Шілікті қорымы
Сипаттамасы
Ерте сақ кезеңімен мерзімделетін Тарбағатай, Сауыр және Маңырақ тауларының ортасындағы кең алқапты жазықта, Зайсан көлінен оңтүстікке қарай 100 км қашықтықта орналасқан обалар тобы (ШҚО., Зайсан ауданы). Кең жазиралы көркем алқаптың ұзындығы 80 км-ді, ені 30 км-ді құрайды. Қысы жылы, жазының қоңыржай болуы өлкеде қоныс тепкен көшпелілер үшін өте қолайлы жерұйық мекен болған.
Өткен ғасырдың басында Шілікті жазығындағы ескерткіштерді Семей қаласынан келген гидротехник Г.Н. Бокий атты ғалым тұңғыш рет зерттеген. Жазықта шоғырланған обаларды жүйелі зерттеу ісі өткен ХХ ғ. екінші жартысында басталды. КСРО ҒА АИ ЛБ маманы С.С. Черников басқарған Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы 1949 жылы археологиялық барлау жұмыстарын ұйымдастырады, содан соң Қазақстанның орталық музейі мен ҚазССР ҒА Тарих, археология және этнография институтының мамандарымен бірлесе отырып Шілікті қорымындағы №7 обада қазба жұмыстарын жүргізді. 1960 жылдары №3,4,5; ал 1970 жылдары №35, 2а, 10 обалары, барлығы 13 оба зерттеледі. Шілікті жазығындағы ескерткіштерді археологиялық зерттеу ісі 2003 ж. әл- Фараби атындағы ҚазҰУ археологиялық экспедициясы тарапынан қайта жанданады. Экспедиция жетекшісі Ә.Т. Төлеубаевтың басшылығыменен Шілікті 1, 2, 3 қорымындағы жекелеген обалар зерттеледі.
Қазіргі кезде Шілікті жазығында ежелгі көшпелілер дәуірімен мерзімделетін 200-ден аса оба тіркелген, солардың ішінде диаметрі 100 м, биіктігі 8–10 м болатын элитарлы «патша» обалары да бар. Элитарлы «патша» обаларының саны Ә.Т. Төлеубаевтың есептеуі бойынша 50-ге жуық. Ежелгі көшпелілер уақытында тұрғызылған шамамен 120 оба, ені 1 км, ұзындығы 6 км болатын жазықтың ортаң ғы бөлігіндегі шағын алқапта шоғырланған. Жазық пен тау бөктерін қамтитын ықшамауданда көшпелілер мәдениеттерінің түрлі кезеңдерін қамтитын ескерткіштер тобы бар. Олардың қатарында қоныстар мен қорымдар, жартас суреттері және қола ғасырынан бастап, кейінгі орта ғасырларға дейінгі аралықты қамтитын тас мүсіндер де бар.
Ғылымда кеңінен танымал болған 1960 ж. қазылған №5 оба (диаметрі 66 м, биіктігі 6 м.) материалдары. Оба жерлеу камерасының конструкциялық құрлысымен ерекшеленеді, ертеректе тоналып кеткендігіне қарамастан алтыннан жасалған 535 дана ежелгі көшпелілердің «аң стилінде» жасалған таңғажайып өнер туындыларының бейнелері табылған. Олардың ішінде қорамсаны безендіру үшін пайдаланылған аяқтары бүгулі бұғы бейнелері бар қапсырмалар; бастары артқа қайырылған бүркіттің бейнелері, оралған мысық тұқымдас жыртқыштар; жұқа алтын қапсырмалардан кесіліп жасалған қабандар мен балықтардың бейнелері; қанаттары жайылған құс бейнелері және т.б. бейнелер. Қорамсаның қалдықтарымен бірге ерте сақ уақытымен мерзімделетін қоладан жасалған 13 жебенің ұшы табылған. Жерлеу камерасы қарағай ағашынан жасалған бөренелерімен қаланған тікбұрыш пішінінде болса, бөренелер арасындағы саңылаулар тастармен толтырылған. Құрылыстың көлемі – 4,80×4,60 м, биіктігі – 1,20 м және 1 м жерге тереңдетіле орналастырылған. Шығыс жақ бөлігінен дромосы бар, барлық құрылыстар тастармен саз-балшықпен және ұсақ малта тастармен көмкерілген. Обаның негізі үш қатар етіліп ірі тастармен қоршалған.
Шілікті-2 қорымындағы №1 обаның (Бәйгетөбе) диаметрі 77×71 м-ден, биіктігі 6 м-ден асатын көлемімен ерекшеленеді. Жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде жерлеу құрылысының ішінде қиық пирамида түрінде жасалған саркофаг анықталған. Шілікті ескерткіштеріндегі обалар бөренелер мен тастардан, иіні қанған саздан және шымнан тұрғызылған. Ерте сақ обаларына тән шығыс жағынан үсті бөренелермен жабылған дромос салынатын болған. Солтүстік-шығыс бөлігінде тағы да бір ені тар болып келген жол анықталған. Шілікті-1 обалар тобының №36 обасының шығыс жақ бөлігінен де дромос анықталған еді. Бәйгетөбе обасынан керемет өңделген биіктігі 2,8 м болатын тұғыр тас табылған. Көне заманда тоналып кеткен обадан бетіне қызыл, қоңыр, сары және жасыл бояулармен еліктің суреті салынған тақтайшалардың 15 бөлігі табылады. Жерлеуден адам киімінің үстіне жапсырылған саны 4303 болатын алтын ілмешектер табылған. Олардың ішінде гералдикалық композицияда жасалған 153 құйма алтын қапсырмалар болды. Мүйіздерінде 7 және 8 жылдық сақиналары мен ортасында құстың бейнелері бар таутекенің бастары, жыртқыш құстар бейнеленген 36 қапсырма, аюдың бейнесі бар 39 қапсырма, көздері, құлақтары, танаулары әсемделген арқардың бейнесі бейнеленген құйма қапсырмалар, аяқтары бүгулі 20 шақты бұғы бейнесі, бес бұрышты жұлдыз тәріздес түйме, сылдырмақ сияқты 23 әшекей, садақ оқтарын безендіру үшін пайдаланылған 63 дана кедір бұдырлы құбыршалар, құбырша тәріздес 223 дана майда моншақтар, сақина тәріздес 743 дана майда моншақтар және т.б. заттар табылған.
Шілікті-1 қорымындағы обалар саны – 64. Зерттелген №36 оба (биіктігі 4,53 м, диаметрі 113×115 м) Шілікті мен Тасбастау ауылдарының аралығында орналасқан. Обаның шығыс жағында дромос бар. Обаны сыртынан қырынан қойылған тастармен және ені 3,5–4 м болатын ормен айналдыра қоршаған. Обаның жер үсті құрылысы көпқабатты: жұмыртастар, құм тастар, топырақтар, шым құрылыстары. Үш метрден аса тереңдіктегі шым қабаты құрамынан ұсынтас табылды. Оның биіктігі 1,20 м. Конструкцияның табанынан таға тәріздес тапталған саздан үйілген ор анықталған. Ол қабір шұңқыры мен дромосты қоршап жатыр. Ордың ішінен тастарды жалпағынан қойып қаланған тас қоршау анықталған. Ірі тастармен мола шұңқыры мен дромосты дайындау кезінде қолданған. Археологтар үлкен шұңқырының төбесін жапқан бөренелердің қалдықтарын табады. Дромостың көлемі: ұзындығы 15 м, ені – 5,20 м.
Шілікті жазығындағы С.С. Черников зерттеген №5 обаның тұрғызылу уақыты б.з.д. VIII– VII ғ.ғ. С.С. Черников алғашқыда бұл обаны б.з.д. VI ғ. мерзімімдеуді ұсынса, кейінірек пікірін өзгертіп б.з.д. VIII–VII ғ.ғ. тұрғызылуы мүмкін деген жаңа болжам айта бастайды. Обаның құрылысы, жебе ұштарының типологиясы, зооморфты қапсырмалардың стилистикалықерекшеліктері, жалпы, оба материалдарын кешенді түрде қарастырған И.Н. Медведская оба б.з.д. VIII–VII ғ.ғ. тұр ғызылуы мүмкін десе, Л.С. Марсадолов б.з.д. VIII ғ. екінші жартысы мен VII ғ басы, Ты ва обаларының материалдарына сүйенген К.В. Чугунов Аржан-1 және Аржан-2 (б.з.д. IX–VIII ғ.ғ. аралы ғы және б.з.д. VII ғ. екінші жартысы) обаларының аралығында тұрғызылуы мүмкін дейді, ал Бейсенов А.З. тасмола мәдениетінің жаңа материалдарын есепке ала отырып обаның тұрғызылу уақыты шамамен б.з.д. VIII–VII ғ.ғ. деген болжам айтады.
Шілікті-2 тобының №1 (Бәйгетөбе) обасы А.З. Бейсенов және К.В. Чугуновтар б.з.д. VII ғ. (б.з.д. VII ғ. алғашқы жартысы) мерзімдеген. Еуразия даласының шығыс бөлігіндегіерте сақ кезеңімен мерзімделетін таутеке бейнесіне қатысты жасалған өнертанушылық сараптама негізінде Ю.Б. Полидович бейненің даму хронологиясын жасайды. Ол бойынша Бәйгетөбе хронологиялық тұрғыдан Аржан-2 обасымен қатарлас яғни б.з.д. VII ғ. ортасы мен екінші жартысы.
Ежелгі көшпелілердің Шілікті обаларынан табылған өнер туындыларын зерттеген мамандар олардың әртекті екендіктеріне назар аударады, мұндай көркем мәдениет туындыларының аралас болуы ерте сақ кезеңі не тән құбылыс деп бағаланады. Осындай әртекті стилистикалық және иконографиялық әдістерді саралау болашақта сақ мәдениетінің қалыптасу кезеңіндегі мәдени байланыстардың схемасын қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді. Сарыарқа мен Шығыс Қазақстан территорияларында соңғы уақыттарда археологтардың жасаған ашылымдары ерте сақ кезеңінде Арал маңы, Жетісу, Орталық және Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Орал мен Саян-Алтай өлкелері арасында орын алған тығыз этномәдени байланыстар туралы мәселенің туындауына әкеліп отыр. Көрсетілген болжам жерлеу рәсімінің ұқсастығына, эстетикалық және дүниетанымдық көзқарастарының ортақтығын көрсететін бейнелердің стилистикалық шешімдер мен иконографиялық схемаларының бір тұтастығына негізделген. Шілікті-1 қорымының №36 обасынан анықталған таға тәріздес ор, Тасмола обаларындағы «мұрттарды» қайталайды немесе соларға ұқсас идеяны көрсетеді.
Шіліктіден табылған заттарға жасалған сараптама нәтижелері олардың жоғары сынамалы алтыннан жасалғандығын көрсетеді. Шілікті қорымының №7 обасынан табылған балық, таутеке және грифон бейнесіндегі қапсырмалардың құрамында Au 93,2–95,1, ал Шілікті-2 қорымының №1 обасынан табылғанарқар бейнелі қапсырмалардың сынамасы Au 94,5 болғандығын көрсетеді. Шілікті обаларының құндылығы алтындарында емес, Еуразияның далалы және таулы аудандарын мекендеген ежелгі көшпелілердің тарихи- мәдени қауымдастығының қалыптасуы және дамуына қатысты мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін деректердің көптігінде. Шілікті обаларын саралаған М.К. Қадырбаев 1966 ж. ерте сақ кезеңінің қалыптасу уақыты б.з.д. VIII ғ. ортасы, ал беғазы-дәндібай кезеңі сақтарға дейінгі кезең болуы мүмкін деген болжам айтқан болатын.
Үлкен материалдық және адами ресурстардың шығынын, жұмысты ұйымдастыру мен бақылауды қажет ететін – жерлеу, аза тұту құрылыстарының бір жерде шоғырлануы ежелгі замандарда бұл алқаптың киелі мекен болғандығын білдіреді. Мамандар Шілікті ескерткіштерінің элитарлы деп танудың бірқатар белгілерін атайды. Солардың қатарына өзінің үлкендігі мен қабірүсті құрылысының күрделігін; қабір ішіндегі құрылысының күрделігін; адамдар мен жануарлардың қоса жерленуін; айтулы заттарын, соның ішінде алтын бұйымдар яғни айтарлықтай заттай кешенінің болуын айтуға болады.
Дәл осы уақытта Орталық Азиядағы көшпелі қоғамдардың космологиялық дүниетанымдарында көрініс тапқан билеушіні әулие тұту дәстүрі қалыптасады. Бұл дәстүр өзінің заңды дамуын моңғол шапқыншылығына дейін жалғастырып келген. Мұндай алып обаларға әскери айбынымен, ерлігімен, әскери сәттілігімен көзге түсіп, абырой жинаған батырлар да жерленген. Тірісінде ауызбірлік тің кепілі болған көсем, кие дарыған тұлға ретінде өз беделін өлгеннен кейін де жоғалтпайды. Ата-бабасының, көсемдерінің және батыр жауынгерлердің обалары – табынарлық маңызға ие, қасиетті нысандар қатарына жатқандығы сөзсіз. Көшпелілер мәдениетінде ата-баба обаларының қандай маңызға ие болғандығын біз, Герадоттың «тарихында» келтірілген сақ патшасы Иданфирсаның парсы патшасы Дариға берген жауабынан көре аламыз: «... Мен саған, сенімен неліктен соғысуға асықпайтынымды түсіндіремін. Біздің қалаларымыз да жоқ, өңделген жеріміз де жоқ. Сондықтан да біз олардың қиратылуынан қорықпағандықтан сендермен соғысуға шықпадық. Егер сендер біздермен соғысуды қаласаңдар, бізде бабаларымыздың қорымдары бар, соларды табындар да қиратып көріңдер, содан соң біз сендермен соғысамыз ба жоқ па соны көресіңдер...». Ерте сақ кезеңімен мерзімделетін Бесшатыр (Жетісу) кешендерімен ортақ сипаттары бар Шілікті обалары тұрғындар тобы үшін белгілі бір «герростардың» рөлін атқаруы мүмкін.
Деректер
- Бейсенов А.З. Талды-2 и памятники раннесакского времени степной Евразии // Сакская культура Сарыарки в контексте изучения этносоциокультурных процессов степной Евразии: тез. докл. «круглого стола», посвящ. 20-летию независимости Республики Казахстан. – Караганды, 2011. – С. 14–20.
- Геродот. История в 9 кн. Перевод и прим. Г.А. Стратановского. – Л.: Наука, 1972. – Кн. IV. – 600 с.
- Дашковский П.К., Мейкшан И.А. Элита в социальном пространстве кочевого общества (теоретический и методический аспекты) // Элита в истории древних и средневековых народов Евразии. – Барнаул: Изд-во Алт. ун-та, 2015. – С. 11–25.
- Зинченко С.А. Копытные и хищники долины Шиликты (Чиликтинской): о поисках стилистических и иконо-графических параллелей (к подведению промежуточных итогов) // Кадырбаевские чтения-2016: матер. V Междунар. научн. конф. (6–7 октября 2016, г. Актобе). – Актобе, 2016. – С. 143–150.
- Кадырбаев М.К. Рецензия на: Черников С.С. Загадка золотого кургана. М.: Наука, 1965 // Известия АН КазССР. Серия обществ. – 1966. – № 3. – С. 79–82.
- Полидович Ю.Б. Изображения таутеке на навершиях из комплекса Биже (Жетысу) в контексте раннесакского «звериного стиля» // Сакская культура Сарыарки в контексте изучения этносоциокультурных процессов степной Евразии тез. докл. «круглого стола», посвящ. 20-летию независимости Республики Казахстан. – Караганды, 2011. – С. 123–130.
- Самашев З., Толеубаев А., Джумабекова Г. Сокровища степных вождей. – Алматы: ОФ «Берел», 2004. – 176 с. (каз. яз, англ. яз., рус. яз.)
- Таиров А.Д., Бейсенов А.З., Зайков В.В., Зайкова Е.В., Блинов И.А. Древнее золото Казахстана // Сакская культура Сарыарки в контексте изучения этносоцио- культурных процессов Cтепной Евразии: сб. научн. ст., посвящ. памяти археолога К.А. Акишева. – Алматы: НИЦИА «Бегазы-Тасмола», 2015. – С. 320–335.
- Толеубаев А.Т. Проблема создания музея-заповедника на раннесакских памятниках Шиликты // Сборник материалов Международного семинара-тренинга по историко-культурному наследию стран СНГ (19–23 сентября 2011, г. Алматы). – Алматы, 2011а. – С. 121–134.
- Толеубаев А. Итоги исследований памятников раннего железного века Тарбагатая и Жетысуского Алатау // Свидетели тысячелетий: Археологическая наука Казахстана за 20 лет (1991–2011): сб. научн. ст. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2011 б. – C. 156–174.
- Черников С.С. Загадка золотого кургана. Где и когда зародилось «скифское искусство». – М.: Наука, 1965. – 190 с.