Үкаша ата мазары мен құдығы ІХ–Х ғғ.
Сипаттамасы
Үкаша ата мазары мен құдығы Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 35 км жерде, Қаратаудың күнгей бетінде орналасқан (ОҚО, Түркістан ауданы, Бабай-Қорған ауылдық округі). Қазақстанның әр өңірлерінен келген адамдардың зиярат ететін орны. «Әзрет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық- музейінің құрамына діни-рухани ескерткіш ретінде тізімге алынған.
Киелі орын екі негізгі нысаннан тұрады: Үкаша ата кесенесі және қасиетті құдық. Кесененің жалпы аумағы – 90 га. Кесене 1989–1990 ж.ж. жергілікті халықтың күшімен тұрғызылған. Кесене 2 бөлмеден тұрады: кіре берісі кішігірім бөлме, екінші бөлмесінің көлемі – 22,2х4,6 м, биіктігі – 4 м. Кесененің негізгі бөлігінде кішігірім жеті терезе бар. Орталық бөлігінде ұзындығы 21 м сағана тұрғызылған. Дегенмен тарихи аңыздар Үкаша атаның өмір сүрген уақыты мен оның ерліктерін Қожа Ахмет Ясауидің өмір сүрген кезеңіне жатқызса да, бұл жерде сол тарихи кезеңді куәландыратын нақты белгілер жоқ. Үкаша ата культімен байланысты нысандар жаңадан салынған.
Құдық сайдың қарама-қарсы жағында орналасқан. Жақында құдықтың үстіне жергілікті тұрғындар пішіні домалақ құрылыс тұрғызды. Құдықтың тереңдігі 22-25 м құрайды, жіңішке көлбеу туннель тәрізді. Халық арасындағы аңыз-әңгімелер бойынша құдық жер асты жолдары арқылы Меккедегі Зәмзәм бұлағымен жалғасады екен. Құдықтан су алғанда күнәсіз адамның шелегі суға толы шығады, ал күнәлі болса шелегі бос шығады деген сенім бар. Халық шелек салғанда су шығатын болса, ол адамның зияраты, тілегі қабыл болды деп түсінеді. Алла келушіге қанша су берсе (толық, ширек, бос), соған қарай болашақта өмірінің қалай болатыны туралы білуге болады. Егер де су алған адамның шелегінде тас болса, онда Алла ол адамға ерекше сый, емшілік қасиет, көріпкелдік, музыкалық, жазушылық дарын сыйлайды. Сондықтан да Хазірет Үкашаның құдығы адамдардың күнәлі, не күнәсіз екен дігін сынауға арналған орын деп саналады.
Үкаша ибн Михсон жайлы жазба деректер жоқтың қасы. Ол туралы кейбір мәліметтер Мұхаммед Рассулланың өміріне байланысты шығармаларда және Мұхаммед пайғамбардың өзінің хадистерінде ұшырасады. Үкаша ата жайлы бірнеше аңыз деректер де бар. Сол деректерге қарағанда Үкаша ибн Михсон жау жүрек батыр, таланты қолбасшы болумен бірге Мұхаммед пайғамбардың ең әзиз тұтқан сақабаларының бірі болған. Сонымен қатар ол – Мұхаммед пайғамбарға ең жақын сақабасының бірі, Әзіретті Әлидің қарулас серігі. Деректер дің көрсетуіне қарағанда Үкаша ибн Михсон аламан қырғын соғыстарда, барлық уақыттарда Әзрет Әлидің қасында жүрген. Ел аузындағы аңызға қарағанда Әлишер (Әли) қырғын соғысқа енгенде бет алдындағы жаумен соғысады екен. Әлидің осы тәсілінен хабардар болған дұшпандары оның артынан келмекші болғанда оларды қорғаушысы Үкаша баудай жапырып отырады. Осылайша күш біріктіріп ұрыс жүргізген Әли мен Үкашаға жау төтеп бере алмайтын екен. Бірақ Үкаша ибн Михсонның атын мұсылман әлеміне әйгілі еткен оның батырлығы да, қиын-қыстау кезеңдердегі тапқырлығы да емес еді. Мұхаммед саллаллаху алайхи уассаламның өмрінің соңында болған бір ұлы оқиға Үкаша ибн Михсонның даңқын мұсылман қауымына паш еткен дейді.
Өмірінің жартысын Созақ өңірінің тарихын зерттеуге арнаған Сүлеймен Тәбірізұлы ақсақалдың (бұл күнде 90-нан асты) көне көз қариялардың аузынан жазып алған Үкаша ата туралы аңыздың ұзын сырғасы төмендегідей.
«Хижраның оныншы жылы, зуль-хидж қасиетті айынын (632 ж. наурыз) 8-і күні Мүхаммед Расуллах бүкіл жарандарымен Меккенің қасиетті жерлерін аралауға шығып, тарихқа «қоштасу» (Хаж-жашул су) атауымен енген өзінін алғашқы, әрі бірден-бір толық «ұлы қажылығына (аль хадж аль-акбар) аттанар алдында қажылыққа жиналған қауымға айтқан өсиеттерінің соңында енді кездеспейтіні жайлы ескертіп, кімде-кімнің менде қарызы, яки болмаса қасасы (бұл жерде көрген жәбірі) болса ол дүниеге қарыз етіп жібермей алуын өтінеді. Дүниені тыныштық басып, ешкім үн шығармайды. Осы кезде күтпеген жағдай болып, пайғамбардың сүйікті сахабасы Үкаша ибн Михсон орнынан тұрып: «Яхудилермен болған бір соғыста сіз түйенің үстінде, мен жаяу едім, сонда қамшымен арқамнан бір ұрып едіңіз, сол қасасымды алғым келеді» – дейді. Халықтың арасында абыржушылық пайда болады. Өзі дімкәс пайғамбарды жәбірлемеуді өтініп, Мұхаммед Рассулден алатын қасасты өздері өтеуге әзір екендігін білдіріп Әбу Бәкір, Омар, Оспам, Әли және тағы басқа сахабалары келеді. Бірақ Үкаша қасасын тек Мұхаммедтің өзінен алатындығын және өзін ұрған Мұхаммедтің қамшысымен ұрғанда ғана тілегінің қанағаттанатынын айтады. Үкаша ибн Михсонның райынан қайтпасын сезген Мұхаммед пайғамбарымыз қызметшісі Біләлді шақырып алып қызы Фатиманың үйінде сақтаулы тұрған қамшыны әкелуді бұйырады.
Біләл қамшыны келтіріп Үкаша ибн Михсонның қолына беріп, Мұхаммед Пайғамбар өз иығын тосады. Бірақ Үкаша бұған да көнбей: «Сіз менің жалаңаш иығымды соқтыңыз. Сіздің рұқсатыңызбен, мен өз қарызымды солай өтегім келеді» – дейді. Мұхаммед Пайғамбар ішкі жейдесін шешеді, сонда тұрған жұртшылық оның арқасынан Алланың нұрын көреді. Үкаша сонда қамшыны тастай салып: «Әулием, кешіріңіз мені. Менің жалғыз қалауым орындалды», – деп Пайғамбардың алдында бас иеді.
Үкаша ибн Михсонның негізгі ниеті Мұхаммед пайғамбардың екі жауырынының арасындағы «Хатаму-набийинді» (пайғамбарлық мөрді) жария етуді түсінген халайықтың Үкашаға деген ықылас, құрметі бұрынғысынан да арта түседі. Мұсылмандар келіп, «пайғамбардың мөріне» тәуап етеді. Себебі Мұхаммед пайғамбардың арқасындағы мөрді көрген мұсылманның жаны жаннатта болатын болған. Үкашаның батырлығына, тапқырлығы мен ықыласына риза болған пайғамбарымыз оған рақметін айтып: «Үкаша менің әзиз сахабам, мені көргілерің келгенде Үкаша ибн Михсонды көріңдер», – деп өсиет еткен екен.
Келесі аңыз бойынша, Үкаша ата – Мұхаммед Пайғамбардың сақабасы, мұсылман дінін таратудағы жорықтарына қатысып, олардың әскери қолбасшысы болған екен. Аңыз бойынша Үкаша ата шапса қылыш өтпейтін, атса оқ өтпейтін қасиет дарыған алып денелі, батыр болған. Жаулары Үкаша атаны өлтірмeкке бекінеді, бірақ осал тұсын таппай дал болады. Соңында жұбайын алдап- арбап, Үкашаның қылыш өтпес денесі намаз үстінде ғана қорғасындай еріп, босайтынын біледі. Жаулары таң намазы кезінде Үкашаның артынан ұрланып келіп, жанында жатқан өз қылышымен басын шауып түсіреді. Бас сүйегін қорламақ болғанда, жерге түскен бас домалай жөнеліп, екі қырдан асып барып жер астына түсіп кетеді. Аңыз бойынша бас түскен жерде құдық пайда болады.
Қазақстанның бүкіл өңірінен келген адамдар, өздерінің тағдырын сынау үшін сол қасиетті құдыққа зиярат етеді.
Деректер:
- Сұлеймен Тәбірізұлы. Созақ өңірі. – Алматы, 2007. – 432 б.
- Мазар Укаш-ата. Колодец. Официальный сайт ТОО «Саэль Тур». http://www.sael.kz/index.php/ukash-ata
- Дорогами легенд. Казах.ру. http://www.kazakh.ru/news/ articles/?a=1735
- Мавзолей и колодец Укашата (IX-Xвв). Официальный сайт Государственного историко-культурного музея- заповедника «Азрет Султан». http://azretsultan.kz/ru/ node/467.
- Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштер: деректі тарихи-танымдық жинақ. – Алматы: «Информ-Арна» баспасы, 2016. С.114-115.
- Дүкенбаев Н. Үкаша ата туралы деректер. Gamzhi. kz.http://www.qamshy.kz/article/ukasha-ata-twraliderekter. html
- Хашимов М.А. Религиозные памятники Центральной Азии. – Алматы: Изд-во «Сага», 2001. – С. 145–146.