Ханқорған ортағасырлық қаласы
Сипаттамасы
Арыс өзенінің сол жағалауында (Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы) Ханқорған (бұрынғы атауы Мадани) ауылының солтүстік-батыс шетінде орналасқан. Ол өзен арнасының сол жағасындағы биік емес жайылма үстіне тұрғызылған. Дөңгелек жоспарлы қаланың шығыс жағындағы еңіс келген жерінде қақпа орны бар.
Археологиялық ескерткіште қоныстанудың бірнеше кезеңі мен хронологиялық аралығы бар. Тұрғын үй құрылымының өмір сүруінің ең ерте кезеңі VІ–VІІІ ғ.ғ., ал кейінгісі – ХVІІІ–ХІХ ғ.ғ. жатады.
Аталған археологиялық нысанның киелілігі қаланың өмір сүруінің кейінгі кезеңі ХVІІІ–ХІХ ғ.ғ. байланысты және Абылай хан мен оның ұрпағы Сыздық (Садық) сұлтан есімдеріне қатынасы күмән келтірмейтін Ханқорған атауының шығуынан жақсы көрініс тапқан. Қасымұлы Кенесары сұлтанның ұлы Садық сұлтанның автобиографиясын жариялаған Е.Т. Смирновтан төмендегідей жолдарды оқуға болады: «Қазіргі уақытта Садық сұлтан Шымкент уезі, Арыс өзенінің бойы, Қарабұлақ сарт ауылынан алты верст солтүстіктегі бір кездері оның бабасы қырғыз (қазақ) ханы Абылай ханның ордасы болған Ханқорғанның қиранды орнына жақын тұрады...». Аталған автобиография Садық сұлтанның тапсырмасы бойынша оның бауыры Кенесарыұлы Ахмет сұлтан жазған қолжазба 1877 ж. Е.Т. Смирновқа жеткізіледі.
Жергілікті тұрғындар бүгінгі күнге дейін Ханқорғанда Абылай ханның болғандығы және оның өмірінің соңғы күндері туралы аңыз әңгімелерді сақтап келеді.
Ханқорған қаласы Оңтүстік Қазақстан облысының жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерінің тізімінде бар және мемлекет қарауына алынған.
Деректер
- Гродеков Н.И. Киргизы и каракиргизы Сырдарьинской области. – Ташкент, 1889. – T. 1. Юридический быт. – 298 с.
- Кенесарин А. Султаны Кенесары и Сыздык: Биографические очерки. – Алма-Ата: Жалын, 1992. – 144 c.
- Свод памятников истории и культуры Казахстана. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1994. – Т. I.: ЮКО. – 368 с.