Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені
Сипаттамасы
XVI–XVII ғ.ғ. Кешен Қарасай батыр ауылынан 2,5 км оңтүстік- шығысқа қарай, Күлшінбай төбе атты жерде орналасқан (СҚО, Айыртау ауданы).
Мемориалдық кешен Есім хан мен Жәңгір ханның жоңғарларға қарсы соғыста сенім ді жауынгерлерінің бірі болған қазақ батырлары Ағынтай мен Қарасайға арналып тұрғызылған. Қос батыр 40 жылдан астам уақыт аралығында 200-ге жуық шайқасқа қатысқан. Батырлардың айтулы ерліктерінің қатарына Жәңгір ханды жоңғардың тұтқынынан босатып алуы жатады. Ағынтай мен Қарасай батырлардың тағы да бір кем түспейтін ерліктерінің қатарына Жәңгір ханның тікелей басшылығымен Орбұлақ шайқасына белсене араласуын айта аламыз. Кейіннен «Қарасай» сөзі Ұлы жүздегі шапырашты руының әскери ұранына айналған. Соңғы шайқасқа батырлар егде тартқан шақтарында қатысқан. Сол уақытта олар сәйкесінше 66 мен 65 жаста болған.
Кешеннің орталық тұсында ортағасыр лық күмбезді құрылыстардың үлгісінде салынған екі зәулім кесене тұр. Кесененің іші түркі жерлеу дәстүрі мәнерінде жасалған. Жерлеу құрылыстарының бас жағында құлпытас пен шырақ қойылған. Кесененің жалпы биіктігі 16 м құрайды. Кесенелердің алдында екі құрылысты біріктіріп тұрған мешіт бар. Кешен ұзын жағымен оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай бағыттала орналасқан. Құрылыстың сәулеттік жобасының авторы Б. Ыбыраев және С. Ағытаев.
Кешен территориясы арка түрінде безендірілген қоршаумен қоршалған. Кіреберіс тұсы кешеннің оңтүстік-батыс секторында ор наласқан және кішігірім мұнарамен белгіленген. Сонымен қатар, кіреберісте гранит негізге орнатылған, жауынгерлік рухты белгілейтін бір-біріне айқастырылған найзалар қойылған.
1999 ж. мемориалдық кешеннен бөлек, Петропавловск қаласындағы Театр алаңында даңқты батырларға арналған қоладан мүсін қойылған. Мемориалдық кешен халық арасындағы бірлік пен батырлар арасындағы мәңгілік достықты бейнелейді. Қазіргі таңда Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені зиярат ету орны мен тарихи туризм нысанына айналған, қала құрылысы және архитектура ескерткішіне жатады. 2000 ж. Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне кірген.
Дерек
- Мемориальный комплекс Карасая и Агынтай батыров // Северо-Казахстанская область. Энциклопедия. – Алматы: Арыс, 2006. – С. 316–317.