Бөрітастаған жартасы

Сипаттамасы

Қола дәуірі. Боғас өзені маңындағы жазық аймақта орналасқан (Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы).

Ескерткіш кең далада жападан жалғыз тұрған жартас болуымен ерекшеленеді. Бөрітастағандағы байырғы замандардағы жазба- суреттер туралы өлкетанушылар қалдырған мәліметтерге шолу жасайық.

Император географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің Семейдегі бөлімшесінің мүшесі Бейсенбай Байболовтың мәліметі мынадай мазмұнда: «Ертеде қырғыздар (қазақтар) алып деген атпен белгілі болған кемпір өмір сүріпті. Күндердің күнінде Тарбағатай тауының бөктерінде қолына ұршығын алған кемпір бір отар қойды бағып отырған кезде малға қасқыр (бөрі) шабады. Сол сәтте малын қорғайын деп қасқырларға қарай тастаған ұршығы Тарбағатай тауынан 25–30 верст қашықтықта жатқан Боғас жазығына барып түседі. Ұршық түскен жерде ұзындығы 20– 30 сажын, биіктігі 8-10 сажын жартасты тау пайда болады. Қазақтар қасқырды «бөрі» деп атаған, демек қасқырларға қарай тастаған ұршық тасқа айналған жерді «бөрі – тастаған» деп атау содан шыққан. Бұл аңыз мәнінен кемпірдің қаншалықты күшті болғанын көреміз. Оның қолында жай ғана ұршық емес, үлкен тау болғанын байқаймыз. «Бөрітастаған» – ерекше көз тартатын тау. Ол айналасында ешқандай мекен, тау немесе жота да жоқ жазық даланың қақ ортасында орналасқан тақыр қара жартас. Осы жартастың қасында халық қазыларының аймақтық төтенше жиыны өтеді. Таудың тастарында сол жиынға қатысқан басшылардың аты-жөні жазылған, солардың арасында еуропа нәсілді адам басы салынған сурет ежелгі болып табылады.

Тарбағатай тауының алқаптары мен бөктерлеріндегі көне ескерткіштер, киелі- ғибадатханалар, «қорықтар» мен «барықтардың» көп кездесуі орта ғасырларда бұл өңірдің Батыс Түрік қағанаты орталықтарының бірі болғандығын көрсетсе керек.

Тас немесе әртүрлі металл құралдарменойып салынған тастағы таңбалар, петроглифтер және бояумен жасаған жазба-суреттер тарихи- мәдени мұралардың ерекше бір түріне жатады.

Қазақстан аумағындағы бедерлеу өнерінің кереметтей ескерткіштерінің қатарына – ерте кезден-ақ ғалымдардың қызығушылықтарын туғызған – XIX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы Орыс географиялық қоғамының Батыс-Cібір бөлімінің Семей бөлімшесі мүшелерінің есептері, жолжазбалары мен қысқаша ақпараттарының әртүрлі басылымдарда жарық көрген Бөрітастағанның қабырғасындағы жазба-суреттері жатады.

Бөрітастаған – таңғаларлық сипаттағы ашық түсті гранит тастардан түзілген. Шығыстан батысқа қарай созылып жатқан, айнала аумағы бір шақырымға жуық, ал биіктігі шамамен 19 м болатын жартас. Жартастың оңтүстік беті тік дерлік, ал солтүстік жағы кертпешті, төбесіне шығуға болатын жадағай жиегі бар. Адамдар осы жерге жиі келіп құрбандық шалып, жартас төбесінде өсетін бұталардың бұтағына немесе түбіне шыт байлап отырған, болмаса жай түйіп сол жерге тастап кеткен.

Жартастың шығыс шетіндегі төменгі бұрышында биіктігі – 0,9 м, ұзындығы – 6,4–8,52 м болатын беті тайғанақ көлбеу болып келген қуыс пайда болған. Қусықа жету үшін жартас жыныстарының бүйіріндегі жарықпен еңбектеп баруға болады.

Нысанның тарихи-мәдени және ауызша тарихнамалық маңызы бар. Қазақ этносының тарихы мен мәдениетіне қатысы зор. Адамдар жиі келіп, зиярат ететін орын.

Деректер

  1. Адрианов А.В. К археологии Западного Алтая (из поездки в Семипалатинскую область в 1911 г.). // ИИАК. –1916. – Вып. 62. – С. 77–79.
  2. Байболов Б. Легенда о происхождении горы Бор-Тастаган // Записки Семипалатинского отдела Общества изучения Казахстана. – 1914. – Вып. VIII. – С. 8.
  3. Отчет В. Каменского. Зайсанская экспедиция // Архив ИИМК РАН, ф. 81, д. 31.
  4. Самашев З., Сапашев О., Оралбай Е. Толегенов Е., Исин А., Сайлаубай Е. Памятники монументального искусства Восточного Казахстана (древность и средневековье). – Алматы: Археология, 2010. – 216 с.
Толығырақ

Суреттер


Кіру