда исламды әкелген «қарахандықтардың арғы аталары» – әлдебір батырларға арналған гранитті ескерткіш, сыры кетіп қалған ескі темір арка пайда болды.

Деректер

  1. Бейсебаев А.И. Культ святых у современного населения в окрестностях средневекового Саурана // Ахинжановские чтения-2004: тез. докл. научн. конф. молодых ученых. – Алматы, 2004.
  2. Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштер: деректі тарихи-танымдық жинақ. – Алматы: «Информ-Арна» баспасы, 2016. – С. 121.
Толығырақ

Суреттер


Орналасқан жері

Кіру