Тасастау ғибадатханалар тобы

Сипаттамасы

Дияр елді мекенінен оңтүстікке қарай 58 км жерде орналасқан (Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы). Қызылүйік ғибадатханасынан оңтүстік-батысқа қарай 8 км жерде, Тасастау шыңырау құдықтары аумағында орналасқан.

Сайдағы құдықтың солтүстік жағындағы террасаның шетіне орташа көлемдегі екі ғибадатхана тұрғызылған. Тасастау-1 ғибадатханасының диаметрі 7,45×6,5 м құрайды, сақталған қабырғаларының биіктігі – 0,8–1,0 м. Нысанды салмас бұрын аумағы 10–12 м, қалыңдығы 0,16 м топырақтан тұғырнама дайындалған. Құрылыстың қабырғалары 3-5 қатар өңделген ұлутас блоктардан қаланған. Құрылыстың ішкі құрылымы шығыстан батысқа қарай созыла орналасқан, оның өлшемдері – 2,8×1,8 м. Ғибадатхананың сырты сопақ, ал ішкі жағы тікбұрыш пішінді болып келген. Қабырғаларының ені – 2,4 м, оның ішкі жағы топырақ пен ұсақ тастармен толтырылған. Нысанның алғашқы биіктігі 1,5 м-ден кем болмаған. Ғибадатхананың оңтүстік жағынан ені 1 м келетін дәліз тәрізді кіретін орын бар. Кіру орны уақытша жабылған күйінде сақталған. Құрылыстың ішінде әртүрлі тереңдік пен әр бөлігінен малдың сүйектері мен түрлі жәдігерлер: қола айнаның сынығы, темір қанжар, үш қырлы қола жебенің ұштары, ақықтан жасалған көзді моншақтар, төрт қыш ыдыстың сынықтары және т.б. табылады.

Тасастау-2 ғибадатханасы Тасастау құдығынан солтүстікте 1,5 км жерде орналасқан. Ескерткіш үйіндісінің диаметрі – 23,9×24,2 м, сақталған қабырғаларының биіктігі – 2 м. Ғибадатхана шеңбер пішінді, сыртқы бетімен есептегендегі алғашқы диаметрі – 11 м. Құрылыстың ішкі аумағы – 3,63×3,4 м. Құрылыс екі сатылы құрылымды болса да, төбесін күмбезді етіп жабу белгілері анықталмады. Екінші саты қабырғасының қалыңдығы – 1,4 – 1,6 м. Дөңгелек қабырғасының сыртқы беті жақсы өңделген тақталармен қаланған. Кейбір тақталардың бетінде еңбек құралдарының (шапашот секілді) іздері сақталған. Құрылысқа оңтүстік жағынан тар дәліз – дромос арқылы кірген. Оның ұзындығы – 2,15–2,3 м, ені – 0,9–1,08 м, кіре берістің биіктігі – 1,2 м. Құрылымның ішкі жағындағы табалдырықтан екі тесікті темір сулық анықталса, сыртқы бетіндегі тас құландылар арасынан ортағасырлық сырлы қыш ыдыс сынықтары шыққан. Храмның ішінен, әр деңгейден адамның сүйектері, қыш ыдыстардың сынықтары мен жануарлардың сүйектері табылды. Құрылыстың ішіне кіргенде оң жақта, құрылымның тас қаландысынан 0,4 м тереңдіктен, шалқасынан жатқызылған, басы оңтүстік-батысқа қаратылған жас әйелдің жерлеу орны ашылған. Жерленген адамның оң жағынан үшке бөліне сынған қола айна, қара ақық пен ақ пастадан жасалған моншақтар мен темір біз анықталған. Жерлеу ғибадатхана қызметі тоқтағаннан кейін басталғанға ұқсайды. Ғибадатхана ұзынша сопақ пішінді келген. Ішкі бетіндегі тас қаландылар жақсы қиюластырылып, тығыз қаланған. Ғибадатхананың оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығысынан құрбандық шалу рәсімдері атқарылған тастардың бес шоғыры белгілі болады.

Ескерткіш ғибадатханалардың қарапайым түріне жатады. Оның Қызылүйік ғибадатханасынан айырмашылығы – тас мүсіндер мен төбе жабындысының болмауы. Бұл ғибадатханалардың іші мен оңтүстік жағында бір сыйыну рәсімдері анық атқарылған. Осы рәсімдерден кейін ғибадатханаға кірер дәліз тастармен уақытша жабылған. Ескерткіш жергілікті маңызы бар археологиялық, туристік нысан болып табылады.

Деректер

  1. Онгарулы А., Ольховский В.С., Астафьев А., Дарменов Р. Древние святилища Устюрта и Восточного Приаралья. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2017. – 320 с.
  2. Самашев З., Кушербаев К., Аманшаев Е., Астафьев А. Сокровища Устюрта и Манкыстау. – Алматы: Археология, 2007. – 400 с.
  3. Самашев З., Оңғар А., Оралбай Е., Қиясбек Ғ. Қызылүйік ғибадатханасы. – Алматы: Археология, 2011. – 200 б.
Толығырақ

Суреттер


Кіру