Қызылүйік ғибадатханасы
Сипаттамасы
Дияр елді мекенінен оңтүстік, оңтүстік-шығыста 60 км жерде орналасқан (Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы). Ескерткіш Қызылқуыс шатқалынан Үстіртке шыға берістегі биіктікте орналасқан. Ауа райы ашық күндері Қызылүйіктен төңірегі 15 км аумақ анық көрінеді.
Кешеннің құрылымына негізгі культтік құрылыс, құрбандық шалу орындары, адам пішінді тас мүсіндер мен меңгірлер аллеясы кіреді. Кешеннің көрсетілген элементтерінің әрбірі – барлық әлеуметтік салт жоралғы үшін қандай да ерекше маңыздылықты жүйелі атқаратын ортақ желіге құрылымдалған киеліліктің жоғарғы деңгейіне, ал бірқатары жеке түріне ие.
Тастан салынған храмның сырты бойынша есептегенде алғашқы диаметрі 20 м болған. Құрылымды тұрғызу үшін аумағы 28–30 м, қалыңдығы 0,15 м топырақтан арнайы алаң – тұғырнама жасалған. Ғұрыпты орындауға қатысушылар храмның сыртын айнала жүріп сыйыну рәсімдерін орындаған болса керек. Тас құрылымның шығыс және солтүстік-шығыс жағынан табылған от жаққан орын мен күлдің қалдықтарына қарағанда аластап от жағу рәсімдері орындалған сыңайлы. Ғибадатхананың оңтүстігінен басқа бөліктері ормен (ені 10–14 м, тереңдігі 1–1,2 м) қоршалған. Құрылыстың оңтүстік жағындағы оған алып баратын ашық кеңістік, яғни есік орналасқан бөлігі ерекше маңызды аймағы болса керек. Сыртқы қабырғасының беті жақсы тегістелген және тығыз қиюластырылған айтарлықтай өлшемдегі әктас блоктардан тұрғызылған. Кешеннің тағы бір ерекше, дегенмен толық түсінікті емес элементінің бірі – биіктігі 0,7 м, орташа ені 4,7 м келетін топырақты жал. Жал ғибадатхананың кіреберісіне қарсы бетте үйіліп жатыр және ғибадатхана элементтерінің өзара байланысының негізгі нүктесінде болуына қарағанда ол осы жерде өткен культтік-салт жоралар әрекеті жүйесінде маңызды рөл ойнаған.
Негізгі культтік құрылыстың көлемі 7,201 (солтүстіктен оңтүстікке қарай) және 7,066 (шығыстан батысқа қарай) м. Оның ішкі қабырғалары тас блоктардан ұқыпты қаланған. Құрылыстың ішкі жағы шеңберлі емес, алты қырлы болып келеді. Бұл кездейсоқтық болмаса керек. Тас құрылыстың болмашы ғана күмбезі болған және биіктігі 12 м дейін жеткен болуы тиіс. Оны құрылыстың ішінде жатқан тастар мен қаптама блоктардың көлеміне және арнайы есептеулерге қарап анықтауға болады.
Культтік нысанның оңтүстік қабырғасында солтүстік – оңтүстік бағытында қабырғаны бойлай тесіп өткен храмға кіру орны анықталды. Бөлменің ішінде есік ойығының үшбұрышты кескіні анық байқалады. Оның биіктігі – 1,8 м, табалдырығының ені – 0,9 м, үсті – 0,35 м. Табалдырық еденнен 1 м биіктікте орналасқан. Олай болса, қабырға ішіне сыртқы жағынан биіктігі 2,4 м, храм ішіне қарай 1 м дейін тарылатын қиғаш сатылы кіру жолы жасалынған.
Негізгі культтік құрылыстың оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс жағынан 78-100 м аралықта белгілі бір рәсімдер орындайтын алты құрбандық орындары байқалады. Көлемдері 2,5–4 м, биіктігі 0,3–0,5 м, қабырғаларының қалыңдығы 0,6–1,5 м. Бұл нысандардың арасында ошақтар мен қоршаудың шетінен, төңкерілген күйіндегі арнайы қойылған қыш ыдыстар кездеседі.
Қызықты салттың бірі ретінде храмның жанына тігінен қойылған меңгірлер мен адам бейнесіндегі мүсіндерді айтуға болады. Ғибадатхананың шығыс жағында 1000 м шамасында созылған меңгір тастар аллеясы орналасқан. Алғашқы қойылған орындарынан ауысып кеткен бірнеше ондаған тас мүсіндердің бөліктері (кеуде, бас, аяқ) табылды.
Семантикалық тұрғыдан алғанда, арнайы тұрғызылған бұл храм және оның бөліктері осы өңірдегі ежелгі тұрғындардың дүниетанымы мен жалпы адамзаттық түсініктермен байланысын айқындайды. Мысалы, тас мүсіндердің орналасуын батыр бабалар культімен байланыстыруға болады. Храмның іші мен ғибадатхана аумағында жылдың әр мезгілінде, отпен аластау, батыр бабалар рухы және қару-жарақ культімен байланысты түрлі ғұрыптық жоралғылар орындалған болса керек.
Республикалық маңызы бар археологиялық ескерткіш. Туристік нысан.
Деректер
- Ольховский В.С. Монументальная скульптура населения западной части евразийских степей эпохи раннего железа. – М.: Наука, 2005. – 299 с.
- Онгарулы А., Ольховский В.С., Астафьев А., Дарменов Р. Древние святилища Устюрта и Восточного Приаралья. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2017. – 320 с.
- Самашев З., Кушербаев К., Аманшаев Е., Астафьев А. Сокровища Устюрта и Манкыстау. – Алматы: Археология, 2007. – 400 с.
- Самашев З., Онгар А. Культовый объект древних скотоводов на Северном Устюрте // VIII конгресс этнографов и антропологов России: тез. докл. (1–5 июля 2009, г. Оренбург). – Оренбург, 2009. – С. 107.
- Самашев З., Оңғар А., Оралбай Е., Қиясбек Ғ. Қызылүйік ғибадатханасы. – Алматы: Археология, 2011. – 200 б.