Төлеубұлақ үңгірі

Сипаттамасы

Жартас өнері ескерткіші. Тас ғасыры дәуірінің жартас суреттері Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Бұлақты ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 13 км жерде, Мұғалжар тауының етегіндегі Төлеубұлақ далалық тұрақтың маңында орналасқан.

Төлеубұлақ үңгіріндегі петроглифтердің киелілік маңыздылығы сол – Қазақстанның ең ежелгі жартас суреттері бар ғибадатханасы болып табылады.

Эолдық әрекет нәтижесінде кремнийлі құмтасты жартас қалдықтарында шағын үңгірлер қалыптасып, ежелгі адамдар оны сурет салу үшін табиғи киелі орындар ретінде пайдаланған.

Ембі-1, 2 үңгіріндегі петроглифтердің негізгі идеясы палеолит кезінен бастау алатын, ұзақ уақыт бойы сақталған өніп-өсу культімен байланысты. Тас дәуірінде тіршілік етудің ауыр жағдайы, тұрақты азық көзінің жоқтығы,туу мен өмір сүру ұзақтығының төмен деңгейі, адамзат популяциясы арасындағы жоғары өлім-жітім, ұрпақ жалғастырумен байланысты культ маңыздылығының артуына алып келді. Үңгірдегі петроглифтер абстрактылы бейне-лерге жатады және ер мен әйел бастауларының тұтастығы нышанын білдіреді. Табиғи баспананың тегіс беттеріне күнмен байланысты символдарды салуына және құрбандық шалған тостаған тәрізді ойықтарды қалдыруына қарағанда ежелгі адамдар тіршілікке жан беретін су және өніп-өсу культін атқарулары мүмкін.

Ескерткіш бірнеше нысаннан тұрады, ортаңғысы әуелгі кезден Ембі-1 үңгірі деп аталады. Ол төбенің батыс бөлігінде орналасқан, ауданы шамамен 20 м2, үңгірдің аузы оңтүстік жағында орналасқан.

Үңгірдің еңіс келген табанындағы жартас бетіне қашау, сирек жағдайда тегістеу әдістерімен салынған ежелгі суреттер үш топты құрайды. Бірінші, жоғарғы топ параллельді және субпараллельді қашалған сызықтар мен шағын терең емес ойықтардан тұрады. Екінші, ортаңғы топ фигура – фаллостық белгілер арқылы өткен екі сызықты тұйықталмаған сопақ пішіндерден тұрады. Үшінші, төменгі топ тостаған тәрізді ойықтардан (тереңдігі 6 см дейін және диаметрі 25 см дейін) тұрады. Барлық үш топ, ойықтар, қашалған сызықтар мен белгілер бір уақытқа жатады.

Ембі-1 үңгірінен 400 м солтүстікке қарай Ембі-2 шағын үңгірі орналасқан. Мұнда аңдық және антропоморфты бейнелер болмағанымен, сызықтық-геометриялық пішіндер мен тостаған тәрізді ойықтар басым. Ембі-2 үңгірінің петроглифтері композициялық жағынан Ембі-1 үңгірінің петроглифтерімен бірдей.

Осы тау жотасының солтүстік бөктерінде Ембі-2 үңгірінен 100 м батысқа қарай бөлек тас үйіндісінде кейінгі уақытқа жататын, қашау жолымен түсірілген бірнеше (түйе, жылқы, антропоморфты) бейнелер орналасқан.

Тостаған тәрізді ойықтар мен қашалған сызықтарға ұқсас бейнелерді зерттеушілер бір болжам бойынша мезолиттен ерте темір дәуіріне дейін, екіншісі бойынша энеолитпен мерзімделетін Солтүстік Азов маңындағы Каменная Могила үңгірінің материалдарынан байқаған.

Ескерткіштің өзі неолит дәуірімен мерзімделеді, бірақ одан ерте уақытпен де – кейінгі палеолиттен бастап мерзімделуі де мүмкін, өйткені Төлеубұлақ үңгірінің (Ембі-1) маңынан кейінгі палеолиттік тұрпаттағы тас бұйымдар көп кездеседі.

Қазіргі уақытта Төлеубұлақ үңгірі облыстық маңызы бар археология ескерткіші және ішкі туризм нысаны болып табылады.

Деректер

  1. Деревянко А.П., Петрин В.Т., Гладышев С.А., Таймагамбетов Ж.К., Ламин В.В., Искаков Г., Абсадык Ж. Открытие петроглифов в верховьях р. Эмба в Мугоджарских горах // Проблемы археологии, этнографии, антропологии Сибири и сопредельных территорий. – Новосибирск, 2001. – С. 100–103.
  2. Самашев З. Петроглифы Казахстана. – Алматы: Өнер, 2006. – 200 с.
  3. Самашев З. Наскальные изображения Казахстана // Кадырбаевские чтения – 2007: матер. Междунар. научн. конф. – Астана, 2007. – С. 165–185.
  4. Самашев З. Наскальные изображения Казахстана как исторический источник: автореф. дис. … докт. ист. наук. – Алматы, 2010. – 53 с.
  5. Сойкина Н.Ю. Живопись эпохи палеолита в системе культурных ценностей Евразии: автореф. дис. … канд. ист. наук. – Алматы, 2009. – 32 с.
Толығырақ

Суреттер


Кіру