Майемер кешені

Сипаттамасы

Археологиялық ескерткіштерге бай өлкелердің бірі – Майемер даласы Нарын өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан (Шығыс Қазақстан облысы, Қатон-Қарағай ауданы).

Археология ғылымында белгілі болған ерте темір дәуірінің майемер мәдениеті осы далада табылып, зерттелген ескерткіштерге байланысты аталған. Майемер мәдениетіне ерте темір дәуірінің алғашқы немесе қалыптасу кезеңіне жататын ескерткіштердің жиынтығы жатады. Ерте темір дәуірі ғалымдардың тұжырымдарына сүйенсек күрделі өзгерістер мен жаңалықтарға толы болған. Бұл кезде көшпелі өмір салтының алғы шарттары мен жалпы сол заманға сай ұстанымдар қалыптасқан. Қазақстан жеріндегі майемер ескерткіштерінің зерттелуі В.В. Радлов, А.В. Ад рианов есімдерімен байланысты. А.В. Ад рианов Майемер өзенінің Нарым өзеніне құяр жерінде орналасқан бес қорғаннан тұратын қорымның екі жерлеу-ескерткішін зерттеген. 1911 ж. ол Батыс Алтайдағы майемер мәдениетіне жататын 14 қорғанды зерттейді.

Майемер мәдениетінің ескерткіштері жалпы сақ өркениетіне тән сипатқа ие бола тұрып, көршілес тасмола және бийке мәдениеттерінен ерекшеленеді. Жалпы, майемер мәдениеті атауы Алтайдың солтүстік-батыс бөктері мен Шығыс Қазақстанның соған жақын аймақтарындағы ертесақ дәуірі ескерткіштерін белгілеу үшін қабылданған. Жерлеу құрылыстарының ерек- шеліктерін негізге ала отырып зерттеушілер Шілікті мен Майемер ескерткіштерін бір топқа жатқызады (С.С. Черников, Л.С. Марсадолов).

Бұқтырма өзені алқабынан анықталған қорымдарындағы көптеген қорғандар тобы тізбек бойында орналасқан. Археология ғылымында белгілі болған «майемер көмбесін» А.В. Адрианов №2 қорғаннан оңтүстік-батысқа қарай 380 м жерден тапқан. Бұл көмбе жеті тастан құралған қоршаудың бір тұғырының астынан табылған. Көмбе үзеңгі типтегі ұштығы бар ауыздықтан, оратылған мысық тұқымдас аңның бейнесіндегі алтын пластиналар, жыртқыш құстың басы мүсінделген алтын жалатылған қола қапсырма және т.б. заттардан құралған. Аң стилінде жасалған бұйымдар ерте сақ кезеңінің қомақты қорын құрайды, оратылған жыртқыш немесе пантера бейнесі Ұлы дала кеңістігінде көптеп табылған. Майемер даласындағы ескерткіштерден табылған заттарды сараптаудан өткізудің нәтижесінде бұл кезеңдегі жерлеу ғұрпындағы түрлі дәстүрлердің үндестігі бар екендігі белгілі болды. Бұл ерекшелікті түрлі дәстүр иелерінің тығыз араласуымен түсіндіруге болады.

Жоғарыда айтып кеткендей, Қазақстан жеріндегі майемер мәдениеті ескерткіштерін алғаш зерттеген В.В. Радлов пен А.В. Адрианов. Өткен ғасырдың аяғында, нақтырақ айтқанда 1997 ж. Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, Эрмитаж, әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ, Кемеров Мемлекеттік университеті және Францияның ғылыми зерттеулер Ұлттық орталығының мамандарының бірлескен тобы Ресей, Моңғолия мен Қытай жерлерінің тоғысқан өлкесіндегі Қазақстанның Шығыс Қазақстан облысына қарасты Қатонқарағай мен Үлкен Нарын аудандарында орналасқан Майемер даласында зерттеу жұмыстарын қайта жаңғыртады. Экспедицияның негізгі мақсаты Шығыс Қазақстандағы ерте темір дәуірінің ескерткіштерін зерттеу болды. Археологиялық зерттеу жұмыстары Бұқтырма өзенінің жоғарғы ағысындағы Майемер ІІ және ІІІ қорымдарында жүргізіледі. Қорымның бір обасының үстінен бұғытас табылған. Онда конус тәріздес сырға, қорамсадағы садақ пен чекан ілінген белдік бейнеленген.

Тас шеңбермен қоршалған обалардың бірінің (Майемер-ІІ, №2) негізгі қабірі жанынан лақаттап көмген әйел қабірі анықталды. Е.В. Веселовскаяның анықтауы бойынша жерленген адам қаңқасы 35-40 жастағы әйелге тиесілі. Жауынгер әйелмен бірге қорамсаның сүйектен жасалған ілгіші, жебенің қоладан жасалған алты және сүйектен жасалған бір ұшы қойылған. Қоладан жасалған ұңғылы екі қанатты жебе ұштары ескерткіштің ерте сақ*скиф дәуіріне б.з.д. VIII–VII ғ.ғ. жататындығын көрсетеді. Енді бір обадан (№3) трапеция тәріздес тас жәшік анықталды. Жәшіктің түбінде оңтүстік плитамен қатар қойылған жылқының алдыңғы аяғы табылған. Шамасы бұл құрбандық шалу орны болуы мүмкін.

Майемер даласындағы зерттеу жұмыстары біраз уақытқа тоқтап 2009 ж. қайта басталады. Бұл жылы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы топырақ үйіндісі бар екі жерлеу ескерткішін зерттеп, нәтижесінде темір дәуірінің алғашқы кезеңіне жататын маңызды жәдігерлер алынады. Диаметрі 40 м, биіктігі 3 м болатын жоспарда №1 деген ретпен белгіленген қорған зерттеледі. Қорған пішіні пирамида тәрізді, топырақтан тығыздалып жасалған платформаға тас пен ағаштан құралған жер үсті құрылысының төменгі жағы топырақпен сыланып, арасында кесектермен толтырылған. Қорғанның үстіңгі жағы ұсақ құммен бекітілген. Обаның беткі биік тұсынан тас мүсін табылған. Шығыс жағынан дәліз салынған. Адам қаңқасы жер бетіне қойылған көне тас жәшікке салынған. Обаны айналдыра қоршап тас жол салынған. Қабір шұңқыры тоналған, жерленген адамның жанына қойылған заттардың сақталғандары алтын сырға, сердолик пен бирюзадан жасалған моншақтар.

№2 қорғанда ( диаметрі 16,0 м, биіктігі 0,6 м.) жоғарыдағыдай тас мүсін табылған. Адам ақымдап жасалған жерлеу камерасына қойылған. Таспен жабылған қабір шұңқырында ағаш таған орналасқан. Қабір шұңқыры қатты тоналған. Адамды жерлеген орын мен жылқы және ұсақ мал жерленген орындар тас қаландымен бөлінген. Жерленген ғұрыптық жылқы жүгенделген болып шықты.

Жалпы айтқанда, зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша майемер ескерткіштеріне дәліз, сонымен қатар терең шұңқыр, жер бетіне жерлеу, ақымдап жерлеу және тас жәшікке жерлеу дәстүрлерінің қатысты екендігі анықталды. Марқұмды басын солтүстікке қаратып, ұзынынан арқасына жатқызып жерлеген. Жерленген адамның жанына ерттелген жылқыны қою, сондай-ақ жылқыны жеке қою дәстүрі де кездеседі.

Қазіргі кезде аржан-майемер кезеңін ғалымдар б.з.д. IX ғ. аяғы мен VI ғ. 2–3 ширегі аралығымен мерзімдеп жүр.

Майемер даласында көне жерлеу және ғұрыптық ескерткіштерінің мол болуына қарағанда бұл өңір сол заманда қасиетті жерлердің бірі болған, себебі тарихтан белгілі болғандай, көне тұрғындардың дүниетанымдары бойынша ата-баба рухын қастерлеу және оларға табыну дәстүрі болған, ал бұл сенімге байланысты ғұрыптық әрекеттерді адам аяғы көп баса бермейтін жерлерде жүргізген.

Бұл күнде Майемер даласы тұмса табиғаты қызықтайтын туристер мен саяхатшылар жиі келетін орынға айналған, сонымен бірге бұл жерден әлемге әйгілі болған Берел қорымы мен «Рахман бұлағына» апаратын туристік бағыт жолы өтеді.

Деректер

  1. Адрианов А.В. Отчет о поездке летом 1911 года. – СПб.: Типография Императорской Академии наук, 1912. – С. 105–111.
  2. Грязнов М.П. Памятники майэмирского этапа эпохи ранних кочевников на Алтае // КСИИМК. – 1947. – Вып. XVIII. – С. 9–17.
  3. Джумабекова Г.С., Базарбаева Г.А. В поисках следов свернувшейся пантеры: к изучению памятников Майемерской степи // ИАС. – 2011. – C. 67–88.
  4. Марсадолов Л.С., Самашев З. Изучение археологических памятников Западного Алтая. – СПб., 2000. – 72 с.
  5. Самашев З. Берел. Berel. – Алматы: Таймас, 2011. – 236 с.
  6. Самашев З., Ермолаева А.С., Джумабекова Г.С. Казахский Алтай в I тысячелетии до н.э. // Казахстан в сакскую эпоху: коллективная монография. Отв. ред. А.З. Бейсенов. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Мар- гулана, 2017. – С. 101–156.
  7. Самашев З., Ермолаева А., Кущ Г. Древние сокровища Казахского Алтая. – Алматы: Өнер, 2008. – 199 с., ил.
  8. Самашев З., Жумабекова Г., Ермолаева А., Омаров Г. Раннесакские наконечники стрел из Казахстанского Алтая // Военная археология. Оружие и военное дело в исторической и социальной перспективе: матер. междунар. конф. (2–5 сентября 1998, г. Санкт- Петербург). – СПб., 1998. – С. 155–160.
  9. Черников С.С. К вопросу о хронологических периодах в эпоху ранних кочевников // Первобытная археология Сибири. – Л., 1975. – С. 132–136.
Толығырақ

Суреттер


Кіру