Сидақ – исламға дейінгі діни орталық
Сипаттамасы
Түркістан қаласынан батысқа қарай 18 км жерде, халықаралық көлік трассасының бойындағы бау-бақша мен мақта алқабы арасындағы Сидақ қаласы деп аталатын шағын ғана сары төбеде орналасқан. Осы төбеде, дәлірек айтқанда оның үстінде орналасқан жерлеу орындары жайлы жергілікті ақсақалдардың ауыздан ауызға тараған аңыздары бар.
Ескерткіштің қасиетті маңыздылығын археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижелері көрсеткендей, аталған бекініс ежел гі дәуірдің соңы мен ерте орта ғасырда кейінгі сармат уақытындағы беделді рулық қауымның ата-бабалар ғибадатханасы болып табылады. Ал кейінірек, ислам діні үстем болып тұрған кезде осы жерге сопылық ілімді уағыздаушы, өлкеге ислам дінін таратушы белгілі миссионер Шайдаи шейх жерленген. Ол Қожа Ахмет Ясауидің замандасы және исламға сіңірген еңбегі де онымен тең келеді. Сидақ ата / Сейдак ата атауы – шын мәнінде, Шайдаи шейх есімінің бұрмаланған атауы. Ислам дінін жақтаушының мәйіті пұтқа табынушылық ғибадатханасы қирандысы үстіне жерленуінің өзіндік символикалық мәні болуы да мүмкін. Бұл – осы өлкеге кезекті жаһандану толқынымен келген жаңа идеологияның жеңісін білдіруі іспеттес. Қаланың төменгі алаңындағы Сидақ ата моласы үстіне арнап салынған қарапайым кесене әлдеқашан қирап кеткен. Бірақ оның қирандысына жергілікті халық әлі күнге дейін барып тұрады.
Бұрыштары дөңгеленіп келген төртбұрышты төбенің негізгі бөлігінің көлемі –340х180 м. Ол солтүстік-шығыстан оңтүстік- батыс бағытында созылып жатыр. Төбенің орташа биіктігі – 7 м. Орталық бөлігінде жалпы биіктігі 14 м бекінісі бар «цитадель» орналасқан. Мұндай ескерткіштер «алаңды төбе» деп аталады. Негізгі төбенің астында салтанатты сарайдың, ал оған жалғасатын аса биік емес алаңның астында қызметтік құрылыстар мен қарапайым тұрғындардың үйлерінің құландылары сақталған. Оңтүстік Қазақстанның тарихи ландшафтын көп жағдайда жандандыратын осыған ұқсас ескерткіштердің әлеуметтік сипаты (мәні) жайлы ғылыми түсінік осындай.
Қала алғаш 2004 ж. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына енгізіліп, ескерткішке археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан халқының V–VIII ғ.ғ. аралығындағы мәдениетін және дүниетанымын жан-жақты сипаттайтын бірегей археологиялық кешен анықталады.
Сидақ цитаделінің жоғарғы құрылыс қабаты деңгейінен VII–VIII ғ.ғ. діни құрылыстар кешені (ғибадатхана) және тұрғын үй құрылыс орындары ашылады. Қазба барысында қалада діни құрылыстар мен оған іргелес орналасқан үйлер тұтас шарпыған өрттен кейін тіршілігін тоқтатқандығы белгілі болды.
Зерттеу барысында табылған түрлі теңгелерге қарағанда өрт іздері байқалатын қабат VIII ғ. бірінші жартысымен мерзімделеді, ал өртті VIII ғ. 20–40-шы ж.ж. Сырдария өңірінде болған араб-мұсылман шапқыншылығымен байланыстыруға болады. Анықталған теңгелер арасынан VIII ғ. мерзімделетін жолбарыс бейнеленген немесе таңба бедерленген қола теңгелерді ерекше атап өтуге болады. Мамандардың пікірінше, мұндай теңгелерді VII ғ.–VIII ғ. басында жергілікті билеушілер шығарған. Ұқсас үлгідегі теңгелер Отырар және Түркістан алқаптарында жиі кездеседі.
Қазбадан табылған олжалар кешені Қазақстан тұрғындары мәдениетінің көптеген қырлары мен идеологиясын сипаттайды. Сидақтан ашылған ғибадатханалардың жоспары мен құрылымы Сырдария өңірінде орналасқан және Соғдыда, сонымен бірге Орта Азияның басқа да тарихи-мәдени аудандарында IV ғ. кең тараған ескерткіштерімен ұқсастығының бары белгілі болады. Бұл ғибадатханалардың қай дінге жататындығы жөнінде мәселе әлі күнге дейін пікірталас туғызып келеді.
Цитаделдің жоғарғы қабатында біріншіқұрылыс деңгейінде жүргізілген қазбабарысында жалпы ауданы 1000 м2 трапеция тәрізді культтік аула ашылады. Ол қалған құрылыстардан қалыңдығы 3 метрлік пақса мен кесектен тұрғызылған қабырғалармен бөлінген. Ол қабырғалар 4 м биіктікке дейін сақталған. Едәуір ертерек уақытқа жататын бұл аула IV–VI ғ.ғ. мерзімделуі мүмкін.
Ауладан бір заманда үлкен қыш ыдыстар (хұмдар) тұрған бірнеше бөлме ашылады. Ыдыстардың сынықтары арасынан адам сүйектері кездескен жағдайлар да болған. Осы және басқа да табылған дүниелер, бұл монументалдық культтік аула ата-бабалар рухтарына ғибадат етуге арналған орын болуы мүмкін деген пікірге алып келеді және бұл жер оссуарийлерде олардың сүйектерін сақтаған орын болғандығын көрсетеді.
Одан төмен орналасқан құрылыс қабаттарында жүргізілген қазба жұмыстары үлкен еңбек күшін жұмсауды қажет етті (Сидақтың мәдени қабаттарының құрылымында б.з.д. бірінші ғасырға дейінгі белгілі бір тарихи кезеңге сәйкес келетін 6 қабат анықталады). Өйткені едәуір ежелгі құрылыс қабаттарын кейінгі құрылыстардың қалың қабаттары басып қалған.
Деректер
- Сенигова Т.Н., Бурнашева Р.З. Новые данные о городище Туркестан // Известия АН КазССР, сер. обществ. наук. – 1977. – № 2. – С. 45–50.
- Смагулов Е.А. Арабское нашествие в Южный Казахстан: данные письменных и археологических источников // Мобилизованный археологией. – Астана, 2004. – С. 103–113.
- Смагулов Е.А. Исследование доисламского храмового комплекса на городище Сидак // Культурное наследие Казахстана: открытия, проблемы, перспективы: матер. междунар. научн. конф. – Алматы, 2005. – С. 486–491.
- Смагулов Е.А. Соответствия в культовой архитектуре Еркургана и городища Сидак в Туркестанском оазисе // Роль города Карши в истории мировой цивилиза- ции: матер. междунар. конф., посвящ. 2 700-летнему юбилею города Карши. – Ташкент – Карши, 2006. – С. 78–83.
- Смагулов Е.А. Сидакский культовый центр в системе межрегиональных связей // Древняя и средневековая урбанизация Евразии и возраст города Шымкент: матер. междунар. научн.-практич. конф. (16 октября 2008 г.). – Шымкент, 2008. – С. 378–408.
- Смагулов Е.А. Раннесредневековый храмовый комплекс на цитадели Сидака (Средняя Сырдарья) // Труды II (XVIII) всерос. археол. съезда в Суздале. – М., 2008. – Т. II. – С. 292–296.
- Смагулов Е.А. Храм предков на цитадели городища Сидак (Средняя Сырдарья) // Казахстанская археология и этнология: современные достижения и иновационные технологии: сб. матер. междунар. научн.- практич. конф. III Оразбаевские чтения, приуроч. к 40-летию кафедры археологии и этнологии КазНУ им. аль Фараби (29–30 апреля 2011 г.). – Алматы, 2011. – С. 98–105.
- Смагулов Е.А. Граффити Сидака (Южный Казахстан) // Известия НАН РК, сер. обществ. наук. – 2013. – № 3. - С. 210–225.
- Смагулов Е.А., Ержигитова А. Погребальные сооружения некрополя городища Сидак // Известия МОН РК, НАН РК, сер. обществ. наук. – 2004. – № 1. – С. 81–90.
- Смагулов Е.А., Яценко С.А. Знаки-нишан и сюжетные граффити V–VIII вв. на керамике городища Сидак на средней Сырдарье // Отзвуки Великого Хорезма. К 100-летию со дня рождения С.П. Толстова. – М.: ИЭА РАН, 2010. – С. 190–221.
- Smagulov E.A., Yatsenko S.A. Sidak Sanctuary – One of the Religious Centers of Pre-Islamic North Transoxiana (Some Sacral Objects of the 5th- early 8th cc.) // Transoxiana. Journal Libre de Estudios Orientales. ISSN 1666-7050. DOAJ – Latindex. Número 13. Buenos Aires – 2008. URL: http://www.transoxiana.org/Transoxiana13