Көкентау ескерткіштері

Сипаттамасы

Көкентау ескерткіштері. Б.з.д. III– II мыңжылдық қарсаңы. Көкентау тауының солтүстігіндегі алаңқайда, Қарасу ауылынан оңтүстікке қарай 23 км қашықтықта орналас қан (Шығыс Қазақстан облысы).

Көкентау тау алабының ежелгі ескерткіштерге толы болғандығы бұл аймақтың ерте заманнан бері адамның тіршілік әрекетіне қолайлы жағдай жасалғандығында жатыр. Көкентаудың ең биік ұшар биігін Үшайыр таудың шыңдары қоршаған жердің иесі – тау аруағының мекендейтін жері деп есептеген. Сонымен қатар Көкентаудың үңгірлерінде адам тәрізді аруақтарды, жануарларды бейнелейтін суреттер бар. Көмескі тартқан суреттер жаңа тас ғасырына жататын болса, қасындағы анық көрінетін сызықтармен ерекшеленетін фигуралар кейіннен – қола дәуірінде салынғанын айтуға болады.

Көкентау өзінің тек суреттерімен ғана емес, сонымен қатар әр дәуірдегі археологиялық ескерткіштерімен де қызықтырады. Осыған жақын маңайда көптеген қола дәуіріне тиісті қоныстар табылды. Жақын жердегі жазықта орналасқан тұрғын жайлар алғашқы қалалар деп аталмаса да, көлемді болды. Бір тұрғын үйдің қасында еңбек құралдарын жасайтын көне шеберхананың белгілері анықталған. Осы жерден көптеген жерлеу орындары табылды. Олар қола дәуірінен бастап ерте орта ғасырларға дейінгі кезеңмен мерзімделеді. Адамдар осы жерде ұзақ уақыт өмір сүргендігін көрсетеді. Осы жерде ежелгі түркі кезеңінің тастан жасал ған мүсіндері табылды. Олардың кімді бейне леп көрсеткені әлі анықталмаған. Зерттеушілердің көбі бейіттердің үстіне қойылған тас мүсіндер өлген адамдардың бейнелерін көрсетеді деп санайды. Басқа зерттеушілер ата-бабаларымыздың жалпы бейнесін көрсетеді дейді. Үшіншілері, түркі халықтарының фольклорындағы жазалау идеясына сүйеніп, тас мүсіндер жеңілген дұшпан бейнесін көрсетеді деп санайды. Ал зерттеушілердің бір бөлігі, тастар мифологиялық кейіпкерлерді көрсетеді деген тағы бір ой айтады.

Археологиялық барлау нәтижесінде Сарша жерінде диаметрі – 30 м және биіктігі – 1,5 м жалғыз тұрған қорған табылған. Исахан жерінен биіктігі – 1,3 м, диаметрі – 8-25 м бес қорғаннан тұратын қорым табылды. Ең ірі қорым Байсеке болып табылады, ол 30 қорғаннан тұрады, жер үстіндегі құрылысы кесілген тас тан салынған. Қорғандар беті тығыз өсімдіктермен жабылған. Диаметрі – 10 м-ден 30 м-ге, биіктігі – 1,5 м-ге дейін. Дуалдың шығыс жағында бітіктас орналасқан. Жер құрылысының ерекшеліктеріне қарағанда жоғарыда аталған қорғандарды ерте көшпенділер дәуіріне жатқызуға болады. Әрі қарай жүргізген барлау нәтижесінде Қаратөбе жерінде 17 қоршаудан тұратын қорым анықталған. Негізінде қоршаулар қыры жағымен қаланған ірі плиталардан орнатылған.

Көкентау алабының бірегей ескерткіші қола дәуіріне жататын Көкентау 1 қонысы. Осы жерде анықталған биіктігі – 1,5 м, сал мағы 5-6 тоннадан тұратын ірі гранитті блоктардан салынған құрылыс биіктігі 1 м-ге жететін, үш қатар қоршаумен қоршалған. Бұған қоса тастарды арасынан адам өтетіндей жер қалдырып орналастырған. Зерттеу тобы жақын жерде қола дәуіріне жататын тағы бір қонысты табады, оған шартты түрде Көкентау 2 атауы берілген.

Көкентау алабының солтүстік-шығыс тау етегінен үлкен көне түркі кешені табылған. Ескерткіштің қабырғалары – бір жағы қақпа секілді бөлініп тұрған топырақтан жасалған дуал түрінде тіктөртбұрышты құрылыс. Құрылыстың ішінде тіктөртбұрышты бөлмелер бар, ал негізгі қабырғаның ішкі жағының бойында жерлеу орындары орналасқан. Археологиялық зерттеу нәтижесінде Үшайыр таудың шыңынан солтүстікке қарай және қола дәуірінің қонысынан оңтүстікке қарай орналасқан көне түркі обасы анықталған. Екі іргелес орналасқан дуалдардың әрқайсысының шығыс жағында мүсіндер салынған. Біреуі қызыл граниттен қашалған, онда тек беттің кескіні мен иек сызығы бейнеленіп, басын монолиттен бөлектеп тұр. Екінші мүсін кішірек және де түсі сәл ашық келетін граниттен жасалған, бет келбеті қашалып салынған бастың пішіні анық көрінеді.

Осылайша, Көкентау алабының археологиялық ескерткіштері тарихи-мәдени жағынан алғанда бірегей болып саналады. Мұнда табылған көптеген археологиялық жәдігерлер осы аумақтың тарихындағы мыңдаған жылдармен есептелетін өте үлкен кезеңін көрсетеді. Көкентауды әрі қарай кешенді зерттеудің болашағы зор. Семей қаласының жақын орналасуынан Көкентауға халық жиі баратын болғандықтан, туристік кластерді дамытуға зор мүмкіндік береді.

Деректер

  1. Илиуф Х.Ш. Древности Кокен-Тау // Роль музеев на современном этапе и перспективы развития: матер. Междунар. научн.-практич. конф., посвящ. 70-летию музея. – Павлодар, 2012. – С. 29–35.
  2. Экспертиза массива Кокентау в окрестностях г. Семея Восточно-Казахстанской области (памятники археологии) и Талицкого форпоста (памятник военной архитектуры): отчет ИП «Ерден». – Алматы, 2014.
Толығырақ

Суреттер


Кіру