Сүлікті культтік-тұрғын үй кешені

Сипаттамасы

Ескерткіш Ақтұмсық ауылынан 40 км оңтүстік-батыста, Үстірттің солтүстік жонының орталық бөлігіндегі (Доңызтау) Ащы айрық үлкен жырасынан 14 км солтүстік-шығыстағы Сүлiктi деп аталатын сайдың басында орналасқан (Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы). Сүлікті атауы (орыс тілінде жазылған баламасы жоқ) жергілікті су көздерінде көп кездесетін «сүлікпен» байланысты болса керек.

Культтік-тұрғын үй кешені 1840–1850 ж.ж. шөмішті-табын руының көктем мен күзде көшетін жолында малшылардың отыратын тұрақты қонысы ретінде пайда болған. XIX ғ. екінші жартысына жататын алғашқы мешіттің айналасында тұрғын үй және шаруашылық құрылыстар кешені, бірнеше шағын бейіттер қалыптасады. Мешітті тұрғызушы (құрылысты ұйымдастырушы) жергілікті дінбасыларының бірі, қарақойлы руынан тараған тоқал ру тармағының өкілі – Тұрмағанбет ақын («ақын» – білімді, мұсылманша «адам» деген мағынада). Мешіт, сондай-ақ Үстірттің осы жағындағы асудың аты бойынша «Шалдан мешіті» деп те аталады. Геоморфолог С.Н. Никитиннің мәліметі бойынша (XIX ғ. аяғы) Қоңыраттан Орынбор, Ойылға барар жолда жекелеген керуендер осы өткелді пайдаланған. Қоныс дінге қарсы күреске байланысты діни қызметкерлер қуғынға ұшыраған ұжымдастыру кезеңіне дейін (1920-шы ж.ж. аяғы – 1930-шы ж.ж. басы) белсенді жұмыс істеген, сосын діни қызметі біртіндеп әлсірей бастайды. Ескерткіш Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы мен оған іргелес жатқан аймақтардың басым бөлігіндегі халық арасында өте маңызды тарихи нысан болып табылады.

Сүлiктi кешені – сәулеттік-кеңістіктік жағынан қарағанда діни-ғұрыптық қызмет белгілері айқын көрініс тапқан кейінгі қазақ қонысының үлгісі болып табылатын және Солтүстік Үстірттегі ерекше типтегі әрі жақсы зерттелген ескерткіштердің бірі. Тарихи және этнографиялық ескерткіш ретінде сәулеттік ансамбльдің маңызы үлкен. Кешен өзінің алғашқы құрылымын бүтіндей сақтаған. Жергілікті, республикалық және халықаралық туризм нысаны ретінде болашағы зор. Жергілікті маңызы бар сәулет және қала құрылысы ескерткіші мәртебесіне ие.

Қоныс кең сайдың жоғарғы бөлігіндегі жонның ең шетінде (екі бейіт) және оның еңістеу етегіне жақын терассада (мешіті бар қоныс пен екі бейіт) орналасқан. Ол желден жеткілікті дәрежеде қалқаланған және жанында бұлақ бар. Кешеннің негізгі өзегінде көптеген (20-ға жуық) тұрғын үй, шаруашылық және қызметтік құрылыстары бар мешіт орналасқан. Мешіт кешенінің кең аркалы жақтау түрінде безендірілген салтанатты кіреберісі батысында, төменгі жағында орналасқан. Үлкен аула кешенді екі бөлікке: солтүстік – шаруашылық- тұрғын бөлмелер тобы және оңтүстік – ортасында мешіт орналасқан культтік-қызметтік ғимараттар тобына бөліп тұр. Құрылыс қабырғалары негізінен тегістелген ірі тас блоктардан, ішінара қам кірпіштен қаланған. Мешіттің өзі – аула жақтан да, батыс жақтағы қосымша құрылыстардан да кіретін есігі бар тікбұрышты жоспардағы ғимарат. Ішкі кеңістігі көлденеңінен қалқа қабырғалармен тең емес екі бөлікке бөлінген, олар өз кезегінде, төмен орналасқан арка және өзара байланысқан алты бөлмелі орталық пилонға бөлінген. Алдыңғы қабырғаларға терезелер орнатылған, олар да есіктер сияқты сына тәрізді блоктардан маңдайша жақтауланып орындалған. Ғимараттың алты бөлмесінің бәрі де шикі кірпіштен тұрғызылған бұрыштық өтпетоғыстарды пайдаланған, тартпалы арка жүйесіне негізделген радиал-сына құрылымды күмбезбен жабылған. Мешіт михрабы оңтүстік қабырғада орналасқан (батысқа қарай 20° ауытқыған). Құрылыстың ішкі беті (негізгі залы) сыланып, әктелген. Кей жерлерінде ою-өрнек элементтері, түрлі-түсті жазумен орындалған құран мәтіндері сақталған. Кешеннің оңтүстік-шығыс бұрышындағы қорапты күмбез қалдықтары бар екі тар тікбұрышты құрылыстан басқа мешіт аумағындағы құрылыста жабындылардың іздері сақталмаған. Кейбір шаруашылық құрылыстарының ашық қалдырылуы да мүмкін. Мешіт кешенінің солтүстігінде тікбұрышты жоспардағы бес бөлмелі тұрғын үйдің қабырғалары сақталған, сонымен бірге оған шаруашылық құрылыстары жалғасқан.

Сүлікті кешенінің қабірүсті құрылыстары ерекше қызығушылық тудырады, онда қашалған блоктардан және ұлутас тақталарынан тұрғызылған ерекше сағанатамдар тобы көзге түседі. Олар Доңызтауда жиі кездесетіндердің бірі: шамамен 15 құрылыс бар. 1306/1888–1889 ж.ж. салынған мықты келген қиғаш қабырғалары бар үлкен тапал сағанатам, сондай-ақ интерьерінде құлпытас және қырлы тәрізді «тұрпаттас» түріндегі қабіртасы бар өрнектелген сағанатам ерекше таңғалдырады. Архитектуралық пішіндерінің шағын түрлеріне тақтатастан салынған қарапайым қоршаулармен қатар, Солтүстік Үстірт (табын) дәстүрлеріне тән мемориалдық глиптика стиліндегі тастан қашалған көркем ескерткіштер (стела-құлпытастар, қабіртастар) түрі жатады. Әсіресе мұқият орындалған тегіс бедерлі эпитафиялар, өрнектеліп безендірілген ру таңбалары бар құлпытастар, қырынан қарағанда капительді еске түсіретін «қойтас» түріндегі сатылы қабіртастар және т.б. айтарлықтай көңіл аудартады.

Деректер

  1. Аджигалиев С.И. Памятники Донызтау (Северный Устюрт) // Изв. НАН РК. Сер. обществ. наук. – 1994. – № 1. – С. 49–64.
  2. Ажигали С.Е. Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало-Каспийского региона). – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2002. – 654 с.
  3. Ажигали С.Е. Выдающиеся памятники архитектуры Актюбинской области: Фотовыставка. Научно-информационное издание. – Алматы – Актобе, 2015. – 52 с.
  4. Никитин С.Н. Отчеты экспедиции 1892 г. в Зауральские степи Уральской области и Усть-Урт. – СПб.: Типогр. А. Якобсона, 1893. – [4], 115 с., 7 л. диагр., карт.
Толығырақ

Суреттер


Кіру