Сарыкөл көне түрік кешені
Сипаттамасы
Ескерткіш Қарауыл ауылынан оңтүстікке қарай 30 км қашықтықта, Сарыкөл өзенінің маңында орналасқан (Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы).
Шыңғыстау өңірі туралы зерттеулер 1896 ж. өлкетанушы В. Никитиннің жазбасында алғаш рет кездеседі. 1947 ж. Л.К. Нифонтова басқарған этнографиялық экспедиция Сарыкөл өзенінің маңайында қола дәуірі обаларына зерттеу жұмыстарын, ал 1948 ж. археолог С.С. Черников барлау жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде, 4 қорым, соның ішінде ерекше көзге түсетін Текебұлақ өзенінің жанында тақта тастары бар 36 обадан тұратын қорым кешені тіркеледі. Бұл қорғандар андронов мәдениетінің таралған кезеңімен мерзімделген. Кейіннен 1999–2002 ж.ж. Қазақ Ұлттық университетінің археологтары Ә. Төлеубаев, Ғ. Омаров зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде үлкен қорғанда қазба жұмыстары жүргізіліп, қорғанға жақын жерден тас өңдеу шеберханасы табылады.
2006 ж. А. Исиннің жетекшілігімен жүргізілген археологиялық экспедиция Шыңғыстаудың Сарыкөл жерінде ортасында үлкен стеласы бар үш үлкен қорғаннан тұратын археологиялық кешенді табады. Экспедицияның жұмыс нәтижесінде қола, темір және алтыннан жасалған тұрмыстық заттар мен әшекей бұйымдар табылады. Ең құнды жәдігер түркі дәуірімен мерзімделетін «Алтын көмбе» болған.
Шыңғыстаудағы Сарыкөл кешені сипаттық белгілеріне қарай көне түркілердің заманына, яғни б.з. VI–VIIІ ғ.ғ. жатады деп ойлаймыз. Көне түркілердің мекендерінен бізге қалған мұралар – тас мүсіндер, адамды атымен жерлеген обалар және дөңгелек немесе тікбұрышты ғұрыптық қоршаулар. Екі, үш және одан да көп қоршаулардың бір-біріне жапсарластыра қаланатын түрлері де жиі ұшырасады. Тас мүсіндер әдеттегідей, қоршаудың шығыс жағына қойылатын болған. Бұл жерде тас мүсіндердің құндылығын көне түркі дәуірі адамдарының нақты келбетінен, шаш қою үлгісінен, қаруынан көруге болады. Қазба барысы көрсеткендей, бұл үш қоршау, тас тақталардан тұрғызылған, төртбұрышты көне түрік дәуірінің ғұрыптық қоршаулары немесе ғибадатханасы екені анықталды. Көне түріктерде о дүниелік болғандардың рухымен теңестірілген тас мүсіндер төңірегіне, тас қор шау ішіне және қорған үйіндісіндегі терең емес шұңқырларға ет, сүт тағамдарын және ат әбзелдерінен заттар көмген. Жерлеу заттарын бөлек, «құпиялы» жерге көму, түрік халықтарында көбінесе отқа жағу ғұрыпына байланысты.
Тас мүсін мен алау орнының арасында аумағы 4-5 м кеңістік сақталған. Бұл бос кеңістікте кезінде шамандар жындарын шақырып, әртүрлі рәсімдерін жасаған, діни билерін билеген киелі алаңқай болса керек. Өйткені осы алаңқайды толық тазалағанда, табылған түсі қызыл, бір тал ақық (агат) моншақ пен пошымы дөңгелек келген, шеттеріне гүл тәрізді жапырақшалар бедерлеген күміс жа- псырма шамандар «жындармен айқасқанда» үзіліп түскен бұйымдар болуы мүмкін. Көне түркілердің отқа байланысты таным түсініктері жоғары болған. Өлікті өртеп қою дәстүрінің от культімен тікелей байланысты екендігі белгілі. Бақилыққа көшкен адамның тірі кезінде жаса ған әртүрлі күнәларын отпен аластауға болады деген сеніммен өртеп жіберген. Оттың жалынымен оның тазаланған, күнәсіз жаны аспанға ұшады. Бұл сенімнің көне түріктерде мықты дамығаны соншалық – ислам діні келгеннен кейін де негізгі қызметтерін атқармағанымен де кейбір элементтерін сақтап қалады. Осы отпен аластау дәстүрі кейіннен қазақтарда да сабақтастығын табады. Бұл жерде қазақ халқында өте ерте кезден отқа байланыс- ты салт-дәстүрлер қалыптасқанын айта кету керек.
Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2007–2008 ж.ж. Шыңғыстау жайлауындағы Сарыкөл көлінің айналасындағы 20-25 км радиуста археологиялық барлау жасалып, әр кезеңдегі мәдени-хронологиялық дәуірлерге жататын жерлеу кешендері, соның ішінде қола, ерте темір, көне түркі және қимақ- қыпшақ дәуірлерінің көптеген ескерткіштері шоғырланғандығы анықталады. Жалпы Абай ауданының аймағында 20-дан астам тас мүсіндер табылады.
Сарыкөл Шығыс Қазақстан облысының жергілікті маңызы бар ескерткіші. Сол кездің куәгері ретінде біздің еліміздің аумағында қоғамның құрылысы мен мемлекеттілігінің қалыптасуы мәселелерін айқындауға мүмкін дік береді. Мәңгілік Аспанға табыну, ата-бабаларға дұға оқу рәсімдері жүргізілген көшпелілердің көптеген ұрпақтарының ежелгі ғибадатханасы болған киелі орны. Рухани жаңғыру, халықтың салт-дәстүрлерін жандандыру контекстінде ата-бабаларымыздан қалған тарихи-мәдени мұраның маңызы зор. Осы жерге адамдар ата- бабалардың рухына табынуға келеді.
Деректер
- Исин А.И. Шыңғыстау, Берел, Шілікті, Абыралы: 1999– 2003 жж. археологиялық зерттеулер. – Семипалатинск, 2004. – 183 с.
- Кубарев В.Д. Изваяние, оградка, балбалы (о проблемах типологии, хронологии и семантики древнетюркских поминальных сооружений Алтая и сопредельных территорий) // Алтай и сопредельные территории в эпоху средневековья. – Барнаул, 2001. – С. 38–41.
- Самашев З., Оралбай Е., Бесетаев Б. Сарыкөл ғибадатханасындағы қазба жұмыстарының кейбір қорытындылары // Номады казахских степей: этно-социокультурные процессы и контакты в Евразии скифо-сакской эпохи: тез. докл. междунар. научн. конф. – Астана, 2007. – С. 67–68.
- Черников С.С. Восточный Казахстан в эпоху бронзы. – М: Изд-во АН СССР, 1960. – 285 с.