Берел қорғандары
Сипаттамасы
Қатонқарағай ауданының Берел ауылынан 7 км жерде орналасқан (Шығыс Қазақстан облысы).
Ескерткіш жан-жағы Алтай тауларының сілемдері мен Бұқтырма, Қандысу секілді таулы өзендерімен қоршалған биік жазықта салынған.
Ескерткіштің зерттелу тарихы XIX ғ. басталады, 1865 ж. В.В. Радлов Қатанды ескерткіштерімен қатар Берел қорымындағы «Үлкен Берел» қорғанында жұмыс істеген. С.И. Руденконың бастауымен 1959 ж. С.С. Сорокин басқарған Эрмитаждың Оңтүстік Алтай экспедициясы «Үлкен Берел» қорғанын қайта зерттейді.
Берел қорымының зерттелуіндегі жаңа серпіліс 1998 ж. басталады, З. Самашев бастаған қазақстан-француз біріккен экспедициясы қорымдағы көлемі жағынан екінші болатын №11 қорғанды зерттей бастайды. Қорымдағы зерттеу жұмыстары қазіргі кезде де қарқынды жүруде, соңғы екі-үш жылда зерттеу жұмыстарымен Берел тарихи қорық- музейінің мамандары айналысуда. Соңғы 20 жыл ішіндегі зерттеулердің нәтижесінде Қазақ археологиясында маңызды мәліметтер жиналады. Зерттелген қорғандардан табылған жәдігерлері және құрылысы бойынша әлеуметтік жүйедегі әр түрлі сатыдағы адамдардікі екендігі белгілі болды, әрі қолдан жасалған тоң пайдаланылғаны анықталды. Тоңның әсерінен сақталған органикалық заттар, Қазақстан археологиясында алғаш рет кешенді пәнаралық зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік туғызды. Көптеген жәдігерлерді «Остров Крым» зертханасының мамандары қайта қалпынакелтіріп, музейлерге тапсырды.
1998 ж. Берел қорымында №11 және 18 қорғандар зерттеле бастайды, ал 1999 ж. бастап геокриолог, геоморфолог, топырақтанушы, палинолог, ботаник, зоолог, архитектор, дәрігер, генетик, палеоантрополог, этнограф мамандар тартылып, кешенді зерттеулер басталып кетеді. 1998–1999 ж.ж. далалық зерттеулерге Бельгия, Италия, Ресей, Франция ғалымдары қатысады.
Алтай, Қазақ Алтайының пазырық кезеңіне жататын Берел қорғандарының ерекшелігі не ол жерленген адамдардың мумияландырылуы, сонымен қатар органикалық заттардың керемет сақталу деңгейін айтамыз, яғни мұндай жәдігерлер Қазақстанның басқа өлкелерінде кездеспейді. Қазақ Алтайына тән ескерткіштерге ұқсас ескерткіштер Ресей, Моңғолия және Шығыс Түркістан жерлерінде кездеседі. Жалпы айтқанда пазырық мәдениетін жасаған халық Саян-Алтай таулары, Моңғолияның батысы мен Шығыс Түркістан жерлерінде мекен еткен.
Кешенді зерттеулердің барысында белгілі ғалым-геокриологтар А.П. Горбунов пен Э.В. Се верский қорғандарда пайда болған тоңды зерт теп, олардың пайда болу механизмдерін анықтаған. Тоңның пайда болуына қорғанның жер беті және жер асты құрылыстарының архитектуралық ерекшеліктері әсер еткен (қабір шұңқырының тереңдігі мен көлемі, жер беті құрылысындағы әр түрлі үлкен жалпақ тастардың рет ретімен қойылуы, әрі дөңгелек тастардың араластырылуы), сонымен қатар табиғи-климаттық ортаның қатысы бар. Осы критерийлердің сақталуы мен архитектуралық принциптердің орындалуы қабір шұңқырында белгілі бір ылғалды температураның қалыптасуына әкелген, нәтижесінде тоң қабаты пайда болған.
Қорым 1000×4000 шаршы метр жерді алып жатыр. Қорымдағы қорғандар ор- наласуына қарай бірнеше топқа бөлінген. З. Самашевтің болжамы бойынша әр топтағы жерленген адамдар белгілі бір тайпаларға немесе руларға қарасты болған. Берел қорымында көлемі, биіктігі мен архитектурасы ерекше қорғандар бар. Осы критерийлерді және олардың қабірлерінен табылған бай әрі көркем жәдігерлеріне қарағанда берелдіктерде әлеуметтік жіктің болғандығы көрініп тұр.
Қорғандардың жер үсті құрылыстары сопақша болып келген. 1998 ж. бастап зерттел ген №11 қорғанның (диаметрі – 33,5х22,8 м; биіктігі 2 м-ден асады) негізінде берелдіктердің жерлеу ескерткіштерін салғандағы архитектурасынан көруге болады. Жер үсті құрылысының негізінде жалпақ әрі ірі плиталардан жасалған тұғыр тастар бар, олардан ішкері қарай ірі тастардан құралған екі шеңбер орналасқан, олардың ортасындағы кеңістікте бір-бірін жартылай баса көлденең қойылған тақта тастар бар, олардың арасындағы қуыстар ұсақ малта және қиыршық тастармен толтырылған. Тақта тастар шетінен ортасына қарай бағытталып қойылған, нәтижесінде жер бетіндегі тас құрылыстың бір орында қалуын қамтамасыз ететін қабыршық тәрізді платформа пайда болады. Келесі қабаттың тастары көлемі жағынан кішілеу болып келеді, бірақ бүкіл қорғанның ең ірі қабаты болып табылады. Келесі қабат ұсақ малта және қиыршық тастардан құралған, бұл қабат қорғанның қуыстары мен ашық жерлерін толтыра келіп, біркелкілікті қамтамасыз етеді, әрі қабірді қандай да бір кері әсері бар құбылыстардан қорғайтын қабат болып табылады. Осындай құрылыстың нәтижесінде қабір ішіндегі ылғал сақталып, тоңға айналатын болған. Қорғанның батысы мен шығысында іші тасқа толтырылған екі шұңқыр мен тас жолақ табылған. Жалпы айтқанда берелдіктердің жерлеу рәсімдері мен ғұрыптары күрделі әрі бірнеше сатылы болғандығын осындай ерекше оба маңындағы құрылыстар дәлелдейді және олардың мән-мағынасын түсінуге көмектеседі.
Қабір шұңқырының көлемі – 4,9х4,0 м, тереңдігі – 5,0 м. Қабір іші жалпы пазырық мәдениетіне тән, түбінде үш қатарлы қима қойылып, беті тақтайлармен, қайыңтозбен жабылған. Қайыңтоздың араларына курил шайының сабақтары салынған (Dasyphora fruticosa). Бұл қабаттардың үстінен киіз жабылған болуы керек, себебі бұл жерден киізге ұқсайтын органикалық заттардың қалдықтары табылған. Бөренеден жасалған қиманың көлемі – 3,65×2,15×1,40 м. Қиманың ішіндегі биіктетілген жерге самырсыннан бүтіндей ойылып жасалған таған орналастырылған, оның ұзындығы – 2,73 м. Тағанның беті тақтайланып жабылған, әр бұрышында қоладан жасалып, беті алтынмен қапталған жыртқыш құстың мүсіні қойылған, сұлбасы бүркіт-грифонға келеді. Тағанның ішінде екі адамның қаңқасы қойылған, ал бастары шығысқа қарай бағытталған. Қаңқалар – ер адам мен әйел адамдікі. Ер адамда мұрты мен сақалы бар және шашы өрілген.
Жерленген адамдардың жанына қыштан жасалған ыдыс пен ағаштан ойылған екі астау қойылған. Қиманың сыртында, қабірдің солтүстік бөлігінде 13 жылқы жерленген, олар бірінің үстіне бірі қабатталып орналастырылған. Араларына курил шайы араласқан қайыңтоз қойылған, беті қимамен біркелкі болатындай қайыңтозбен жабылған. Жылқылар маңдайларынан чеканмен ұрып өлтірілген. Жылқылардың барлығы ерттелген, әбзелдері алуан түрлі аңдардың бейнелерімен әшекейленген, кейбіреулерінің беттерінде маскалары бар. Масканың бас жағында арқардың мүйізі орын алған. Мүйіз көлемі үлкен әрі тірі аңдікімен бірдей, соған қарағанда ат әбзелдерінің әшекейленуі жерлеу ғұрпының күрделі элементтерінің бірі болып табылады және онда үлкен мән-мағына тағылған десек де болады. Жылқылар жұмсақ ерлермен ерттелген, бұл ерлер ертедегі алғаш пайда болған ат әбзелдерінің белгілі бір түрі және қазіргі ерлердің пайда болуына әкелген прототипі болып табылады. Ерлерінің беті әр түрлі аңдардың бейнелері бар аппликациялар мен тігіндермен кестеленген. Жылқы қаңқаларымен бірге тері, ет пен асқазандағы шөп қалдықтарының сақталуы алуан түрлі пәнаралық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік туғызды.
Жалпы, Берел қорымында зерттелген көсемдердің жерлеу-ғұрыптық ескерткіштері Қазақ Алтайының ерте темір дәуірінің екінші жартысында өмір сүрген берелдіктердің дүниетанымы, салт-дәстүрлері, өнері, шаруа- шылығы, әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен әскери ісі жөнінде мағлұмат алатын жәдігерлердің алуан түрін берді. Осылардың ішінде қорымдағы жалпы жоспарда № 9, 10, 2, 5, 19, 34, 36 деген реттік сандармен белгіленген обалардан шыққан жідігерлерді атап айтып кетуге болады.
Қорымдағы №11 қорғанмен бір тізбекте орналасқан №10 обадан ерекше әшекейленген ер табылды. Жұмсақ киіз ердің бетіне алты-алтыдан сфинкстер мен бүркіт-грифондар бейнеленген, сонымен бірге жолбарыс-грифонның жылқыны талап жатқан көрінісі байқалады. Ерлердің үстінен шиден тоқылған қалқан қойылған. Ат әбзелдердегі аңдардың басым бөлігін бүркіт-грифондар, арқар, балық бейнелері құрайды. Әшекейлердің ішінде қабанның тісіне ұқсатып жасалған ілдірмектер де бар. Адам киімінің әшекейлерінен ағаштан жасалып, бетіне аңдарды бедерлеп салған түймелерді айтып кетуге болады.
Қорымдағы № 9 обадан табылған жә- дігерлерге келер болсақ, олардың басым бөлігі ағаштан ойылып жасалып, беті алтын фольгамен қапталған. Бұл обаның ерекше табылымы ол ағаш саты. Ағаш саты бұған дейін табылмаған болатын. Табиғи ортадағы заттарды ұтымды пайдаланудың бір көрінісі ретінде қарауға болатын ағаш саты самырсынның кішігірім бір бөлігінен жасалған, бұтақтары шабылып басқыштардың орнына қолданылған. Сонымен қатар, бұл қорғаннан алғаш рет қоладан, жалпы металдан жасалған жебе табылды. Бұған дейінгі жебелердің барлығы сүйектен немесе мүйізден жасалынған болатын.
Жерлеу ғұрпы және қабір шұңқырының құрылысы жағынан ерекшеленетіні № 36 оба. Обаның қабірі үлкен тастармен толтырылған. Адаммен бірге жалғыз жылқы қойылған, оның әбзелдері сүйектен қашалған бұйымдармен әшекейленген.
Зерттеулердің нәтижесіндегі №1 қорғанның мерзімі – б.з.д. 267 жыл, ал №11 қорғандікі б.з.д. 363 жыл.
Соңғы жылдарда №2, 5, 19 қорғандар және №1 қорғанның айналасындағы құрылыстар зерттелді.
Жылқыларды адаммен бірге жерлеу рәсімі Берел қорымында зерттелген қорғандардың барлығында кездеседі, жалпы жылқымен жерлеу ғұрпы – пазырық мәдениетіне тән рәсім. П.А. Косинцев Берел қорымынан табылған жылқыларды зерттей келе, жерленген адамның әлеуметтік сатысына байланысты жылқылар таңдалған деген тұжырымға келеді. Ғұрыптық жылқыларды таңдағанда олардың жынысына, жасына, және дене ірілігіне мән берген болуы керек деген ой айтады.
Пазырық мәдениетін құрушылар және солардың ішіндегі берелдіктердің этникалық типі юечжилерге келеді деген де тұжырым бар.
Ескерткіштің ғылыми маңыздылығын табылған органикалық жәдігерлердің негізінде пәнаралық зерттеулерге мүмкіндік туғандығымен анықтаған жөн, себебі осындай мүмкіндікті беретін басқа ескерткіштер кемдекем. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланған зерттеушілер Қазақ Алтайының көне тұрғындарының өміріндегі алуан түрлі жағдайларды түсінуге себепкер болған жаңа білімдерге қол жеткізді.
Берелдіктердің ерте темір дәуіріндегі тұрмысын зерттеуге палеоботаниктер, палеоантропологтар, генетиктер және тағы басқа ғалымдар ат салысып, жерленген адамдардың антропологиялық типін, жасы мен жынысын анықтады, сонымен қатар жылқылардың асқазандарында сақталған шөптерді зерттеудің нәтижесінде өсімдіктер құрамы мен жерлеу маусымы атқарылған маусымды тапты, ағашпен сүйек өңдеу әдістері анықталды.
Берел қорымында ерте темір дәуірінің ескерткіштерімен бірге көне түркі кезеңіне тән жерлеу-ғұрыптық кешендері де зерттелуде. Бұл жерде күрделі әрі терең мән мағынаға толы жерлеу-ғұрыптық рәсімдер өткізілген. Мысалы, адаммен бірге жылқы жерлеу және жерленген жылқының әбзелдерін түрлі аңдардың образдарымен әрлеу рәсімінде көне берелдіктердің дүниетанымындағы кейбір мәселелердің тереңдігі байқалады.
Берел қорымының қазіргі Қазақстан тұрғындары үшін маңызы үлкен, көсемдер жерленген ескерткіш немесе қатардағы адам ескерткіші болса да ата-баба жерленген жер ретінде қасиетті болып табылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 4 шілдедегі №674 қаулысы негізінде ««Берел» мемлекеттік тарихи- мәдени қорық-мұражайы» құрылды. Қазіргі таңда Берел қорымында 2 жерлеу-ғұрыптық кешені қайта қалпына келтіріліп, ашық аспан астындағы музей ашылды. «Берел қорық- мұражайы» Қазақ Алтайының көне тарихын жергілікті тұрғындарға, жалпы Қазақстан азаматтарына таныстыру жұмыстарымен айналысуда, бұл жұмыстар негізінен мектеп оқушыларының арасында көп жүргізіледі. Музейдің ашылып, жұмыс істей бастағаннан бері өңірдегі туристтердің саны артып, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайлары да жақсарған. Берел қорық-мұражайына алыс және жақын шет елдерден көптеген туристтер келуде.
Жалпы, Берел қорымы және ол жерден табылған құнды жәдігерлер Отанымыздың мәдени құндылықтарын әлемге танытудағы орны ерекше екендігі мәлім, сонымен қатар жас ұрпақты ұлттық дәстүрде тәрбиелеп, рухани саналарын жаңғыртуға үлкен үлес қосады.
Деректер
- Горбунов А.П., Самашев З., Северский Э.В. Сокровища мерзлых курганов Казахского Алтая (по материалам могильника Берел). – Алматы: ТОО «Иль-Тех-Кітап», 2005. – 114 с.
- Кашкинбаев К. Берелские лошади. Т. ІІ. Палеопатологические исследования. – Астана: издательская группа ФИА, 2013. – 348 с.
- Китов Е.П. Посмертные повреждения на черепах из могильника Берел (новые данные о мумификации?) // Тр. ФИА. – 2013. – Т. IІ. – С. 237–241.
- Косинцев П.А., Самашев З. Берелские лошади. Морфологическое исследование / Материалы и исследования по археологии Казахстана. – Астана: Издат. гр. ФИА, 2014. – Т. 5. – 368 с.
- Самашев З. Берел. – Алматы: Таймас, 2011. – 236 с.
- Самашев З.С., Бородовский А.П. Роговые украшения конской узды и упряжи из Берельского некрополя // АЭАЕ. – 2004. – № 3 (19). – С. 82–87.
- Самашев З., Ермолаева А.С., Джумабекова Г.С. Казахский Алтай в I тысячелетии до н.э. // Казахстан в сакскую эпоху: коллективная монография. Отв. ред. А.З. Бейсенов. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2017. – С. 101–156.
- Самашев З., Мыльников В. Деревообработка у древних скотоводов Казахского Алтая. – Алматы: ОФ «Берел», 2004. – 240 с.
- Самашев З., Фаизов К, Базарбаева Г. Археологические памятники и палеопочвы Казахского Алтая. – Алматы: ОФ «Берел», 2001. – 107 с.
- Сорокин С.С. Большой Берельский курган (Полное издание материалов раскопок 1865 и 1959 гг.) // АСГЭ. – 1969. – Т. X. – С. 208–236.
- Слюсаренко И.Ю. Датирование скифских древностей Евразии: современные тенденции, достижения, проблемы, перспективы // «Terra Scythica»: матер. междунар. симпозиума «Terra Scythica». – Новосибирск: Изд-во ИАЭт СО РАН, 2011. – С. 239–251.