Үлкен Жыбысқы культтік-тұрғын үй кешені
Сипаттамасы
Ақтұмсық ауылынан 23 км шығыс, солтүстік-шығыста орналасқан (Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы). Нысан Солтүстік Үстірт (Доңызтау) географиялық аймағына кіретін Шағырай жонындағы осылай аталатын ең ірі сайға орын тепкен.
Кешен 1830–1840 ж.ж. негізі қаланып, кеңестік ұжымдастырудың алғашқы кезеңіне дейін шөмішті-табын руынан тарайтын ажым руының Қаражон тармағының тұрақты қонысы ретінде (культтік қызмет мағынасында) қызмет етеді. Ескерткіштің, сондай-ақ «Нұржан-ишан» деген атауы да бар (топокарталарда осылай белгіленген). Мешітті салған (XIX ғ. екінші жартысы) Маман болып есептеледі; оның ұлдары: Жолман мен Сейітқұл осы және жақын жердегі Kiшi Жыбысқы мешіттерінің ишандары болған. Қорымда Маманның 1324/1906 ж. қайтыс болған тағы бір ұлы Қыдырдың құлпытасты кесенесі бар. Әбдіғали ишанның да қызметі Үлкен Жыбысқымен байланысты.
Байғанин ауданы мен соған жақын орналасқан аймақ тұрғындарының арасында кешен аса маңызды тарихи ескерткіш нысаны болып саналады. Қазақ руларының үлкен тобы шөмішті-табын руының тарихы мен мәдениетіне және Солтүстік Үстірт ишандарының діни ағартушылық қызметіне байланысты киелі ескерткіш деп есептеледі. 1960 ж. КСРО-ның Жем әскери полигонында Әуе шабуылына қарсы әскер құрылғанға дейін, Доңызтау ауданында ауыл тұрғындары (Ақтұмсық ауылы және т.б.) шашыраңқы қоныстанғандықтан, үлкен қорымы бар аталған кешенге де, Солтүстік Үстірттің осындай ескерткіштеріне де келушілер көп болды. Халықтың көпшілік бөлігін солтүстік, солтүстік-батыс өңірлерге көшіруге байланысты, нысанға келушілер негізінен мал шаруашылығымен айналысатындар болып қалды. Алайда Солтүстік Үстірттегі басқа да осындай ескерткіштер сияқты кешеннің тарихи-мәдени маңыздылығы жоғары болғандықтан, ол әлі күнге дейін халық жадында сақталып келеді.
Ескерткіш көшпенді қазақтардың ХІХ ғ. ортасынан бастап жартылай отырықшылыққа көшу ерекшеліктерін сипаттайтын Солтүстік Үстірттегі аса ірі культтік-тұрғын үй кешенінің бірі және көрнекті тарихи-мәдени, архитектуралық-ландшафты және этнографиялық ескерткіші болып табылады. Кешеннің нысандары Доңызтау мемориалдық-культтік архитектурасына тән дәстүрлі ерекшеліктерді айқын көрсетеді. Жергілікті маңызы бар сәулет және қала құрылысы ескерткіші мәртебесіне ие.
Үлкен Жыбысқы культтік-тұрғын үй кешені үлкен сайдың террасалары мен тік беткейлеріне жақсы орныққан мешіт пен үлкен қорымнан тұратын қоныс болып табылады. Ескерткіштердің бірінші бөлігі шағын топтармен сайдың оң (батыс) жағасындағы алаңдарға шашыраңқы орналасқан. Одан біршама жоғары құрылыс блоктарын жасаған іздер сақталған кесек тастардың кең белдеуі жатыр. Сайдың жағасына қарама-қарсы (батыс) беткейіне үлкен қорым орын тепкен.
Мешіт арнасы кеуіп қалған өзен бойында созылып жатқан күрделі құрылысты кешенді қамтиды. Бес бөлмеден тұратын оның негізгі (культтік) бөлігі жобасы бойынша қалыңдығы 1,5 м дейінгі мықты қабырғаларымен ерекшеленеді. Бас кіреберіс мешіттің батыс фасадына орналасқан және ол кейінгі уақыттарында іргелес тікбұрышты-созылыңқы бөлмеден қал қамен бөлінген негізгі ғибадат залына апарады. Оңтүстік қабырғаның ортасына михраб орналастырылған (сыртынан апсида түрінде). Орталық зал өтпе жолдар арқылы көршілес бөлмелер мен мешіттің ауласына жалғасады. Ескерткіштің қабырғалары қашалған ірі тас блоктардан, ал жоғарғы бөлігі саз балшықпен біріктірілген шикі кірпіштен қаланған. Ойықтары (есік) маңдайша тақталармен немесе трапеция пішіндес блоктардан тұратын садақ тәрізді аркалармен орындалған. Жоғарғы жабындысы сақталмаған. Мешіттен оңтүстік, оңтүстік-батыста жеке террассада орналасқан тікбұрышты тұрғын үй ғимараты қалдықтарының (қабырғалары) тас құрылымымен ортақ ұқсастықтары бар. Мешіттің солтүстік, солтүстік-батысындағы тұрғын жай құрылысы негізінен шикі кірпіштен салынғандықтан нашар сақталған.
Сайдың біршама тік шығыс беткейінде орналасқан «тау архитектурасы» белгілері бар үлкен қорым ерекше қызығушылық тудырады. Оған тән ерекшеліктер ескерткіштердің тығыздығы, алаңның өлшемдік жағдайы – жақын орналасқан құрылыстардың аз болмауы, қабырғаларының іргелес болуы және т.б. болып табылады. Негізінен бұлар – тас тақталардан қаланған кедір-бұдырлы қоршаулар. Композициялық орталығы шикі кірпіштен тұрғызылған күмбезшелері бар мұнара тәрізді мәнерлі кесене болып табылады. Сонымен қатар күйдірілген кірпіштен фасады мен интерьерін мәнерлеп қалаған сағанатамдар да қызықты. Қорымда көркем құлпытастар мен қабіртастар көп емес, бірақ олар өзінің түпнұсқалығымен және көне кескінімен ерекшеленеді. Шағын архитектурадағы үйлесімді ескерткіштер қатарына құлпытасы және «қойтас» қабіртасы бар саркофаг-сандықтастарды атауға болады.
Деректер
- Аджигалиев С.И. Памятники Донызтау (Северный Устюрт) // Изв. НАН РК. Сер. обществ. наук. – 1994. – № 1. – С. 49–64.
- Ажигали С.Е. Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало-Каспийского региона). – Алматы: НИЦ «Ғылым», 2002. – 654 с.
- Ажигали С.Е. Выдающиеся памятники архитектуры Актюбинской области: Фотовыставка. Научно-информационное издание. – Алматы – Актобе, 2015. – 52 с.
- Ескерткіш – ел тарихы [Путеводитель по памятникам]. Ақтөбе [Ақтөбе обл. тарихи-өлкетану музейі], 1992. – 142 б.