Ырғызбай әулие мазары
Сипаттамасы
ХIХ ғ. ортасы. Тарбағатай тауының теріскей бетіндегі бұйратты құба белде, Ақсуат ауылынан Кіндікті ауылына баратын жолдың бойынан солтүстікке қарай 5 км жерде, Күмісті бастауының қасында орналасқан (Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы).
Ырғызбай Досқанаұлы (1787–1850 ж.ж.) – атақты емші, сынықшы, дәрілік шөптермен емдеген, тамыр ұстау арқылы ауруды тауып, ол үшін ақы алмаған. Құнанбай қатты ауырғанда, оны емдеп, жазған. Құнанбай емшіге құлынды бие сыйлап: «Егер Алла осы биені бұйыртса, ешқашан таршылық көрмейсің» деген сөздерді айтқан және оның айтқаны орындалған. Ел ішіндегі аңыз-әңгімелер бойынша, Ырғызбай Досқанаұлы қайтыс боларын сезіп: «топырақ маған осы жерден бұйырған. Менің сүйегімді Кіндіктіге апармаңдар, анау тұрған құба белге жерлейсіңдер» деп, қазір өзі жатқан жотаны көрсетеді. «Мені сандықша бейітке қоясыңдар. Басыма зират үйін тұрғызбаңдар. Зират үйін тұрғызу келешек ұрпақтың міндеті» деп өсиет еткен екен. Ырғызбай ата XX ғ. басында Шыныбай Жәнібекұлы деген ақсақалдың түсіне кіріп: «менің басым жалаңаш жатыр ғой» деп аян береді. Шыныбай ақсақал тастан қалап Ырғызбай атаның басын көтереді. Одан кейін Ырғызбай Досқанаұлының басына құлпытасты 1975 ж. Тағабаев Құнанбай ақсақал өз қолымен қояды. Бұл кесенені күтіп ұстау және зиярат етушілерді қабылдау шараларын 2001 ж. бері Тағабаев Болат Құнанбайұлы атқарып келеді.
Кесене Сырдария дәстүріндегі маңдай беттегі кіре берісте екі ойығы бар екі камералы ескерткіштердің түріне жатады. Соңғы қалпына келтіру жұмыстары барысында ескерткіш жоспары жағынан 6,5х6,4 м болатын тіктөртбұрышты қызыл гранит тастардан өң- деліп соғылады. Құрылыс материалдары ретіндегі тастар Баянауыл жерінен әкелінген. Кесене порталды-күмбезді, екі камералы, болып келеді. Кесененің бұрыштары әлемнің төрт бұрышына қарай бағытталған. Жерлеу камерасына кіреберіс оңтүстік қабырғаның ортасына қойылған. Осы дәлізден жерлеу камерасына кіретін есіктің батыс және шығыс қабырғаларында пішіндері үшбұрышты терезелер жасалған. Кіреберіс бөлменің қабырғасы – 2,8х2,0 м, саркофагтің өлшемдері – 3х1,2 м. Қызыл мәрмәр тастан жасалған «Әулие Ырғызбай» деген жазуы бар қасбеттің биіктігі – 3,4 м. Қабырғасының биіктігі – 3 м, ал алдыңғы екі мұнараның биіктіктері – 3,7 м, артқы екі мұнараның биіктіктері – 2,4 м. Кесене күмбезінің төбесінде орналасқан «аймен» бірге қосқандағы жалпы биіктігі – 9,2 м. Кесене әшекейлі тас қалауымен безендірілген. Төменгі жағы таған ретінде жасыл түсті граниттен жасалған. Өз кезегінде осы палитра ескерткішке керемет өң береді. Күмбездің жоғарғы жағында жарық түсіп, ауа алмасу үшін жасал ған төрт саңылау бар. Кесененің шығыс жағында төрт адамға арналған жатын бөлме, сондай- ақ Тарпаңбай ұлы Лензаттың зираты мен тағы оншақты адамның тас қабірлерінің орындары бар.
Кесене – Шығыс Қазақстан облысының жергілікті маңызы бар ескерткіші. Тарихи- мәдени және қоғамдық-саяси маңызы бар, адамдар құлшылық ететін жер.
Деректер
- Ақтайлақ би. – Алматы: Творч. «Журналист» фотостудиясы, 1991. – 69 б.
- Ырғызбай-ата // Аксуат арайы (газ.), 1990, 9 қазан. Сапар Өзбек ұлы. Мұра. – Алматы: Қайнар, 1992. – 125 б.