Қараоба қорымы

Сипаттамасы

Қола дәуірі және ерте темір ғасыры обалары мен кесенелері кешені. Ескерткіш Кривинка-Семиярка тас жолы бойында, Кривинка ауылынан оңтүстік- шығысқа қарай 18 км жерде орналасқан (Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы). Ертістің оң жағалауындағы бұрынғы жарқабақта орналасқан қола мен ерте темір дәуірлерінің жерлеу және салттық құрылыстар кешенін құрайды. Кешен б.з.д. XIV–XV ғ.ғ. кейінгі қола дәуірінің қам кірпіштерінен тұрғызыл ған кесенелері мен оңтүстік-шығыста орналасқан ерте темір дәуірінің қорымынан тұрады.

Кривинск-семиярск археологиялық мөлтек ауданына жататын, құрамына әртүрлі дәуірдің ондаған нысандары шоғырланған бұл кешен Ертістің оң жағалауы бойында 50 км қашықтыққа созыла орналасқан. Кешенді өткен ғасырдың соңынан бастап Павлодар археологиялық экспедициясы, сосын С.М. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы (В.К. Мерц) зерттеген. Қола дәуіріне жататын құрылыстардың бірінші тобы мейлінше жоғары қызығушылық туғызады. Ол – жердің бетіне кірпіштен салынған төрт құрылыс, сонымен қатар оба тәріздес төбешік пен айналасында күйдірілген кірпіштердің қалдығы жатқан басты кесенеден тұрады. Осы кешеннен шикі және күйдірілген кірпіштерден тұрғызылған көлемі 5,5х5,5 м болатын төртбұрышты екі циста түріндегі сағана толық зерттелген. Сағана 1,2 м тереңдіктегі көлемі 40×20×8–11 см тастардан қаланған тұғырдың үстіне салынған. Солардың біреуінің іші мен едені екі қатар етіп шикі кірпіштермен қаланған. Олар жерлеу салтын жасау барысында жағылған оттың салдарынан күйген. Қазба жұмыстары барысында Қазақстан мен Батыс Сібірдің кейінгі қола дәуірінің сарғары, беғазы, елов пен ирмень түрлеріне жататын қолдан жапсырылып және шарықта жасалынған керамикалық ыдыстардың көп мөлшері алынған. Қола бұйымдар жиынтығы, шыны мен тастан жасалған әшекей бұйымдар бар. Осы ескерткіштің аналогтары Оңтүстік Арал өңірінің Солтүстік және Оңтүстік Түгіс- кен қорымдарынан ғана белгілі. Сондықтан да Солтүстік-шығыс пен Шығыс Қазақстан үшін осы кешен бірегей болып табылады.

Ескерткіш беғазы-дәндібай мен сақ ақсүйектерінің қорымына жатады. Олардың бір кешен аумағында бірге орналасуы, кейінгі қола мен ерте темір дәуірі мәдениеттері арасындағы өзара сабақтастықты білдіреді. Сонымен қатар ол орталығы Ертіс өңірінде болған далалық өркениеттің қалыптасуының ерте кезеңдері мен байланысты. Сабақтастықты осы археологиялық мөлтек аудандағы кейінгі қола дәуірінің басқа да ескерткіштерінде, ондаған қоныстар мен Семиярск қонысында жүргізілген зерттеулер нәтижелері растайды. Көлемі 70 га жерді алып жатқан қала үлгісіндегі бұл қоныс бірнеше жүздеген құрылыстардан тұрады. Қараоба қорымында зерттелген жерлеу құрылыстарының бірегейлігі, оның ұлттық және әлемдік мәдениет үшін аса құнды маңыздылығы қасиетті нысан ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты, оны әрі қарай зерттеу мен музейге айналдыру қажеттігі туады.

Деректер

  1. Бейсенов А.З., Варфоломеев В.В., Мерц В.К., Мерц И.В. Раскопки могильника Караоба в 2013 г. // Диалог культур Евразии в археологии Казахстана: сб. научн. ст., посвящ. 90-летию со дня рождения выдающегося археолога К.А. Акишева. – Астана: ЕНУ им. Л.Н. Гумилева; изд-во «Сарыарка», 2014. – С. 173–186.
  2. Мерц В.К. Новые материалы по энеолиту и ранней бронзе северо-восточного Казахстана // Новые исследования по археологии Казахстана: тр. научн.-практ. конф. Маргулановские чтения-2004. – Алматы, 2004. – С. 165–169.
  3. Мерц В.К. Археологические исследования в Бескарагае // Алтай в системе металлургических провинций бронзового века: сб. научн. ст. – Барнаул, 2006. – С. 73–82.
  4. Мерц В.К. Археологическое изучение Северо-Восточного Казахстана за 20 лет независимости // Свидетели тысячелетий: археологическая наука Казахстана за 20 лет (1991–2011): сб. научн. ст. – Алматы, 2011. – С. 386–407.
  5. Мерц В.К. Бегазинский комплекс из Караобы (Семипалатинское Прииртышье) // Бегазы-дандыбаевская культура степной Евразии: сб. научн. ст., посвящ. 65-летию Ж. Курманкулова. – Алматы, 2013. – С. 270–282.
Толығырақ

Суреттер


Кіру