Сұлтан ақын культтік-тұрғын үй кешені

Сипаттамасы

Ақтөбе облысы Байғанин ауданында, Дияр ауылынан оңтүстік оңтүстік-шығысқа қарай 98 км (Маңғыстау облысы Тұрыш (1-ші Сам) ауылынан 66,4 км шығыс, солтүстік-шығыста) орналасқан. Доңызтау тарихи-географиялық ауданның оңтүстік бөлігінде орналасқан.

Сұлтан ақын (культтік қызметі көрініс тапқан) үлкен қонысы XIX ғ. екінші жартысында пайда болған, ал кешеннің негізі қаланған уақыт шамамен1870–1880 ж.ж. Солтүстік Үстірт аймағындағы басқа да осыған ұқсас культтік-тұрғын үй кешендері сияқты, ол шөмішті-табын және адай рулары малшыларының күзгі-көктемгі көш жолдарында жартылай көшпенді-жартылай отырықшы өмір салтына өтуіне байланысты қалыптасқан.

Анағұрлым белсенді қоныстану 1890–1920 ж.ж. жергілікті мешіт пен мектептің иесі ишан Сұлтан-ақын (ахун) Сексенұлы болған кезде болады. Оның Қарақалпақстандағы ұрпақтары орнатқан естелік белгіге сәйкес, ол шөмішті-табыннан тарайтын жалпақтіл руының бесарық атасынан шыққан. Өмір сүрген жылдары – 1867–1935 ж.ж. 1920- шы ж.ж. жергілікті мектепте оқыған ақпарат берушілердің (М. Нұрмағамбетов, 1907 ж.т., Байғанин ауданының Бұлақтыкөл ауылы; О. Жантаев, 1911 ж.т., Қарақалпақстандағы Қоңырат қаласы) мәліметтері бойынша, Сұлтан ақын 1920-шы ж.ж. аяғында тұтқынға алынып, кейін Хожейлі қаласының түрмесіне жеткізілген, шамасы, сол жерде қайтыс болған (1930 ж.); Амудария сағасындағы аралға жерленген.

Сұлтан ақын культтік-тұрғын үй кешені малшылардың қоныс аудару кезеңінде, әсіресе күз мезгілінде, «мұнда көп адам жиналғанда» жүк ауыстырып тиейтін маңызды орын болған. Азық-түлік, отынмен қамтамасыз ететін көшпенділер қыстауға, оңтүстік аудандарға – Матайқұм, Сам құмдары, Қоңырат (Бесқала) аймағына кеткен кезде, мешіттерде ишандар, молдалар, қызмет көрсетушілер, шәкірттер, сондай-ақ малы жоқ жатақтар қалған. Мешіт кешенінің өзі екі ғимараттан тұрған, яғни құжыралары да болды. Екіжылдық мектепте біраз оқушылар оқыған: жоғарыда аталған ақпарат берушілердің тәуелсіз мәліметтері бойынша 11-13 жастағы 500-дей ұл болған (бұл – күз кезінде болса керек). Араб әліпбиі, діни пәндермен қатар, жекелеген жалпы пәндер де (арифметика және т.б.) оқытылған. Бұл жаңа үлгідегі мектеп болса керек.

Сұлтан ақын кешені Ақтөбенің оңтүстігіндегі, оған шектес Маңғыстау облысы, сонымен қатар Қарақалпақстанды (ұлыс өкілдері) мекендейтін қазақтардың аса маңызды тарихи ескерткіш нысаны болып табылады; осы өңір тумалары ұрпақтарының мезгілімен келіп тұратын орны. Кешен ресми түрде тарихи және мәдени ескерткіштер мәртебесіне ие болмағандығына қарамастан (қашықтығы мен жету қиындығы, кеш зерттелуі салдарынан), ол бірегей сәулетті-ланшафты, тарихи-этнографиялық ескерткіш, аса маңызды мұра нысаны екендігі күмән келтірмейді. Жалпы, өзінің құрылымын сақтап қалған ежелгі қонысты еліміздің аталған аймағының «киелі орындар географиясы» нысаны деп есептеуге болады. Оны қорғау-қалпына келтірудің, сақтау жұмыстарын жүргізудің және мәдени туризмді дамытудың болашағы зор.

Сұлтан ақын куьттік-тұрғын үй кешені Ащысай деп аталатын үлкен сайдың жоғарғы бір тармағында, оның шығыс бөлігіндегі желден таса жерде орналасқан және олар бірнеше ескерткіштер тобынан тұрады. Нақтырақ айтқанда: төменде – қоныстың өзі, сайда – мешіт пен мектебі бар тұрғын үй кешені мен одан шағын сай арнасы арқылы бөлінген жердегі бейіт; жоғарыда – жон мен мүйістегі екі бейіт. Бұдан басқа мешіттен оңтүстік-батысқа қарай 500 м жерде, жонның үстінде құрылысқа тас дайындау мен бастапқы ескерткіш жинауға арналған карьер-шеберхана орналасқан. Қоныстың өзінде де сайдың жарлауыт жиегінен алынған құрылыс тастарын сұрыптау жүргізілген.

Кешеннің негізгі бөлігін құрайтын қоныстың өзі отыздай әр түрлі қосымша құрылыстың қалдықтарынан – мешіт пен мектептің күрделі ғимараттарынан, жекелеген тұрғын үйлер мен шаруашылық құрылыстарынан, малға арналған қоралардан және т.б. – тұрады. Оның шығыс бөлігінде «шыңырау» түріндегі екі құдық сақталған. Ондағы су сақтайтын орын таспен қоршалған, суы аздап тұздылау болғанымен, пайдалануға жарамды.

Мешіттің негізгі ғимараты шағын болса да, құрылымы күрделі, оның оңтүстік-шығыс бөлігін (ауламен шектескен бөлігін) есептемегенде, тікбұрыш тәрізді жоспармен салынған (10,70х19,60 м). Ғимараттың «бөлінген» жалпы құрылымы олардың әр түрлі уақытта салынуына байланысты болса керек, ол екі бөліктен тұрады: солтүстік бөлігіндегі негізгі, культтік және оңтүстігіне жапсарлай салынған қызметтік құрылыс тобы. Культтік бөлмелердің негізгі тобы тікбұрышты жоспарда (7,50х10,70 м), орталық кіреберіс ішкі жағынан көлденең қалқа қабырғалармен екі тең емес бөлікке бөлінген: кіреберіс және екі ұзына бойы келген тікбұрышты (екі нефті) ғибадат залы. Шағын михраб залдың артқы, батыс қабырғасының ортасында орналасқан, оның қапталдары бойынша екі терезе ойығы орнатылған.

Ғимараттың негізгі бөлігінің оңтүстік қабырғасына мешіт ауласы жағынан және барлық құрылыстың артқы (батыс) фасадынан кіретін жеке есіктері бар «Г» тәрізді төрт бөлмелер жалғастырыла салынған. Мешіт бөлмелерінің төбесіндегі жабындылар сақталмаған. Жалпы төртбұрышты жоспардағы бөлмелердің күмбез тәрізді жабындысы болғанға ұқсайды, бірақ арқалық-бөренелі құрылымдарды қолдану барысында оның үстіне қамыс төсеніштерді, шөп қабаттарын жауып, балшық құйып, үстін шикі кірпіштерді пайдалану арқылы күмбез түрінде безендіруі мүмкін, ал тікбұрышты ұзынынан созылған бөлмелер, оның ішінде ғибадат залының нефтері қорапты күмбезбен жабылған болса керек.

Жалпы алғанда ғимарат біршама аласа, қабырғалары қалың (орташа биіктігі 2,00 м жуық, қалыңдығы 0,80–1,20 м), ойықтары біршама төмен орнатылған. Кешеннің басқа да күрделі құрылыстары сияқты олар да іргетассыз тұрғызылған (аздап тапталған балшықты-топырақты негізде) және өңделмеген немесе алғашқы өңдеуден ғана өткен тас блоктар мен тақталардан балшық ерітіндісін қолдану арқылы жымдастырып салған. Бұдан басқа, кешен құрылымының қаландысына (қабырғаның жоғарғы жабынды бөлігіне, негізгі залдың тартпа аркаларына) шикі кірпіштерді де пайдаланған. Сонымен бірге ғибадат бөлмелерінің қабырғалары бастапқыда сыланып, әктелген. Бөлмелердің кіреберіс ойықтары мен құрылыстың батыс фасадындағы терезелердің маңдайшалары тақталармен жабылған. Мешіттің кейбір бөлмелерінде шағын нишалар орнатылған.

Негізгі ғимаратпен қызметтік байланыста орналасқан шығыс және солтүстік-шығысындағы әкімшілік-тұрғын үй сипатындағы көп бөлмелі құрылыстар шағын ауламен бірге (мешіт-мектеп) тұтас ансамбль құрайды. Ауланың шығыс бөлігінде негізгі құдық орналасқан. Тұрғын үй мен шаруашылық құрылыстарының тізбегі мешіттен солтүстікке қарай орналастырылған. Олардың көпшілігі айтарлықтай қатты бұзылған немесе үйіндіге айналған. Қоныста айналдыра таспен қоршалған жылы киіз үйлердің орнатылуы да мүмкін.

Қоныстан оңтүстік-шығысқа қарай орналасқан төменгі бейіттер сайдың оңтүстік беткейінде созылып жатыр, оны биік қалың шөптер басып кеткен. Бұл жердегі ескерткіштер негізінен тастан қаланған құрылыс нобайлары мен қоршаулары түрінде кездеседі, сонымен бірге тастан қашалып жасалған стела-құлпытастар (25-ке жуық), бірнеше «қойтастар» түріндегі қабір тастар мен сатыланып келген қабір үстіндегі тастар бар. Екінші, жоғарыдағы үлкен бейітте де тас қоршаулар, сонымен қатар бірнеше сағанатам (10-ға тарта) мен құлпытастар бар. Барлық мемориалдық құрылыстар XIX ғ. аяғы–ХХ ғ. басына жатады.

Деректер

  1. Аджигалиев С.И. Памятники Донызтау (Северный Устюрт) // Изв. НАН РК. Сер. обществ. наук. – 1994. – № 1. – С. 49–64.
  2. Ажигали С.Е. Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало-Каспийского региона). – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2002. – 654 с.
  3. Ажигали С.Е. Выдающиеся памятники архитектуры Актюбинской области: Фотовыставка. Научно-информационное издание. – Алматы – Актобе, 2015. – 52 с.
  4. Бейнеу. Тарихи-танымдық әңгімелер / Бас ред. Әзірханов Б. – Алматы: Информ-А, 2001. – 136 б. + 48 жапс. б.
Толығырақ

Суреттер


Кіру