Созақ қаласы

Сипаттамасы

Қаланың орны осы күнгі Созақ ауылының оңтүстігінде, жергілікті тұрғындар Өркешігі деп атайтын төбеде орналасқан (ОҚО, Созақ ауданы). Төбенің биіктігі 15 м-ден 35 м-ге дейін жетеді. Қала үш алаңға бөлінеді, олар бірқатар тәртіппен орналасқан. Олардың ішіндегі ең биігі ортада тұрғаны: биіктігі 35 м-ге дейін және көлемі – 200х350 м.

Созақ қаласының аты жазба деректерде алғаш рет ХІІІ ғ. ортасында армян патшасы Гетумның моңғолдың ұлы ханы Мөңкемен кездесу үшін жасаған сапарымен байланысты аталады. Елшілік моңғолдың астанасы Қарақорымнан қайтқан сапарында Хутухчин, Пергант, Сухул-хан, Уросо-хан, Кайкант, Хузақ (Камоц), яғни Харчух тауы арқылы Сгнах пен Совран, Харчух, Асон, Отрар, Зернух арқылы Дизакқа жеткені жайлы жолжазбада көрсетілген. Орта ғасыр археологиясының белгілі маманы К.М. Байпақов аталған қалалардың бірқатары басқа жазба деректерден аттары белгілі Сугулкент, Кумкент, Сузах, Карачук, Ясы, Сауран, Отырар, Зернук екендігіне күмән келтірмейтіндігін айтады. Оларды нақты қала орындарымен баламалауға болады.

Қаратаудың теріскей беткейінде шығыстан батысқа қарай тізбектеле орналасқан қалалардың ХІ–ХІІІ ғ.ғ. аралығында ерекше гүлденуі сауда қатынасының осы бағыттағы тармағының жандануымен тікелей байланысты. Түрлі жазба деректердің мәліметтерін саралау нәтижесі сауда жолдары арқылы дипломатиялық елшіліктердің де өткендігін білдіреді. Алдынан Плано Карпини (1246–1247 ж.ж.), артынан Гильом де Рубрук (1253–1255 ж.ж.) моңғолдың ұлы ханына барғанда осы бағытпен жүріп өткен. Әсіресе Рубрук теріскей арқылы жүруі мүмкін.

Созақ қаласы осы аймақтағы басты қалалардың бірі болды. Қала көшпелі, жартылай көшпелі тіршілік кешкен малшылар мен ірі өзен-көлдердің жағалауларын мекендеген егіншілік пен сауданы басты кәсіп еткен отырықшы мәдениеттің түйісетін белдеуі саналған Қаратаудың солтүстік беткейіндегі жолақта орналасқан. Ел ішінде сақталған аңыз- әңгімелерде малдарын сатып, азық-түлік, киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттар мен бұйымдар алып қайту үшін далалық малшылар Созақтың базарына жиі келетін болған. Керісінше Қаратаудың арғы бетіндегі ірі алқаптарды мекендеген егіншілер, қолөнер шеберлері мен зергерлер өз тауарларын мал өнімдеріне айырбастау үшін Созақтағы жәрмеңкеге келеді екен. Басым көпшілік жағдайда тауарды алмастыру үшін нақты теңгенің қажеттілігі де болмаса керек. Көпшілік жағдайда сатушы мен алушы еркін айырбаспен сауда жасаған.

Қаланың моңғол шапқыншылығы қарсаңындағы және одан кейінгі жай-күйі туралы жазба мәліметтер жоқ. Тіпті Шыңғысхан әскерлерінің осы өңірдегі қалай бағындырғаны да ешбір деректерде айтылмайды. Жалғыз дерек жоғарыда айтылған Гетум патшаның елшілігіжайлы тарихшы К. Гандзаецидің жазбалары.

Қаланың сауда-экономикалық орталық ретінде көркеюі Қазақ хандығының құрылуымен тұспа-тұс келеді. Қазақстан археологиялық мектебін қалыптастырушы белгілі археолог К.А. Ақышевтың межелеуі бойынша Созақ орналасқан аймақ Қазақ хандығының ХV ғ. иелігінің кіндік тұсында болған. Қаратаудың күнгейі мен Сыр бойында орналасқан ірі қалалық орталықтарға апаратын негізгі асулар (Суындықтың асуы, Ақсүмбедегі асу және т.б.) Созақтың тұсында.

ХV ғ. екінші жартысы мен ХІХ ғ. аралығындағы жазба деректерде Созақ Дешті қыпшақ даласынан оңтүстіктегі Яссы, Отырар, Сауран, Сайрам қалаларына, батыста Арал маңындағы қалалардан шығыста Шу-Талас өңіріндегі қалаларға апаратын Қаратаудың теріскей беткейіндегі жолдың түйіскен жерінде орналасқан қала ретінде жиі айтылады. ХV ғ. жаңа қалыптасқан Қазақ хандығының тірек қаласы Созақ болғандығында сөз жоқ. Сырдария мен Түркістанның ірі қалалары ХV– ХVІ ғ.ғ. Өзбек хандығы мен Қазақ хандығының қоластына жиі ауысып отырғанын жазба деректерден жақсы білеміз. ХV ғ. екінші жартысында Түркістан мен Сырдария қалалары үшін болған соғыстар отыз жылдан астам уақытқа созылып, қалалар екі жаққа кезек алмасып оырады. Мысалы, 1470 ж. қыста Керей сұлтан Түркістанға шабуыл жасаса, Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын, ал оның інісі Еренжі Сауранды басып алады. Осылайша Қаратаудың теріскейіндегі Созақ пен күнгейдегі Сауран қалалары Қазақ хандығының құрамына өтеді. Алайда екі жылдан соң Мұхаммед Шайбани Ноғай Ордасының әмірі Мұса мырзаның көмегіне сүйену арқылы Аркук бекінісі мен Сығанақ қаласын өзіне қаратады. Бірақ Бұрындық пен Махмұд сұлтан басқарған қазақтың әскерлері Қаратауда Созақ пен Сығанақтың аралығын жалғастырған Суындық асуында Мұхаммед Шайбани әскерлерін талқандап, Сығанақ қаласын қайтарып алды да, Мұхаммед Шайбаниды Маңғыстауға қашуға мәжбүрлейді. Осы оқиғалар туралы мәлімет Шайбани ханның жорықтары жайлы жазылған авторы белгісіз «Таварих-и гузида – Нусрат-наме» мен Камал ад-Дин Бинайдің «Шайбани-наме» атты еңбегінде жазылған. Осындай жағдай келесі ғасырдың соңына дейін жалғасады. Әсіресе Абдаллах хан мен Баба- сұлтанның арасында болған соғыста Созақтың аса маңызды рөл атқарғаны жайлы Хафиз Таныштың еңбектерінде айтылады. Аталған деректерде Абдаллах хан мен Баба-сұлтан Созақ қаласы үшін соғысқаны жайлы баяндалады. Созақ үшін болған соғыстар қаланың сол кезде саяси-экономикалық маңызға ие болғандығын білдірсе керек.

ХVІ ғ. соңында Тәуекел ханның тұсындаСырдария мен Түркістанның қалалары толығымен Қазақ хандығының қоластына өтті. Қалалардың осыдан кейінгі тарихы хандықтың тарихымен тығыз байланысты өрбиді. Созаққаласы да өзінің мемлекеттік орталық қала ретіндегі тіршілігін жалғастыра берді. Жоңғар тарапынан болған шапқыншылық соғыстар кезінде Созақ қазақ әскерлерінің күш жинаған ірі бекініс қаласына айналады. Қала жаудың жойқын күшіне қарсы тұрған жауынгерлерді азық-түлік, қару-жарақпен қамтамасыз етіп отырады.

Созақтың үздіксіз тіршілігі жайлы мәліметтер орыс жазба деректерінде жалғасын тапты. Әбілмамбет ханның тұсында (1743– 1745 ж.ж.) Созақ Отырар, Түркістан, Сауран, Өгізтаумен бірге қазақ хандығының басты орталық қалаларының бірі болғандығы орыс деректерінде айтылады.

ХІХ ғ. Оңтүстік Қазақстан Қоқан хандығының билігіне өткен кезде Созақ әскери бекініс қала ретінде тіршілігін жалғастырады.

1814–1815 ж.ж. іс-сапармен Бұхарағатбара жатқан Филип Назаров Қаратаудың баурайындағы Созақ пен қазақтардың басқа да қоныстары туралы қызықты ақпараттар қалдырады: «Созақ жолында біз көптеген тасбақаны көрдік. Қыркүйек айының аяғында керуен таңертең қаладан 4 шақырым жерге тоқтады. Қаланың басшысы немесе губернаторы шенеунік, сұлтандармен бірге мені де қонаққа шақырды; ол бізді шай, жүзім, қауын секілді бақша өнімдерімен, темекімен силап, әрі қарай қаланы көрсетті. Биік жерде орналасқан қала қабырғалары тас қамалмен қоршалған 500 тас үйден тұрады екен, олар бір-біріне тығыз салынған, көшеге кіргенде, оны тас қоршаумен қоршап алған деп ойлайсыз. Үйлердің терезелері көбіне аулаға қаратып салынған. Қаланы 200 жауынгерден тұратын гарнизон қорғайды. Кедей қырғыздардың киіз үйлері әр жерде шашыраңқы орналасқан. Тұрғындар еңбекқор, астық өсірумен айналысады және Сарысу және Шудың көшпелі қырғыздарымен тауар алмасады». Ары қарай Ф. Назаров Қаратаудың солтүстік беткейлері бойымен оңтүстік-шығысқа қарай, одан «Шолақ-қорған» арқылы Арыс және Шымкентке қарай керуенмен жүреді. Ол Қаратау туралы былай деп жазады: «Біз сол жерде қарақшылардан қорғану үшін тастан қоршалған бекіністерде тұратын қырғыздарды (қазақтар) кездестірдік. Жақын жерде жыртылған егістік алқаптары мен жыл- жымалы киіз үйлерді көрдік. Олар астық өсірумен айналысады. Өткен керуендерге нанды тауарға айырбастайды. Қауіпті жағдайда өздерінің қарттары, әйелдері мен бала-шағасын, малын бекініске жасырып, оларды соңғы қаны қалғанша қорғайды».

1829–1830 ж.ж. Қоқан елшісіне жолсерік болған Н.И. Потанин Созақты Сібір мен Орталық Азия сауда жолының бойындағы ірі қала ретінде еске алады. Бұл уақытта керуендер Түркістаннан 100 верст, Созақтан 20 верст жердегі «Шолақ-қорған» арқылы өткен дейді Н.И. Потанин. Содан 30 жылдан кейін (1859 ж.), колледждік тіркеушінің аудармашысы болған Н.И. Бардашев Әулиеата қаласынан Созаққа дейінгі жолды, яғни Қарой шатқалы алқабынан Асса өзені арқылы, әрі қарай Қаратаудың солтүстік беткейі арқылы Шолаққорғанға, одан 55 верст жүргенде Созаққа апаратын жолды сипаттап жазады. Созақ ауданында бірнеше қалалар мен бекіністер орналасқан. Йилан-Қарауыл Абдоллахтың Түркістан және Дешті қыпшаққа сапарындағы оқиғаларға байланысты айтылады.

Ортағасырлық Созақтың орналасу орны анықталған, қираған қаланың орны көне атауын сақтап қалған. ХХ ғ. 30-шы ж.ж. болған тамалар көтерілісін басу барысында кеңес үкіметі Созақтың халқын жан-жаққа таратып, орталықты Шолаққорғанға ауыстырған. Бірақ ескі қаланың орнына халық қайта жиналып, көне қаланың орнын жоқтатпай, тіршілігін әрі қарай жалғастыруда. Қазіргі Созақ ауылында екі көне қала бар. Біріншісі, Тарсатөбе – ежелгі Созақтың орны, І–ІХ ғ.ғ. мерзімделеді. Екіншісі, Өркешігі – кейінгі Созақтың орны ХІІІ–ХІХ ғ.ғ. мерзімделеді. Қаланың орнында үлкен қазба жұмыстары жүргізілмеген. Дегенмен осы күнге дейінгі тиіп қашып жасалған зерттеулердің нәтижесі Созақ қаласының 2000 жыл бойы тоқтаусыз тіршілік етіп келе жатқандығын көрсетеді. Созақта Қазан ата, Әже ата, Қарабура, Кұлақ ата кесенелері орналасқан. Созақты және ондағы әулиелерді, әсіресе Қарабура әулие кесенесін Қазақстан халқы кие тұтып, жыл бойына үздіксіз тәуап етіп отырады. Жергілікті аңыз желісі бойынша, бұл ескерткіш Қожа Ахмет Яссауидің серіктес шәкіртінің қабірі үстіне қойылған.

Деректер

  1. Байпаков К.М. О локализации средневековых городов Южного Казахстана // Археологические исследования в Отраре. - Алма-Ата: Наука, 1977. – С. 81–93.
  2. Байпаков К.М. Урбанизация Казахского ханства во второй половине XV–XVII в. // Древняя и средневековая урбанизация Казахстана (по материалам исследований ЮККАЭ). – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2014. – Кн. III, ч. 2. – 534 с. – С. 103–106.
  3. Гандзакеци К. История Армении. - М.: Наука, 1976. – 351 с.
  4. Маргулан А.Х. Из истории городов и строительного искусства древнего Казахстана. – Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1950. – 122 с.
  5. Материалы по истории казахских ханств XV–XVIII веков. – М.: Наука, 1969. – 651 с.
  6. Назаров Ф. Записки о некоторых народах и землях средней части Азии. - М.: Наука, 1968. – 80 с.
  7. Свод памятников истории и культуры Казахстана. – Алматы: Гл. ред. «Қазақ энциклопедиясы», 1994. – Т. 1: ЮКО. – 368 с.
Толығырақ

Суреттер


Кіру