Ботай қонысы

Сипаттамасы

Б.з.д. IV–III мыңж. Қоныс Иман-Бірлік өзенінің оң жақ жағалауында, Никольское ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 км жерде орналасқан (СҚО, Айыртау ауданы).

Қонысты 1980 ж. В.Ф. Зайберт ашқан. Тегіс жазықта орналасқан ескерткіштің аумағы 15 га қамтиды. Қоныстан барлығы 109 тұрғын- жай орны тіркелген. Археологиялық зерттеулер жүргізу кезінде қоныста 7 500 ш/м мәдени қабат ашылып, 76 тұрғын және шаруашылық құрылыстар қазылған. Қоныс тіршілік кешіп тұрған кезінде 200-300-ден кем емес тұрғын үйлер болған деп болжанған. Қазба жұмыстар нәтижесінде тұрғын үйлердің планиграфиялық және құрылымдық ерекшеліктері анықталған. Тұрғын үйлер және өзге құрылыстар бір біріне тығыз орналасқан. Тұрғын үйдің орталық бөлігінде ошақ болған. Тұрғын жай қабырғаларында тұрмыс қажеттіліктеріне арналған көптеген нишалар жасалған. Жинақталған мәліметтер негізінде Ботай қонысының тұрғын үйлерінің экспериментті реконструкциясы жасалды.

Ботай қонысының ашылуы мен зерттелуі Орал, Ертіс өзендері арасындағы осы аттас энеолиттік археологиялық мәдениетті тұрғындарының шаруашылық өмірі жайлы ғылыми мәліметтерді байытуға негіз болды. Қазіргі кезде Ботай мәдениетіне жататын Баландино, Васильковка, Кеңөткел, Қызыл Жар, Рощинское сияқты көптеген қоныстар белгілі.

Саны жағынан ең көп археозоологиялық топтама болып саналады. Ол жылқының 150 мың сүйегінен тұрады. Сүйек материалына, сонымен қатар тістерге отандық және шетелдік мамандармен жүргізілген зерттеулер жылқыларды алғаш рет қолға үйреткен ботайлықтар екенін болжауға мүмкіндік береді. Эксперимент арқылы органикалық материалдан жасалған ауыздықты жылқыны қолға үйрету үшін қолданғандығы дәлелденген. Сонымен қатар, ботайлықтар жылқыны тек көлік ретінде ғана емес, азық ретінде де пайдаланған. Ұлыбритания мамандарымен бірлесіп, керамикалық ыдыстар ішінде қалған органикалық заттарға жасалған сараптау негізінде ботайлықтардың жылқы сүтін сусын ретінде пайдаланғаны ғылыми түрде дәлелденді.

Көп жылдық зерттеулер барысында жүргізілген ғылыми зерттеулер нәтижелері бойынша Ботай қонысын жабайы жылқыларды қолға үйреткен алғашқы мекен деп есептеуге болады, ал дәстүрлі қазақ сусыны ‒ қымыздың шығу және таралу уақыты б.з.д. IV–III мыңжылдықтар кезінде басталған деуге толық негіз бар.

1982 ж. бері Ботай қонысы Республикалық маңызы бар археологиялық ескерткіштер қатарына енгізілген. Қазіргі уақытта жергілікті туризм нысандарының біріне айналған.

Деректер

  1. Зайберт В.Ф. Поселение Ботай и задачи исследования энеолита Северного Казахстана // Энеолит и бронзовый век Урало-Иртышского междуречья. – Челябинск: Изд-е Башк. ун-та, 1985. – С. 3–17.
  2. Зайберт В.Ф. Энеолит Урало-Иртышского междуречья. – Петропавловск: Наука, 1993. – 245 с.
  3. Зайберт В.Ф. Ботайская культура. – Алматы: «КазАкпарат», 2009. – 576 с.
Толығырақ

Суреттер


Орналасқан жері

Кіру