Ысқақ ата киелі кешені
Сипаттамасы
XV–XIX ғ.ғ. Тұрбат ауылында орналасқан (ОҚО, Қазығұрт ауданы).
Жергілікті аңыздар бойынша Тұрбаттағы Ысмайыл ата кесенесінің құрылысы аяқталғаннан кейін Әмір Темір Ысқақ ата аталатын культтік кешеннің бастамасы болған кесенені тұрғызуға бұйрық береді. Ысқақ атаның өмірбаяны кесене мен бүкіл кешеннің киелі тарихының негізінде жатыр. Ысқақ ата Ысмайыл атаның ұлы болған. Оның есімінің артына нисба Казгирди (Қазғұрт топонимы) жалғанады. Толық есімі – Ысқақ Қожа ибн Ысмайыл ата Казгирди ат-Түркістани. Ол «Кабулдық тізім» деп аталатын Насаб-нама (Хадисат әл-арифин шығармасы) тізімдерінің ең ежелгі авторларының бірі болған секілді. Сопылық ілімдегі оның қызметі Сайрамның оңтүстігінде өтті (А.К. Муминов). Ә.А. Диваев айтарлықтай белгілі орын ретінде Санджабты атайды (Тұрбат ауылы – Автор).
Кешен ауылдың оңтүстік шетінде, өзеннің сол жағалауында, көркем адырлы жердегі көлемді зират ішінде орналасқан. Кешенді құраған XV–XIX ғ.ғ. жататын кесенелер топтамасы бірнеше рет бұзылып, қайта жаңғыртылған. Бүгінгі таңда қорымға кіретін есік қазіргі тікбұрышты кірпіштен тұрғызылған сүйір аркалы қақпа түрінде орындалған. Ауласының ішінде, қақпасының сол жағында кейінгі уақыттарда пайда болған әрі архитектуралық жағынан қызығушылық туғызбайтын, қызмет етіп тұрған мешіт бар. Кешеннің негізін құрайтын Ысқақ ата кесенесіне төбенің баурайында орналасқан, қабырғасының орта тұсына дейін бұзылып кеткен кесене мен Атаусыз кесене жалғасып жатыр. Кейінірек тағы да монументалдық сәулет өнерінің санатына қатысы жоқ, бірақ киелі сипатқа ие XIX−ХХ ғ.ғ. жергілікті тұрғындар халықтық архитектураның тұрғын үй дәстүрінде салынған (соқпа сазбен толтырылған каркасты қабырғалар, арқалық жабынды, тегіс шатырлы) бірнеше мазар анықталған болатын.
Ысқақ ата кесенесі. XV−XIX ғ.ғ. Төбенің басында орналасқан. Порталды-күмбезді құрылыс. Орталық залға үш жағынан кең есіктер біріктіріп тұрған құлпытастары бар бүйірлі қалқа-сағаналар жалғасқан. Жоспарының нәтижесінде кірестік композиция анық көрініс тапқан.
Порталының сүйір аркасы кірпіш қаландысының терең жолағымен «П» тәрізді жиектеліп аяқталған. 2010 ж.ж. басында аяқталған реставрациялық жұмыстардың барысында шатырлы күмбез орнатылады. Оған өту аркалық ярус пен екіаралық қалқанша желкендер арқылы жүзеге асырылады. Екі жағындағы сағаналар интерьері арқалықпен, ал үшіншісі – шағын күмбезге өтуі үшін қарапайым бұрыштық қиғаштықта жабылған. Кесене сәнделмеген. Аласа порталы, порталдық арка құрылымы, күмбез асты құрылысы XV−XIX ғ.ғ. жататын ташкенттік сәулет өнері мектебіне жатады. Көптеген құрылыстарда кездесетін бүйірлі қалқа-сағаналарды, оның қызметіне қарамастан, жергілікті ерекшеліктері деп есептеуге болады (дегенмен, бірлі жарым жағдайлар да басқа аудандардан кездеседі).
Ысқақ ата кесенесінің оңтүстік-батыс бұрышына шағын порталды-күмбезді кесененің (Кіші Мазар. XI–XII ғ.ғ.?) қалдықтары жалғасып жатыр. Қабырғаларының кірпіштен мәнерленіп қалануы (қосарланған кірпіштер, «бантик») оған архаизмдік көрініс береді.
Атаусыз кесене. XV–XIX ғ.ғ. Жүргізілген сауалнама мәліметтері бойынша Ысмайыл ата мен Ысқақ атаның ұстазы болған Хазірет Молдаға арналып тұрғызылған. Ысқақ ата кесенесінен 50 м шығыста орналасқан. Порталды-күмбезді ке- сене. Порталының жоғарғы бөлігі мен күмбезі сақталмаған. Құрылыс екі жағы да құламалы шифер жабындысымен жабылған. Күйдірілген кірпіштен арасына әк-ғаныш ерітіндісін пайдалану арқылы қаланған. Арқалық және екіаралық қалқанша желкені – кесененің үсті бұрын сфероконусты күмбезбен жабылғандығының негізгі белгісі. Кесене сәнделмеген.
Республикалық маңызы бар архитектуралық ескерткіш. 1982 ж. бастап мемлекет қорғауында. Мінәжат ету және діни туризм нысаны.
Деректер
- Диваев А.А. Предание о Хазрет-и-Исмаил-ата // Туркестанские Ведомости. – 1901. – №№ 20, 24–25.
- Муминов А.К. Шиитские культурные влияния на Центральную Азию: (На примере деятельности ‘алидов // Ars Islamica: в честь С.М. Прозорова / сост. и отв. ред. М.Б. Пиотровский, А.К. Аликберов. – М.: Наука– ИВЛ, 2016. – С. 647–728.
- Туякбаева Б.Т., Проскурин А.Н. Архитектурный комплекс Исхак-Ата [в Турбате] // Свод памятников истории и культуры Казахстана. – Алма-Ата: Гл. ред. «Қазақ энциклопедиясы», 1994. – Т. 1: ЮКО. – 368 с. – С. 186–187.