Түркістан – киелі қаласы
Сипаттамасы
(ОҚО). Ғылымда «Түркістан» атауы негізінен тарихи- географиялық ұғым ретінде жиі кездесіп отырады және ол Орталық Азия мен Орта Азияның түркі тілдес халықтары мекендеген аймақтарды анықтау үшін қолданылатын. VI– VIII ғ.ғ. армян және парсы деректерінде бұл атаумен Каспий мен Орал тауынан Алтай мен Қытайға дейінгі жерлер аталады, одан кейінгі ғасырларда түрлі тарихи оқиғаларға байланысты көлемі бірде ұлғайып, бірде кішірейіп нақты бір аймақ қана аталып отырған кездері де болды. Шын мәнінде «Түркістан» ұғымына Оралдан Алтайға, Каспийден Қытайға дейінгі, Томск пен Тобылдан Иран мен Ауғаныстанға дейінгі жерлер мен Шыңжаң өлкесі де еніп жалпы көлемі 3 млн км2 асатын аймақ кіреді.
Осы өлкенің адамзат бесігіне айналып, тас ғасырынан бергі аралықта осында өмір сүріп келе жатқан халықтардың мәдени ошағы ретінде рухани жан-дүниесінің дамып жетілуіне қызмет етіп келе жатқаны анық.
Осы алып аймақтың атауын бүгіндері заңды мұрагер ретінде иемденіп отырған Түркістан жазирасы мен қаласы десек артық айтқандық емес, бұл атау оған әбден талқыдан өткен тарихтан берілген.
Археологиялық зерттеулер Талас өзені бойындағы алқаптар мен оның батысын – Талас пен Сырдың арасын және Қаратаудың қос беткейін Қангүй тайпалары мекен еткенін көрсетеді. Олармен қатар өмір сүрген сақ, үйсін тайпалары да малшылықпен, аңшылықпен және егіншілікпен айналысқанын Қытай деректерінен кездестіреміз. Түркістан жазирасының ежелгі және одан кейінгі (б.з.д. V–ІV ғ.ғ.– б.з. ІV–V ғ.ғ.) дәуірлердегі археологиялық картасына қарасаңыз, бұл тұста 30-дан аса қала мен қоныстың өмір сүргенін байқайсыз, олар: Шаштөбе, Көксарай-І, Қазтөбе, Мейрамтөбе, Қарашық І, ІІ, ІІІ, Ақтөбе, Бершінтөбе, Шаш ана, Үштөбе І, ІІ, ІІІ, Ясы, Сидақ ата, Шорнақ, Майбалық, Оқжетпес және т.б.
Бұл кезеңді Ә. Кекілбаевтың тілімен айтсақ «...Сыр мен Қаратау көшпелілік пен отырықшылықтың қоян-қолтық араласуының алдыңғы шебіне айналды. Осыдан туындайтын технологиялық ықпалдастық мәдени ықпалдастықты да күшейтті...».
Ежелгі Түркістан атырабы дәл осындай мәдени жарастық кеңістігіне кірді. Ол «Авеста» мен «Махабхаратада» айтылатын көне Қаңға (Қангүй) мемлекетінің құрамында болды. Осылайша шаруашылықтың екі түрі қатар дамып, екі мәдениет тоғысты, бұған қоса діни наным-сенімдер де – көшпелілердің Тәңірлік діні мен отырықшылардың Зардушт (зороастризм) діні де бір кеңістікте қатар өмір сүрді.
З. Жандарбеков Шауғар қаласының шығу тегін зерттей келе оның Қытай деректеріндегі Кангүйдің Шы қаласына сәйкес келетіндігін және бұл қаланың ғибадатханасында Қангүй халқы әрбір жорыққа шығар алдында 1000 қойды құрбандыққа шалып отырғанын айта келе «Түркістанның екінші Мекке атануы тек ислам діні мен Қожа Ахмет Ясауи атымен байланысты емес екендігін көрсетеді. Исламнан бұрын да ертеден келе жатқан діни орталықтың болғанын дәлелдейді», – деп қорытады.
Қорыта келе айтарымыз – Түркістан алабы бағзы заманнан түрлі шаруашылықтардың ғана емес Алтайдан бастау алған көшпелілердің Тәңірлік діні мен Тұран даласында пайда болған Зардушт діндерінің тоғысқан, біте қайнасқан ортасына айналды, яғни М. Жұмабаев айтқандай – екі дүние есігі еді.
2010 ж. Ясы-Күлтөбе қаласының көне цитаделінен табылған алып төрт жапырақты гүлге ұқсас құрылыс пен онының қосалқы бөлмелері (қабырға қалыңдығы 1,5-2 м, биіктігі 4-5 м) де отқа табынушылардың ғибадатханасы деуге негіз бар. Құрылысты қоршаған қорған қабырғасы астынан ежелгі дәуірде салынған тағы бір қорған қамалдың шығуы оны б.з.д. ІІ ғ. бастап мерзімдеуге мүмкіндік береді. Яғни б.з.д. ІІ ғ. бұл өлкеге Қытай саяхатшысы Чжан Цянь келіп кеткен соң қалыптасқан Ұлы Жібек жолының бойындағы алғашында керуендерге қызмет ететін форпост – бекініс есебінде пайда болған Ясы қонысы б.з. ІІІ ғ. ірі діни орталыққа айналған. Жібек жолы пайда болысымен әрбір екі фарсах (10-12 км) сайын салынған Майбалық, Ташнақ, Ясы, Оқжетпес, Сидақ, Шорнақ, Қаратөбе-Сауран қала бекіністерінің барлығы бұдан 2000 жыл бұрын тұрғызылған десек қателеспейміз.
Халықтардың шығыстан батысқа қарай ұлы қоныс аударулары (ІІ–IV ғ.ғ.) Қазақстан, Орта Азия ғана емес, Шығыс Еуропа картасына да этникалық және саяси өзгерістер алып келді. ІІ ғ. басталған түркі тілдес ғұндардың ұлы көшкіні өздерімен бірге Шығыс Сібір, Алтай, Тұрфан өңірінің көптеген халықтарын батысқа қарай көшіріп мұндағы халықтың бір бөлігін Шығыс Еуропаға – Қара теңіз, Дунай жағаларына дейін ығыстырды. Бұл көшкін Қангүй мемлекеті мен Құшан империясының күйреуіне әкеп соқты, солардың территориясына көшпелі кидариттер, хиониттер, эфталиттер (ақ ғұндар, абделдер) келіп қоныстанды. V ғ. ортасында аса күшті Эфталиттер мемлекеті өсіп жетілді, ғалымдар эфталиттер дегеніміз Арал бойын мекендеген массагеттер мен ғұндардың қосылуынан пайда болған этнос деп есептейді. Бұл көзқарасты Қытай және армян тарихшылары да қолдайды. Олардың және кеңес дәуірі тарихшыларының пікірінше таттар (Авестада айтылатын), құшандар, эфталиттер (ақ ғұндар), теталдар, хейталдар және т.б. – түркі тілдес массагет тайпаларының жеке атаулары ғана. Мұны VI–VII ғ.ғ. Батыс түрік қағанатымен араласып кеткен эфталиттердің «й» дыбысын «ж» дыбысына ауыстырып «йоқ» деудің орына «жоқ» деп тілдеріне өзгеріс енгізгені де байқатады.
VI ғ. ортасында (552 ж.) Алтай өлкесіндегі түркі халықтары бірігіп Түрік қағанатын құрды да олар 581 ж. дейін-ақ бүкіл оңтүстік Сібір, Алтай, Қазақстан, Орта Азия аймақтарындағы халықтарды бағындырып, биліктерін Қара теңізге дейін жүргізеді. Осы кезеңде олар Ұлы Жібек жолының Қытайдан Жерорта теңізіне дейін созылған солтүстік бөлігіне иелік етеді.
Қытай елшісі Сюань-Цяньның жазуынша – Шудан Амударияға дейінгі аралықтағы барлық түркілердің мәдениеті біртұтас болып «тұрғындардың киімі де, жазуы да, тілі де барлық жерде бірдей болды». Астанасы Тоқмақ маңындағы Суяб қаласы, ал жазғы тұрағы Түркістан маңындағы Мыңбұлақ жайлауы болды. Алайда Түркістан өлкесін VIII ғ. басында Түргештер қағанаты басып алады (702–756 ж.ж.). Осы кезеңде Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия арабтар шапқыншылығына ұшырады. Дегенмен, Сыр бойы қалаларын исламға енгізуге көп күш жұмсалды, соңғы жорықтар Ахмет Ясауидің бабалары Ысқақ баб, Әбд ар-Рахым баб, Әбд әл-Жәлил бабатардың тұсында (766-780 ж.ж.) өтті. Олардан қалған «Насабнама» нұсқаларында жергілікті халықтарды мұғ және тарса дініндегілер деп бөледі, мұндағы «мұғтар» – отқа табынушы зардушт дініндегілер, ал «тарса» деп несториан бағытындағы християндарды атаған.
Міне осылайша Түркістан жазирасы мен ондағы қалалар б.з.д. ІІІ ғ.–б.з. IV ғ. аралығында Қангүй, V–VI ғ.ғ. Ақ ғұндар (эфталит), VI–VII ғ.ғ. Түрік, Батыс Түрік, VII–VIII ғ.ғ. Түргештер, IX–XI ғ.ғ. Қарлұқтар, Саманидтер, Оғыздар мемлекеттерінің қол астында болды, XI–XII ғ.ғ. Қарахан мемлекетінің құрамына өтіп, XII ғ. Селжұқтар (оғыздар) мен Қарақытайлардың вассалына айналады, ал XII ғ. аяғынан XIII ғ. бірінші ширегіне дейін Хорезмшах мемлекетінің қол астына өтеді. Жазушы Ә. Кекілбаевтың қорытуынша «Түркістан сөйтіп соңғы бір жарым мың жыл бойы теріскей Еуразиядағы... саяси-идеологиялық метаморфозалардың шет аймағында емес, кіндік өрісіне айналды. Оған бұл атырапта түркі нәсілінің қалыптасуы мен мұсылман дінінің көшпелі қауымдар мен далалық аймақтарға тарауына еткен жетекші ықпалы себепші болды.
Түркістанның мұндай маңыз иемденуі, негізінен, оғыз мемлекетінің күшеюіне тығыз байланыста болды... Мехмед Нешридің баяндауынша, Оғыз хан жақтастарымен Түркістанға келіп, Иасы деген жерге бекінген... Түркістан атырабын алғаннан кейін түпкілікті жеңіске жете бастайды...
Сөйтіп, Алтайдан бастап Балқанға дейін созылатын түріктер елінің атын әлемге жайған ежелгі Қарашық, қазіргі Түркістан маңынан жан-жаққа тараған оғыздар болды... Оғыздар екі тарихи үдеріске бастамашылық етті. Олар теріскей Еуразияның едәуір бөлігінің түркіленуінің және мұсылмандануының тездетушісі болды. Бұл үдерістердің өрбіген кіндігі оғыздардың рухани астанасы болған қазіргі Түркістан атырабы еді».
Өз хикметтерімен Құранды түркі тілінде сөйлеткен Ахмет бабамыз көшпелілердің де, отырықшылардың да көкейінен шығып, жан- дүниелерін қинаған сұрақтарына жауап таба білді. Жергілікті дәстүрлік діни нанымдар мен әдет-ғұрыптың тамырына балта шаппай-ақ, оларды өзіне жақтас етіп алып, исламның жаңа қырларын ашып көрсетті. Көзі тірісінде- ақ бүкіл түркі жұртына рухани ұстаз болған бабамыздың жолын шәкірттері қазақ жерінің түкпір-түкпіріне таратты.
Моңғол мемлекеті ұлыстарға бөлінгенкезде, Түркістан жазирасы да қалаларымен бірге Шағатай ұлысына өтеді.
XIV ғ. 70-ші ж.ж. Ақ Ордаға қарайтын Сыр бойы қалаларын Әмір Темір өзіне қарату әрекетін бастады.
1404 ж. Темір өзінің ұлдары мен немерелеріне басып алған жерлерін бөліп берді, ал Түркістан жазирасы Ұлықбектің еншісіне тиеді.
XVI ғ. 70–80-ші ж.ж. соңында Сыр бойы қалалары үшін күрес қазақ хандары мен шайбанилік Ташкент, Бұхара билеушілері арасында өтіп жатты. Бұл күресті қазақ хандары Тахир, Хақназар, Шығай, Тәуекел және Есім хандар басқарды, ақыры 1598 ж. Тәуекел хан Ташкент, Ферғана, Самарқанды басып алды. Тәуекелдің ісін әрі қарай жалғастырған Есім хан XVI ғ. соңында Ясы-Түркістанды Қазақ хандығының астанасы ретінде бекітті. Осыдан бастап Сыр бойының 32 қаласы 200 жыл бойы (1598–1798 ж.ж.) Қазақ хандығының қол астында болды, ал Түркістан қаласы қазақтың қара шаңырағына айналды.
XVI–XIX ғ.ғ. аралығында қазақтың 19 ханы Түркістанды астана етті. 21 ханы кесене мен оның айналасына жерленген, мұнан басқа 8 сұлтан, 14 би мен 50 аса батыр мәңгі мекенін тапты. Осы уақыт аралығында Түркістан елдің саяси да, экономикалық та, рухани да орталығы бола алды, ал кесене қазақтың бетке тұтар қаймағы, асыл ұлдары қойылатын Ұлттық пантеонға айналды. Исламда мұсылмандықтың бес парызы болса, қазақтар үшін Түркістанның киелі топырағына, ұлы бабалар әруағына бас иіп, зиярат етуі алтыншы парыз болып қалыптасты.
Кезінде Мағжан ақынның «Тамаша Түркістандай жерде туған, Түріктің тәңір берген несібі ғой» деп неге жырлағаны өз- өзінен түсінікті болады, мұның себебін Әбіш ағамыз былайша түсіндіреді: «Түркістаннан тарап жатқан тарихи тамырлар, имандылық желісі, елдік татулық, ұлттық ынтымақ рухы ұлан-ғайыр жазираларда шашырап жүрген қандастарымыздың бет-бетіне шашылып кетпей, еншіміз бөлінбеген бүтін жұртпыз деп сезінуінің бірден-бір негізі болды. Тәуелсіздікке қолы енді жеткен еліміздің де бірден бір ұлттық мүбәрәгі – Түркістан. Яғни 2000 жылдан аса тарихы бар киелі Түркістан шахарын бүкіл Түркі жұртының рухани орталығы, ата қонысы, бүкіл қазақтың қара шаңырағы және Қазақстан қалаларының анасы десек қателеспейміз!».
Деректер
- Волин С.Л. Сведения арабских источников ІХ–ХVІ вв. о долине р. Талас и смежных районах // Тр. ИИАЭ АН Каз ССР. - Алма-Ата, 1960. – Т. VІІІ. – С. 72–92.
- Жандарбек З. «Насаб-нама» нұсқалары және түркі тарихы. – Алматы: «Дайк-Пресс» баспасы, 2002. – 160 б.
- Жандарбек З. Түркістанның қысқаша тарихы // Шежірелі Түркістан. – Темирлановка: «Ордабасы» баспасы, 2013. – І-кітап. – 347 б.
- История народов Узбекистана. – Ташкент: Изд-во «Фан», 1992. – Т. І. – 183 с.
- Кекілбайұлы Ә. Түркістан тағылымы // Тарихы терең Түркістан. – Алматы: «Білім» баспасы, 2000. – 197 б.
- Түркістан. Халықаралық энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» бас ред., 2000. – 655 б.