Ысмайыл ата кесенесі

Сипаттамасы

XIV ғ. аяғы– XIX ғ. екінші жартысы. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылы.

Ысмайыл ата туралы шығуы жағынан бір-біріне жақын болып келген деректер тобындағы қысқаша хабарламалардың өзі қарама-қайшылыққа толы. Олардың негізінде Ысмайыл ата өмірбаянының бірыңғай агиографиялық негізін құрастыру қиындықтар тудырады. Сайрам мен Шымкент айналасында қалыптасқан тарихи-мәдени аудандар туралы хикаялар мен аңыздарда және «Мадинат-әл- Байда мен Испиджаб әулиелерi хақындағы трактатта» (XVII ғ. аяғы–XVIII ғ. басы) Ысмайыл атаны XII ғ. Сайрамнан шыққан сопы әулиесі Дәруіш атаның ұлы деп айтады (Ж.М. Тулибаева). Ал одан біршама ерте деректерде оны Ысқақ бабтың кіші інісі, Абд әл-Жәліліл бабтың ұлы Ибраһим атаның (Ибраһим сопы) ұлы ретінде атайды (Ә.А. Диваев, А.К. Муминов, Девин ДиУис). Ысмайыл ата ХІV ғ. басында қайтыс болған. «...әулиелері хақындағы трактат» бойынша ол Сайрамда қайтыс болған сияқты және оның қабірі Әбділ Әзіз бабтың кесенесінің «шығыс жағында» орналасқан (Ж.М. Тулибаева). Біршама ерте деректер бойынша Ысмайыл ата «Сайрам мен Ташкент аралығындағы жарты жолда, қазір Тербат (яғни, Тұрбат. – Автор) деп аталатын қалада жерлеген» (Девин ДиУис). Бұл нұсқа шындыққа біршама жақын келеді, себебі дәл осы Тұрбатта оған табынушылық культі қалыптасып, монументалды кесене салынған. Жоғарыда аталған екі дерек бірдей. Оларда Ысмайыл ата өмірбаянының сопылық желісі Ханафи әулетінен шыққан көрнекті сопылардың бірі болған Мұхаммад Данишманд арқылы Қожа Ахмед Яссауимен рухани сабақтастықта байланыстырылады. Осы сопылықтың негізінде кейінірек малшылар мен шопандардың қамқоршысындағы сопыға айналған құнарлылық культінің сарқыншағы мен табиғат күші туралы халық түсінігінің жұрнағы қалды.

Кесене кешеннің солтүстік бөлігінде орналасқан. Аңыз бойынша XIV ғ. Әмір Темірдің бұйрығымен салынған. Кесененің Темір әулетінің кезеңінде пайда болуы туралы болжам негізсіз болып көрінеді. Тұрбат орта ғасырда Шаштан Испиджабқа қарай жүретін керуен жолының бойына сай келетін таулы жолда орналасқан болатын. Ташкент Әмір Темірдің 1361, 1363−1367, 1397 ж.ж. аялдау аймағы мен әскерінің жиналатын орны болды (Ясы- Түркістанға келетін кездегі). Тұрбат Темірдің назарын өзіне аударуы әбден мүмкін. Ысмайыл ата кесенесінің басты бөліктерінің (ғимараттың көлемі, порталы және жабынды негізі) Ташкенттің XV–XIX ғ.ғ. мемориалдық сәулет өнерімен ұқсастығының болуына Тұрбат пен Ташкенттің аумақтық жақындығы мен сәулет өнерінің дамуындағы ортақ бағыттың болуы себепші.

Кесене жалпы кешеннің мағыналық және композициялық орталығы болып табылады. Ол әк-ғаныш ерітіндісі арқылы төртбұрышты кірпіштен қаланған. Кесене бір бөлмелі, порталды-күмбезден тұрады. Тікбұрышты жоспардағы негізгі залға жалғасқан қапталындағы қабір үсті сағана бөлмелерінің есебінен кірест үлгісіндегі жоспар композициясы шыққан.

Екі қабатты күмбезі бар – ішкі күмбезі, сфералы, сегіз қырлы және сыртқы күмбезі – қырлы шатыр. Сыртқы күмбездің төменгі бөлігі қырлы барабанға, ал жоғарғы жағы цилиндрге тірелген. Шатырын жергілікті тұрғындардың ауызша айтуы негізінде салынған тәрізді. Дегенмен, жобалық сызбасында ішкі және сыртқы күмбездерінің арасында сфероконустық кескінді дәлелдейтін ағаш қалқалар мен пішіні қатты қырларының болғандығы көрсетілген.

Фасадтары төменгі дәрежеде сәнделген – кірпіштерді қарапайым қиюластыру тәсіліндегі мәнерлі қаланды (бұрыштары тік, көлденеңінен белдеу түрінде). 1980 ж.ж. порталдың айқышты қабырғасынан жөндеу жұмысының мезгілі (1878−1879 ж.ж.) жазылған эпиграфикасының (есік ойығының ағаш маңдайшасында) қалған бөліктерін көруге болатын еді. Интерьері сыланған және 1980 ж.ж. аяғына дейін эпиграфикалық және геометриялық оюларының ізін сақтап келген болатын.

Ескерткіш республикалық маңызға ие. 1982 ж. бастап мемлекет қорғауында. Діни туризм және тәуап ету нысаны.

Деректер

  1. Диваев А.А. Предание о Хазрет-и-Исмаил-ата // Туркестанские Ведомости. – 1901. – № 20, 24–25.
  2. Исламизация и сакральные родословные в Центральной Азии: наследие Исхак-Баба в нарративной и генеалогической традициях. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – Т. 2: Генеалогические грамоты и сакральлные семейства: насаб-нама и группы ходжей, связанных с сакральным сказанием об Исхак-Бабе в XIX– XX веках. – 368 с.
  3. Мирзабаев А.С. Исмаил-Ата, кумбез // Казахская ССР: Краткая энциклопедия: В 4-х тт. – Алма-Ата: Гл. ред. Каз. сов. энциклопедии, 1991. – Т. 4: Язык, фольклор, искусство, архитектура. – 685 с. - С. 266.
  4. Мирхадаров М. Зират орындар. – Шымкент, 1999. – 64 б.
  5. Муминов А.К. Шиитские культурные влияния на Центральную Азию: (На примере деятельности ‘алидов // Ars Islamica: в честь С.М. Прозорова / сост. и отв. ред. М.Б. Пиотровский, А.К. Аликберов. – М.: Наука–Вост. лит., 2016. – С. 647–728.
  6. Мустафина Р.М. Представления, культы, обряды у казахов. – Алма-Ата: Қазақ униветитеті, 1992. – 176 с.
  7. Тулибаева Ж.М. Трактат о святых Мадиат ал-Байда и Испиджабе // Вестник КазНУ им. аль-Фараби. Сер. историч. – 2003. – № 3 (30). – С. 8–16.
  8. Туякбаева Б.Т., Проскурин А.Н. Архитектурный комплекс Исмаил-Ата // Свод памятников истории и культуры Казахстана. – Алма-Ата: Гл. ред. «Қазақ энциклопедиясы», 1994. – Т. 1: ЮКО. – 368 с. - С. 184–186.
  9. Хашимов М.А. Религиозные и духовные памятники Центральной Азии. – Алматы: Изд-во «САГА», 2001. – 252 с.
  10. DeWeese D. “Sacred History for a Central Asian Town: Saints, Shrines, and Legends of Origin in Histories of Sayram, 18th – 19th Centuries”, Figures mythiques des mondes musulmans, ed. by D. Aigle. – Aix-en-Provence, France: Edisud, 2000. – P. 245–295.
Толығырақ

Суреттер


Кіру