Қарақаба қорымы
Сипаттамасы
Қорым Еңбек ауылынан шығысқа қарай 30 км жердегі Тарбағатай жайлауында орналасқан (Шығыс Қазақстан облысы, Қатон-Қарағай ауданы).
Қарақаба өзені алқабының үшінші террасасында (1750 м) орналасқан қорым бірнеше жерлеу-ғұрыптық ескерткіштерінен құралған, қазіргі кезде ерте темір дәуірі мен түркілер кезеңіне жататын 5 топ есепке алынды.
Ескерткішті З. Самашевтың жетек шілігімен Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы 2000 жылғы барлау кезінде ашқан. Жалпы алғанда ғылыми зерттеу жұмыстары бұл жерде 2012 ж. басталады. 2006 ж. Қарақабада З. Самашевтің жетекшілігімен Қазақстан-Бельгия мамандарынан құралған экспедиция зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сол кезеңдегі жұмыстардың негізгі мақсаты барлау мен ескерткіштерді құжаттау болған. Ескерткіштегі кең көлемдегі археологиялық зерттеу жұмыстары 2012–2015 ж.ж. арасында жүргізіледі. Зерттеу барысында 20-дан астам жерлеу және құрбандық шалу орындары қамтылады. Солардың сегізі қазбадан алынған материалдар негізінде ерте темір дәуіріне, қалғандары ерте түркі кезеңіне жататындығы анықталды. Ерте темір ғасырының соңғы кезеңіне жататын обалардың бірінен қой етінің бір бөлігі салынған керамикалық қазан шыққан.
Түркі дәуірі ескерткіштерін зерттеу барысында бірегей археологиялық материалдар алынады. Жерлеу құрылыстары тікбұрышты немесе сопақ келген тас қоршаулар. Лақатқа шалқасынан жатқызылған марқұмның басы шығысқа қаратылған. Қоса жерленген жылқының денесі адам мәйітіне қарама-қарсы бағытта жатқызылған. Ерлер қабіріне қойылған жерлеу материалдарының байлығы марқұмның әлеуметтік дәрежесінің жоғары болғанын куәландырады.
Жерлеуге қойылған заттардың басым бөлігін қылыш, қорамсадағы жебелер, садақ секілді қару-жарақтар құрайды. Қылыштардың бірінің жалпақ бетінен ортағасырлық аң стилінде салынған тамаша жылқы бейнесі анықталды. Ат әбзелдері мен қорамсалар алтын жалатылған күміс және қола қапсырмалармен көркемдеп көмкерілген. Табылған барлық заттар «Остров Кырым» шеберханасында Қ. Алтынбековтің жетекшілігімен қайта қалпына келтірілді.
Жерленген марқұмдардың бес қаруы сондай бай болғанымен, олардың киімдерін безендіру заттары мейлінше қарапайым. Қосымша қойылған аксессуарлар қатарында қола немесе күмістен жасалған кішігірім сақина тәріздес сырғаларды айтуға болады. № 9-шы обаны қазу барысында марқұмның бетіне жабылған жұқа күміс пластинадан жасалған бетперде (маска) шығады. Реставраторлардың жасаған жұмыстары арқасында жібек матадан жасалған киімнің үлкен бөлігін сақтап қалу мүмкіндігі жүзеге асты. Уақыттың жойқын әсерінен жұқа киізден жасалған жамылғыны екі жағынан қапталған жібек мата қорғап қалған. Ол №4 обадағы еркектің жерлеу шұңқырынан умаждалған күйінде табылды. Осыған ұқсас жұқа ақ киізден жасалған жамылғы – кебенек – қазақтың дәстүрлі ерлер киімдері құрамына кіретіндігін айта кеткен жөн. Осының барлығы далалық материалдық мәдениет құрамының едәуір орнықтылығын көрсетеді.
Жерлеулерден үш музыкалық аспаптың табылуы төтенше жағдай болып есептеледі. Оларды жерлеу заттарының құрамына қосу жерленген азаматтардың дәрежесінің жоғары болғандығын куәландырса керек. Аспаптар ағаштан жасалған және ішекті құралдар болып саналады. Әдетте мұндай аспаптарды бақсының заттары құрамына жатқызады. Дегенмен жерлеуде марқұмның ондай қызметке қатыстылығын растайтын басқа заттар табылмады. Сондықтан жерленген марқұмдар ғұрыптық қызмет адамдары емес музыкант- жауынгер болуы мүмкін деп болжау жасауға болады.
Обалар VIII–IX ғ.ғ. мерзімделеді. Жерлеу заттарының арасында ерлерге арналған ортағасырлық жерлеулерде жиі кездесетін қымбат белдіктер мен жауынгердің маңызды құралдары секілді заттардың орнына музыкалық аспапты қоюы жерленген кісінің сол қоғамдағы әлеуметтік дәрежесі жоғары болған деп болжауға мүмкіндік береді.
Байырғы адамдардың жерлеу ғұрпы тәжірибесіне қатысты қызық бір жайтты айта кету керек: ерте темір ғасыры жерлеулері тоналған немесе салтқа байланысты талқандалған болып келсе, түркі дәуірінің жерлеулерінде ондай әрекеттер кездеспейді.
Өңірдің мәдени ландшафтын ерекше атап өткен жөн. Ол солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай жіңішке болып созылып жатқан, айналасын тау сілемдері қоршаған жазықтық. Шығыс бағытта көз ұшына кететін үшкір шыңдар тізбегі көрінеді. Обалар тізбегінің басы кішігірім тау сілемінің солтүстік етегінен басталып, өңірді көлденеңінен қақ бөлетін түзуді құрайды. Өңірдің қарсы бетінде оған өзінің атын берген өзен (Қарақаба) ағып жатыр. Обалар тобының шығыс бөлігі орналасқан өңірді жеке тұрған кішігірім шоқы екі бөліп тұр. Шамасы, обалардың осы шоқының маңында шоғырлана орналасуы тегін емес. Өңірдің басқа бөліктерінде түркі дәуірі ескерткіштері кездеспейді. Ежелгі адамдардың мифологиялық танымында осы шоқы әлемнің кіндігі болуы керек деген ұғыммен астасып жатса керек. Сондықтан да ежелгі түріктер шоқының айналасын ата-бабаларын жерлеп, құрбандық рәсімдерін өткізетін қасиетті орынға айналдырған болар.
Қарақаба өңірі Қазақ Алтайының табиғаты тамаша аймағында орналасқан. Қазіргі кезде бұл жерге жалғыз ғана тау жолымен баруға болады. Оны Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін жергілікті Әбдікерім болыстың тапсырысымен жасаған. Жол құрылысына австриялық әскери тұтқындар күші пайдаланылған, сол себепті жолды «австрия жолы» деп атап кеткен. Тау жолы Бұқтырма өзенінің өңірі мен таудағы Марқакөл көлін жалғастырады. Осы бағыт Қазақстанның туристік картасына кіреді.
Деректер
- Самашев З., Буржуа Ж., Джумабекова Г., Воутер Д., Базарбаева Г., Чотбаев А.Е. Поиски курганов с мерзлотой в Казахском Алтае с использованием методов дистанционного зондирования // Отчет об археологических исследованиях по государственной программе «Культурное наследие» в 2006 г. – Алматы, 2007. – С. 155–156.
- Самашев З., Северский Э.В., Курашкин С.А., Чотбаев А.Е. Курганы с мерзлотой Казахского Алтая: использование методов геокриологии в археологическом поиске // Отчет об археологических исследованиях по государственной программе «Культурное наследие» в 2006 г. – Алматы, 2007. – С. 203–207.
- Самашев З., Уварова А.К., Джумабекова Г., Базарбаева Г., Чотбаев А.Е. Использование ГИС-технологий при проведении археологической разведки в Казахском Алтае // Отчет об археологических исследованиях по государственной программе «Культурное наследие» в 2006 г. – Алматы, 2007. – С. 207–210.
- Самашев З., Чотбаев А.Е., Жалмаганбетов Ж.М., Хасенова Б.М., Киясбек Г., Ахметов М.Г. Исследование древнетюркских памятников на Каракабе // Тр. ФИА. – 2013. – Т. IІ. – С. 163–167.
- Bourgeois, Jean, De Wulf, Alain, Goossens, Rudi and Gheyle, Wouter. 'Saving the frozen Scythian tombs of the Altai Mountains (Central Asia)'. - World Archaeology. - 39:3. – Р. 458–474. To link to this article: DOI:10.1080/00438240701504585 URL: http://dx.doi. org/10.1080/00438240701504585