Елеке сазы қорымы
Сипаттамасы
Ерте көшпелілер дәуірінен көне түркі уақыты аралығындағы обалар кешені. Ақсуат ауылынан оңтүстікке қарай 80 км жерде, Елеке сазы жазығында орналасқан (Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы).
2010–2016 ж.ж. Елеке сазы жазығында барлығы 300-ден астам обалардан тұратын 7 қорым анықталады. Ең үлкен обалардың диаметрі – 120 м, биіктігі – 5 м. Өздерінің белгілеріне қарай бұл ескерткіштер Қазақстан жеріндегі, Алтай өңірі мен Оңтүстік Сібір аймағының ежелгі мемориалдық құ рылыстарына ұқсас келген. Б.з.д. I мыңж. жа татын обалардың басты бөлігін ерте сақ кезеңімен мерзімдеуге болады.
Қазба жүргізілген 7-ші оба, өкінішке орай басқа да элиталық обалар секілді сол заманда тоналғаны белгілі болды. Ескерткіш екі қатар қоршаумен шеңберленген және ені 2,5–3,5 м ормен қоршалған. Обаның диаметрі – 31×33 м, биіктігі – 2,2 м. Панцирі мен дромосы шығыс жағында орналасқан. Жерлеу құрылысы – бұрынғы жер бетінде, ұзындығы бойынша шығыстан батысқа бағытталып тастан тікбұрышты құрылымда салынған. Ескерткіштің құрылымы ерте сақ дәуірінің Бесшатыр, Шілікті обаларына ұқсас. Тонаушылардан түсіп қалған ежелгі зергерлік өнер үлгілері ішіндегі жебе ұшын ұстап тұруға арналған бедерлі алтын қаптама, кербұғы бейнеленген алтын қапсырма, екі қырлы ұңғылы жебе ұшы ерекше қызығушылық тудырады.
Табылған олжалардың ерекшелеріне қарағанда, ескерткіш б.з.д. VII ғ. яғни, ертесақ дәуірімен мерзімделеді. Жапырақты алтыннан жасалған бұғылардың бейнелері Шіліктінің ерте кезеңіне жататын обаларынан табылған осы секілді бұйымдарына жақын.
Ерте көшпелілер дәуірі мәдениетінде бұғы кейпі өте танымал болған, сақ-скиф халықтары арасында ол қасиетті жануар болып есептелген. Шығыс Қазақстанның ертедегі ескерткіштерінде оның бейнесі зергерлік бұйымдар мен жартасқа салынған суреттерде белгілі. «Saka» термині аталық бұғы атауынан шыққан деген теория да бар. Қазіргі уақытта еуропалық кеңістікте бұғы бейнесі сақ-скиф, сібір халықтарының символына айналғаны даусыз. Елеке сазындағы бейнеленген бұғылар мүйіссіз және үлкен құлақты болып бейнеленген, ол – бейбіт өмір белгісі. Шіліктіде бұғылар көп бұталы мүйіздерімен бейнеленген. Тарбағатай петроглифтеріндегі бұғылар көбінде құс тұмсықты болып келеді. Осының бәрі жер мен көкті біріктіру символы іспеттес зоо- орнитологиялық бейне болуы мүмкін.
Жүргізілген далалық зерттеу жұмыстарын тұжырымдау барысында ежелгі көшпенділер дәуірінің Тарбағатай өлкесінің материалдық және рухани мәдениетін сипаттайтын көркемөнер мен мәдениет және соғыс ісі бойынша жаңа деректер жинақталды. Бұл скиф-сақ археологиясының – ежелгі көшпенділердің мәдени кешенінің пайда болу мен қалыптасуына қатысты негізгі сұрақтарды шешу үшін өте маңызды. Елеке сазда жүргізілген зерттеулер ескерткіштерді қалдырған адамдар тобының этникалық тегін анықтау мәселесіне де қатысты мәліметтер береді.
Елеке сазы қорымы бұйымдарының Шілікті алқабында орналасқан ерте сақ ескерткіштерімен ұқсастығына қарап, осы жер кем дегенде біздің дәуірімізге дейінгі I мыңжылдықтан бастап өңірдің саяси орталығы ретінде қалыптасты деп айтуға болады.
Тарбағатайдың феномені Алтай мен Жетісу аймақтарына тән табиғи ландшафты сипаттарының үйлесімділігін көрсетеді. Еуразия континентінің ерте көшпелілер дәуірі мәдениетінің ортасындағы осы тау жотасының ежелгі мұрасының ерекшелігін сақ-скиф әлемінің мәдениеті жүйесіндегі орнынан көруге мүмкіндік беріп, ежелгі ескерткіштердің келбетіне себепші болатын бірқатар түсініктерді қалпына келтіруге болады.
Елеке сазындағы қалған кешендер барлық түрік қағанаттарының саяси тарихы мен мәдени-шаруашылық тұрмысы туралы аса маңызды мәліметтерді сақтаған. Елеке сазындағы табылған тағы бір бірегей ескерткіш, ол – Еуразия кеңістігінде үстемдік жүргізген түрік қағандар жерленген саусақпен санарлық көне түрік мәдени кешендерінің бірі. Оның барлық компоненттерін жан-жақты зерттеу Қазақстан жерінде мемлекеттіліктің қалыптасуы мен сабақтастығы мәселелерін зерттеуде маңызды орын алады
Ескерткішті сиынатын киелі орын және туристік нысанға айналдырып, тарихи-мәдени мұраны насихаттау мен ашық аспан астындағы музей жасауға өте ыңғайлы. Сонымен қатар қазақ мемлекеттілігінің алғышарттары тұрғысында ертесақ және көне түркі мемлекеттілігін зерттеу бойынша жұмыстар жүргізілу барысында жоғары дәрежеде ақпарат берері сөзсіз. Сонымен қатар Елеке сазы ескерткіштері өзінің мәртебесі бойынша ұлттық және халықаралық ғылыми және мәде- ни ұйымның қор тізімдеріне енуге лайық.
Деректер
- Байтенов Э.М. Новые материалы по древнему наследию Тарбагатая. – Алматы. Изд. дом «Строительство и архитектура», 2016. – С. 12–13.
- Оралбай Е. Ақсуат қорғандары (қазақ-неміс зерттеулерінің алғашқы қорытындылары) // Кадырбаевские чтения– 2010: матер. II междунар. научн. конф. – Актобе, 2010. – С. 94–105.
- Оралбай Е. Предварительные результаты исследований раннесакских памятников на плато Елеке Сазы в Тарбагатайском районе Восточно-Казахстанской области // Саки и савроматы Казахских степей: контакт куль- тур: сб. научн. ст., посвящ. памяти археолога Б. Нур- муханбетова. – Алматы, 2016. – С. 161–171.
- Самашев З.С., Жумабекова Г.С., Ермолаева А.С., Омаров Г. Раннесакские наконечники стрел из Казахстанского Алтая // Военная археология. Оружие и военное дело в исторической и социальной перспективе. – СПб., 1998. – С. 155–160.
- Черников С.С. Загадка Золотого кургана. Где и когда зародилось «скифское искусство». – М.: Наука, 1965. – 190 с.
- Омаров Г.К., Байгунаков Д.С. Олень в искусстве жителей железного века Центральной Азии: общие тенденции в восприятии образов // Вестник КазНУ. Сер. историч. – 2013. – № 1 (68). – С. 258–262.